15 Қазан, 2016

Адамды қамау –оңай, ақтау – қиын

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Екі жылда екі рет сотталып, екі мәрте босатылған, бірақ қазіргі кезде қайтадан бұлтартпау шарасы ретінде «үйқамақта» отырған «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековтің жұбайы жақында редакциямызға келіп, айтып берді. Жолдасының қорғаушысы болып жүрген Күлзада Баймұратова күйеуінің үшінші рет қамалып кетпеуі үшін алаңдаушылығы барын жасырмады. Ол екі жылға созылған жағ­дай Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның прокуроры, генерал Иб­ра­һим Имановты жолдасының бұ­қаралық ақпарат құралдары бе­тін­де сынаған мақаласынан ке­­йін шиеленісіп кеткендігін ай­та­­ды. Соның салдарынан ол екі рет сотталып та үлгерген. Бі­рақ Сарыағаш аудандық соты­ның үкімін облыстық сот­тың апелля­­­циялық алқасы екі рет бұз­ған. Дей тұрғанмен, қар­сы жақ өз әрекеттерін әлі де тоқ­тат­па­ған­­­ды­ғын жұбайының қор­ғау­­шы­­­сы К.Баймұратова былайша түсін­діреді: «Ол істері нәтиже бер­меген соң күйеуімді дереу абақ­тыға қаматып, хат-хабар ал­ғызбады. Артынан ауладан шығар­май «үйқамақта» отыр­ғы­зып қылмыстық істі шикі күйін­де айыптау актісімен ҚПК-нің 314-бабының 1-бөлігінің тала­­бын бұзып, әдейі Сарыағаш ау­дан­дық сотына жолдаған». Ора­йы келгенде айта кету керек, атал­­ған аудандық сот үкім­дері бұ­ған дейін бұзылғандығына қара­мастан іс үшінші рет қайта көтерілген. Жақында Бас прокурор Жақып Асанов сот үкімдеріне не­гіз болған тергеушілердің заң­сыз қаулыларын бұзғызып, қайта тергеуге жіберген. Генерал мен журналистің арасына сызат түсуінің себебі неде? 2014 жылдың 5 ақпанындағы Сарыағаш ауданы әкімінің жыл­дық есебінде бюджет қаржысы­ның 90 миллион теңгесі заңсыз жаратылғаны айтылады. Сонымен қатар, мұғалімдердің Тамыз конференциясында аудандық білім бөлі­міндегі 2011-2013 жылдар ара­лығында «сатылған санаттар» салдарынан мемлекетімізге 1 мил­лиард теңге зиян келгені де жа­йып салынады. Алайда, аталған факті­лерге қатысты ешқандай да қылмыстық іс тіркелмеген. Есесіне 2014 жылдың күзінде осы заңсыздықтар туралы видеороликтер жарияланып кеткен. Содан кейін А.Батырбековтің Сарыағаш курорттық аймағындағы «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты құ­қы­ғын қалпына келтіру жайы қиын­­дай түскен. Журналист гене­ралдың бір азаматтық іс бойынша қарама-қайшы қорытынды бер­ген әрекетін әшкерелеп Бас про­­курорға шағымдануға мәж­бүр болады. Бұдан басқа, 2015 жыл­дың қаңтарында «Гене­ралға екі сөйлеуге бола ма немесе «Ай-Ғасыр» дауына қай ға­сыр­да нүкте қойылады?» атты ма­қала шығады. Не керек, «Ай-Ғасыр» қонақ үйінің дауына қатысты 5.02.2015 жылғы кассациялық сот алқасында облыс прокуроры қорытынды беріп, талапкердің арызын қанағат­тан­дырусыз қалдыруды сұраған. Алайда, Жоғарғы Сот сол прокура­тура­ның қорытындысына қара­май, талапкердің арызын қана­ғат­тандырып берген. Бірақ 2015 жылдың 12 қазанын­да Сарыағаш аудандық проку­рорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың айыптау шағымымен А.Батырбеков 1 жыл 6 айға бас бос­тандығынан айырылып, қамау­ға алынады. Заңның бұлжытпай орындалуын қадағалайтын прокурор Нұрлан Сапаровтың талап арызы бойынша қабылданған үкімді 29.01.2016 жылы облыстық соттың апелляциялық алқасы бұзып, жәбірленушіге ондай шағым­мен сотқа емес, ішкі істер департаментіне жүгіну қажет­тігін нұсқауы кім кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық. Күлейін деп күмілжуге тура келеді. Шағымның қайда және қалай жазылатынын білмесе, онда кімге не дегендей. Бұл рет­те Н.Сапаровтың шағымын қара­ған Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті оны Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне жолдаған. Білікті басшы, полковник О.Қабышев істің мән-жайын толық зерделеп барып «журналист Батырбеков­тің іс-әрекеттерінен құлағы­нан тартсан да қылмыс құрамы шық­пайды» деп істі облысқа қай­т­арып жіберіпті. Облыстық сот­тың апелляциялық алқасы  тіл­шіні ақтап шығады. Сонымен не керек, облыстық апелляциялық соттан ОҚО ІІД жолданған прокурор Н.Сапаровтың шағымы бойынша іс екі айдан аса жатып, 8.04.2016 жылы А.Батырбековтің үстінен қылмыстық кодекстің «про­курорға жала жабу» бо­йын­ша 411-бабының 2-бөлігімен тір­кел­ген №165100031000530 санды қыл­мыстық іске ұласып кетеді. Қорыта айтқанда, тілші кәсіп­керлікпен айналысамын деп жүріп жай лашық емес, құны 1 миллион доллар тұратын «Ай-Ғасыр» қонақ үйінен біреулердің ықтиярымен айырылады. Одан қалса қолында шарты бола тұра микроэксковатор қолды болып кетеді. Жергілікті прокуроры қай­да шағымданатынын білмесе, соттары дұрыс үкім шығар­маса, онда журналистің басын­дағы жағдай шынымен де өте ауыр күйінде қалатындағына көз жет­кізу қиын емес. Осыған орай тиіс­ті орындар аталған мәселеге ерекше назар аударады деген ойдамыз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»