Облыстық білім басқармасының хабарынша, бұл күндері өңірдегі колледж түлектерінің 72 пайызы жұмысқа орналасуда. Өйткені, өндірісті өңірде сөз жоқ, үлкенді-кішілі кәсіпорындар көп. Екіншіден, дуалды оқыту жүйесінің тиімділігі байқалуда. Сол сияқты, «Қазақстан алюминий» зауытына қарасты №7 лицейде де дуалды оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. Екібастұздағы, Ақсудағы кәсіпорындар қазір осы жаңашыл жүйенің нәтижелерін көруде.
Жалпы, кәсіби-техникалық мамандарды дайындауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінетіні белгілі. Бөлінген қаражатты жергілікті биліктегілер дұрыс игеріп, талапты жастарды оқытып, дуалды білім жүйесінің пайдасын көрсек дейді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елімізде «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 35 мыңға дейін жас маманды, оның ішінде, 18 мың кәсіптік-техникалық білімі бар маманды тарту жоспарланған. Елбасы Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге, «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан, бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді...» деген болатын.
Биыл, мысалы, 2014-2016 жылдары Павлодар мұнай-химия зауытында дуалды оқыту бағдарламасы бойынша өндірістік тәжірибеден өткен облыс орталығындағы Химия-механикалық колледжінің 35 студентінің 25-і кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылады. Зауыттың ақпараттық-байланыс бөлімінің хабарынша, кәсіпорында 2012 жылы бастау алған дуалды оқыту жобасы жаңа жүйе бойынша жолға түсті. Нәтижесінде 60-қа жуық түлек зауытқа жұмысқа орналасқан. Екі жылға жуық уақыт өндірістік тәжірибеден өткен колледж студенттері кәсіпорында «Мұнай мен газды өңдеу технологиясы» (18 адам) және «Мұнай өңдеу саласының құрал-жабдығына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу» (17 адам) мамандықтары бойынша білім алады. Зауыттың бағалау және дамыту секторының бастығы Людмила Пактың айтуынша, студенттер зауытта аптасына үш күн тәжірибе жинақтайды. Олардың әрқайсысы кәсіпорында 1800 сағаттан артық уақыт өткізді. Студенттерге 36 жоғары білікті мамандар бекітілген. Биыл да комиссия мүшелері әңгімелесу барысында және диплом жұмыстарын қорғаған кезде жақсы нәтиже көрсеткен 25 түлекті зауытқа жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылдапты.
Ал жалпы біз әңгімелеп отырған облыс орталығындағы Химия-механикалық колледж түлектерінің бұдан әрі қарай оқуларын жалғастыру үшін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті, И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде бакалавриат бағдарламасы негізінде мамандықтарға жыл сайын грант бөліп келеді. Бұл күндері колледж түлектері «Мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Кастинг» ПФ» ЖШС, «Каустик» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Нефтехим LTD» ЖШС сияқты жетекші кәсіпорындарда еңбек етуде.
Колледж директоры Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, колледжде 700-дей оқушы білім алады. Оқушыларға «Мұнай, газ өңдеу және химия өнеркәсібінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Химиялық қосылыстардың сапасын сараптамалық талдау», «Мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Автоматтандыру және басқару» мамандықтары бойынша Г.Конюхова, Т.Рудольф, С.Горбачева, Н.Құсайынова, Л.Русинович, И.Науменко, Б.Құрманалиев, В.Шиков, А.Назаренко, Е.Светличная сияқты тәжірибелі, білікті мамандар сабақ береді. Ал технопаркті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін зауыт 2 миллион 311 мың теңге қаражат бөліпті. Құралдар колледжге жалға берілді. Кәсіпорын химиялық зертхана мен шеберханаға әкелінген бұл құрылғылар мен құралдарды орнатып, құрып берді.
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз – оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар баулу. Яғни, болашақ маман өндірісте өз білімін іс-тәжірибе үстінде сынап көре алады. Жалпы, дуалды оқыту әдісі әлемдік тәжірибеде бар. Бұл әдіс Германия, Австрия, Дания, Нидерланд, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде жақсы жүзеге асуда. Мысалы, Германияда кәсіптік мектеп оқушысы бір аптаның 3,5 күнінде өндірісте, ал қалған 1,5 күнінде оқу орындарында теориялық білім алатын көрінеді. Дуалды оқыту – уақыт талабы. Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың басты мақсаты – қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес дуалды жүйені жаңғырта отырып, әлемдік білім беру кеңістігіне ену.
Айталық, Химия-механикалық колледжде «Өндірістік оқыту жағдайында оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту» тақырыбында көшпелі тәжірибелік сабақтар өтеді. Курс тыңдаушылары колледждің материалдық-техникалық базасымен танысуға мүмкіндік алады. Дуалды оқытуға әлеуметтік серіктестікті тарту, нарықтық сұраныстарға сәйкес жаңа мамандықтарды ашу мен игеру, мемлекеттік гранттарды ұтып алудың өзекті мәселелері бойынша өзара пікір алмасқан тәжірибелік сабақтың қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар жасалғанын айтуға болады. Ал біз жазып отырған колледж студенттері «Мұнай, газ өңдеу және химия өнеркәсібінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы» мамандықтары бойынша білім алуда. Сабақтар екі тілде жүргізіледі. Өндірістегі оқу-тәжірибелерін бітірген соң түлектер өңірдегі өндірістік кәсіпорындарға бірден жұмысқа орналасады.
Колледж директоры Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, Ресейдің Омбы, Том, Новосібір техникалық білім беретін жоғары оқу орындарымен байланыстары жалғасуда. Колледж түлектері сол жақтарда білім алуда. Дуалды жүйе жастар үшін тиімді. Кәсіби білім алуға мол мүмкіндік.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР