Кеңшілік ақын – соғыстан соң туған ұрпақ өкілі. Оның шығармашылығы – өзі өмір сүрген уақыттың қасіреті мен қайғысы, қуанышы мен шаттығы.
Тарлан ақын су жорғадай тайпалған шағында таскөз тағдырдың оғы тиіп көзден кетсе де, көңілде қалыпты, мәңгілік ғұмырының басталғанына да жылдардың жүзі ауыпты.
...Көп менің жүрген жолдарым
Кеңістік көк іздеп, кербез көл іздеп.
Мен – қарлығаш!
Қайда ұшпадым, қайда қонбадым.
Бауырыма басқан балапан
Талмайтын жем іздеп...
Ақынның қарлығаш жыры кеңістік көгінде шарқ ұрып, кербез көлдің айдынында жүзгелі қашан. Ол көл де, кеңістік те қазақтың қара өлеңінен қасиет, кие таныған қаракөздердің патша көңілінде.
Кеңшілік поэзиясында сырмақтың оюы, текеметтің түріндей соны өрнек, қанық бояу көп. Сонау 1972 жылы жарық көрген «Іңкәр дүние» атты тұңғыш жыр жинағымен-ақ елін елеңдеткен ерен ақынның ізгілік, тазалық, адалдық атаулыға іңкәр жүрегінің лүпілін сезбеу мүмкін емес еді. Әсіресе, «Анар» деп аталатын өлең алғаусыз айтар сырымен, табиғи тұтастығымен сезімнің сері пернелерін тап басып, жаныңды бірде күйдіріп, бірде ысыта алатын қазақы өлең, аймаңдай жыр.
Бар ма екен сенің есіңде,
Балқаймақ күндер шайқаусыз.
Бұлтиып бір зат төсіңде,
Булығып өсті байқаусыз.
Осылай басталатын өлең тілге де, ой-сезімге де селкеу түсірмей ғажап орындалған. Небір тосын теңеу ұлттық бояумен астасып, өлеңнің бағын жандырып, сөздің ажарын ашқан. Әр жолын оқыған сайын ақынның тіл шұрайына сонша жетіктігіне, сөз қолданыстағы ерекшеліктеріне тәнті боласың. Бұл – оның кез келген өлеңіне шырай кіргізіп, рең берер қасиеттер.
Осы өлеңдегі:
Құрақтай қаулап қолаң шаш...
...томардан түскен шоққа ұқсап
Томсарып көзің жанғанда....
...Екінді құлап еңкуге,
Елгезек самал елпілдеп...
...Көденің түбі қараңдап,
Кіреуке тартты нарт іңір.
Жалқы аяқ, жалқын талаурап
Жуасып жатты жалқы қыр...
Санаңа бірден кірігіп кететін сәтті теңеу, тәтті жолдар өлең сөздің бекзат болмысын айқындайды. «Томардан түскен шоққа ұқсап көзің жанды» деген жалғыз жолдың өзі қай-қайдағыңды қозғап, сонау алыста... тым алыста қалған бал дәуреніңді көз алдыңа әкеліп, сағыныш сазы болып сарнайды екен. Томардан түскен шоқтың жел үрлегенде жайнап жанғанын, екіндінің еңкуге құлаған кезін, нарт іңір кіреуке тартқанда көденің түбі қараңдағанын көзбен көріп, көңілге түйіп, киіз туырлықты үйде өскен қыр баласымыз. Мәселе онда емес, мәселе осы суреттерді Кеңшілікше көре білуде.
Сол өлеңді:
Одан соң қанша жыл өтті,
Ауылыңа талай бардым да,
Сәбиіңді көрдім алдыңда.
Аңқитып төсіңді иітіп
Разы боп сонда отырдың,
Айымыз басқа тағдырға, –
деп түйеді ақын. Қыз төсінде «булығып өскен байқаусыз бір зат» жылдар жылжыған соң Ананың төсі болып иіп тұрған бақытты кезді көресің.
Осы санатта «Шалғында», «Апа, сен ерте қартайма», тағы басқа өлеңдерді айтуға болар еді. Мұның бәрі ақынның алғашқы жыр жинағына енген дүниелер. Бұдан Кеңшіліктің қазақтың қасиетті жырына шәкірт боп имене енбей, бірден өз сөзін айтып, өз әлемін аша келгенін пайымдаймыз. Жалпы, Кеңшілік Мырзабеков шығармашылығы – байыпты да байсалды мінезді, зерделеп, зерттеп оқуды қажет ететін құбылыс.
Табиғаты кестелі тілінің сонша жақындығынан болар, Кеңшілік ақынның өлеңі санаңа сәуле сіміртіп, сұлу саз, әдемі ырғағымен жаныңды тербейді. Әуезді үндестік әр дыбыспен үйлесім тауып, әсем ән тыңдағандай әсер етеді.
Түбіт бөкебай,
Тартқан ботам-ай,
Өзің ботадай,
Көзің боталай
Маған қараушы ең,
Мейірім нұрына
Шөлдеп қаталай...
Түбіт бөкебай,
Түсті-ау басыңнан.
Дәурен ботадай
Ұшты-ау басыңнан.
Кеттің жат жұртқа
Құшты-ау қосылған.
Сен де алыстап,
Мен де алыстап,
Құштар басылған...
Сезімді аялар аяулы жыр. Екі-үш шумақ жырға өкініш, сағыныш, мұң сияқты адам жанындағы асыл қасиеті, киелі сезімдердің барлығы сыйып кеткен. Сол асылдардың бәрі түбіт бөкебайға оранып тұрғандай әсер аласың. Әдебиет теориясында аллитерация, ассонанс деп аталатын үндестік пен үйлесім – ақын жырларына тән қасиеттердің бір қыры.
Ақын өлеңдеріндегі ақпа-төкпелік өлең табиғатының тамырын тереңнен тартады.
Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі,
Екі ши өсті ме екен түбірлері.
Егілтіп егде қырды жатыр ма екен,
Етене ескі мекен іңірлері...
Немесе:
Көнбей-ақ желдің иіне,
Қонбай-ақ жапан түздерге.
Ұшайық, байтақ дүние
Жеткізер болса біздерге...
Тағы бір жырдан үзінді:
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман.
Сенде де болды бір арман
Ащы ішек болып шұбалған,
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде,
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде,
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан...
Кеңшілік поэзиясының келісті керімсалы ояу көкіректерді әлі талай желпиді. Жоғарыдағы жолдардан жыр жүректің лүпілі дүниенің дүбірі мен дүріліне ұласып, сағыныштың сырлы ырғағы болып сыңсып, арманыңның айдынында аққулар ән салғандай арда бір күйге кенелерің ақиқат.
Жырларынан ақынның мұңын танып, сырын тыңдайсың. Ол мұң шынайылығыңа шырай кіргізер, санаңа серік, сезіміңе серт болар ұлы қасиеттерден құралып, махаббат тілінде сөйлейді, өлеңдегі өміршең өрнектердің өлмес ғұмыр кешеріне сенесің. Сене отырып, «ақыл айтқыш ақындар», тақылдаған тақпақ пен ұйқы шақырар ұйқастардың жанкүйерлерді жалықтыра бастағанын мойындамасқа лаж қалмайды. Ал Кеңшілік ақын жырларының шеберлікпен сомдалған табиғи болмысы шыңыраудан шыққандай шыншылдығымен арбай бермек.
Ақын – қашанда ел рухының шырақшысы, өзі өмір сүрген уақыт жүрегінің кардиограммасы. Солай десек те, ақын шығармашылығы ұраншылдық пен марапат, мадақ жырлардан ада. Бұл қасиет талант тазалығын айқындап, оны талайлардан оқ бойы оқшаулап көрсететіндей. Тасмаңдай тағдырдың таразысы ақын сөзінің салмағын сонысымен арттырып тұрған шығар.
Ыңғай да ыңғай, ыңғай ән,
Сусыған қызыл құмдай ән.
Сағынған кезде сарғайып,
Бойыңды басқан мұндай ән.
Бұйырған белдің шөбіндей,
Бұйырған пәлең мың бояу.
Бұйығы көңіл еміндей
Булыққан сезім жүрді ояу...
Жыр да, сыр да, мұң да киелі бір нұрға шомылып алғандай. Ақын шеберлігі арқылы өмірдің мың сан бояуы мен құбылыстары өлең болып өрекпи төгіледі. «Булыққан сезімнің ояулығы» сол өлең өмірінің ұзақтығына кепіл. Кеңшілік ақын – соғыстан соң туған ұрпақ өкілі. Өзі өмір сүрген уақыттың қасіреті мен қайғысы, мұңы мен шері оның өлеңдері мен балладаларында бояуы қанық суреттерімен, сол кездің өрнегін өріп, нәшін айқындар динамикасымен, жан-жүйеңді додаға салар драматизмімен тұтас бір әлемді көз алдыңа әкелер уақыттың қан тамырының бүлкілі.
Осындай орамды ойға жетелер дүниелердің санатында жинақтағы «Төлеутайдың төрт қызы», «Көшу», «Жолда», «Әубәкір туралы элегия», «Боз бие немесе тың көтерілген жыл», «Ақ көйлек» сияқты жұлдызды жырларын атар едім. Бұл өлең, балладаларының қай-қайсысында да тұтас бір буынның тағдыры бар, санаңа қорғасындай жүк артар салмағы бар, жамиғатқа айтар Кеңшілік ақынға тән мінез, ширыққан сезім, шымыр ойдың қоспасы секілді таланттың жемісі мәуелеп тұр. «Төлеутайдың төрт қызының» жемісі – соғыстан соңғы қазақ ауылының кез келгенінде кездесетін картина. Отырып қалған төрт қыздың тағдыры, майдан кешіп келген Төкеңнің характері арқылы өрілетін өлең сол жылдардың тыныс-тіршілігімен қоса, бейнетқор қазақ ауылының қарекет, тірлігін көз алдыңнан өткізеді. Төлеутайдың қыздары бірінен соң бірі майданнан «жарымжан» боп оралған азаматтарға «қашып» кетіп жатады. Алғашқы қызы кеткенде «сүйегіне таңба салған шолақ немені жалғыз оқпен жусатпақ» ниеттегі Төкең құс мылтығын алып тұра жүгіреді. «Ауыл сыртқы Ақсай жаққа жүгірді, бүкіл ауыл жүгірді оның соңынан...». Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы. Төкеңе басу айтқан ел-жұртпен бірге сен де күйзелесің, соғыс атаулыға лағнет айтасың. Ақ пен қараның, күнгей мен көлеңкенің алмасқаны сияқты, қайғы мен қуаныш поэзияның параллель сызықтары арқылы санаңа сәуле себеді.
...Келер жылы күйеуімен келді Ұлдай,
Қолдарында ұлдары бар балғындай.
«Сүйегіне таңба салған» қызының
Сүйіп ұлын Төкең мейірін қандырды-ай.
Талай ақтабан-шұбырындыны бастан кешкен біздің халық осылай өсіп-өнген. Қазақ үшін үрім-бұтағының жапырақ жайғанынан үлкен бақыт жоқ. Тарихтағы кез келген қателік қыршындардың қаны боп ағып, қара орман елдің көз жасы боп тамады. «Төлеутайдың төрт қызы» қарапайым ғана жыр болып көрінгенімен, осындай ойдың орманына сүңгітеді екен.
«Боз бие немесе тың көтерілген жыл» – көтерер жүгі аса ауыр, бүгін тоқырау жылдары деп атап жүрген кезеңнің көзіне сол кездің өзінде топырақ шашқан жыр. Партияның тың игеру секілді жасалған саяси науқанының астарында тұтас бір халықтың қасірет-қайғысы барлығын меңзейтін шығарма бұл. Ол «Боз бие» арқылы беріліп, керемет көркемдік шешім тапқан. Кеңшілік поэзиясы жайлы әңгіме қозғалғанда, кім-кімнің де осы жырға соқпай кетпейтінінің сыры сонда болса керек.
Нағашы ауылымның арасы
бізден бір-ақ қыр,
Қозы, лағымыз қосылған
шүйгін қырат бұл.
Тың жыртқан жылы төбенің
түбіт көдесін
тарап әкетті тарақ
табанды трактор, –
деп басталатын өлең «қырдың көдесін бір мезгіл қажап келмесе иімейтін» жануардың жасанды жасыл алқапты жат көріп, көденің ащы дәмін аңсайтыны жайлы психологиялық жыр. Боз биеге көденің ащы дәмін іздеткен ақын сол арқылы ащы шындықтың бетін айқара ашады.
Түн құшағында түнеріп
жатты байтақ қыр,
Боз бие басын сүлесоқ қана
шайқап тұр.
Астары мынау аударылып
қалған тың жерге
Ащы көденің шықпай
қалғанын байқап тұр...
Тың емес, «көде шықпай қалған, астары аударылып қалған жер». Империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде бұлай айту үшін ақын болудың өзі аз сияқты көрінері рас.
Осы өлең туралы ақынның өзі өмірінің соңғы кезінде жазылған естелігінде былай дейді: «...Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып,әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Боз бие немесе тың жыртқан жыл» деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп, 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең-әрең шығардым.
Ал қазір Тыңның экологиясы туралы айтып жатырмыз.
...Сол проблеманы жиырма жыл бұрын бала ақын кезімде жазыппын. Бірақ дер кезінде бастыра алмадым. Міне, әдебиеттегі тоқырау деген осы».
Ақын естелігіндегі осы жолдарды оқығанда қазақ қоғамы тоқырау жылдарына ескерткіш қоятын болса, астына өлеңнің жоғарыдағы келтірілген соңғы шумағын жазып, көздері боталап қырдың кермек көдесін аңсаған боз биені бейнелесе, шіркін, деген ой ұшқыны жылт етті. «Боз бие», сөз жоқ, азаматтық мушкадағы болмысы бөлек, дүлдүл дүние.
Ақынның «Сарыөзек сағыныш», «ФЗО-ға кеткен жеңешем» «Біржан сал, Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп» секілді поэмалары шоқтығы биік дүниелер.
Бұл шығармалардан ақынның аламанда қолтығын сөге шабатын жүйріктей эпикалық кең құлашын аңғарар едік. Ол кібіртіксіз еркін көсіледі. Оқиға желісін ширықтырып, баяндау мәнерін шымыр сомдай алады. Ақын поэмаларындағы Біржан, Иманжүсіп образдары ақиқатына сендірер, рухы биік, жұлдызы жоғары сомдалған.
Базары жәрмеңкеңнің әнге айналып,
Жан-жақтан Біржанды іздеп,
жауды-ай халық.
Атағын Қояндының осы күзде
Әкетті Біржан әні шалғайға алып.
Екі ғасыр өларасындағы дақпырты атшаптырымнан алысқа кеткен Қоянды жәрмеңкесінің дүбір-дүрмегін көз алдыңа келтіре жырлаған ақын Біржан сал бейнесі арқылы өшпес өнердің құдіреті мен мәңгілігін айқара ашып көрсетті.
«Иманжүсіп» поэмасы – тақырыптық жағынан үлкен жүк көтеріп тұрған, өрлік пен ерліктің ескерткіші секілді, шоқтығы биік туынды. Тас түрмеге таққа бола түспеген, «ешқашан да аққа қара жақпаған, жәбір жасап жоққа жала жаппаған» ақын образы айшықты тіл, тартысқа толы оқиғалардың өрілуі арқылы көркем шешім тапқан.
...Басына салдым бүркіт,
алдым түлкі,
Қыран ба?..
Құс болғанмен әркімдікі.
Талайлар айып-жала жапқанымен
Кісенін сала алмады тағдыр-құлпы.
...Өкілі сегіз болыс, жүз қаралы,
Төре би, төрде отырған сызданады.
Сескенбей ештеңеден Иманжүсіп
Сотта тұр –
Қараөткелдің мұзбалағы.
Азаттық аңсаған ақынның өжет болмысы, жан сарайындағы қақтығыстар шығарманың өн бойында сәтті өріліп, сол заманның қан-тамырымен бірге соғып тұр.
Қазақ өлеңі туралы сөз болғанда Кеңшілік Мырзабеков есімі аталмай қалмақ емес.
Оның шығармаларынан тек өзіне ғана тән мінезді көресің. Кеңшілік жыры – талайлы да тағдырлы жыр.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары