20 Қазан, 2016

Тектілікке тағзым

510 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәңгілік елдің мәңгілік көшінде халықтың көнермейтін жады тарих дөңгелегі  мың сан айналып, шиырлап жол салғанда соның соқтықпалы-соқпақты  тұстарын жандарын ауырта, жүректеріне салмағын түсіре сақтайды. Кейде дұшпанның атқан оғынан, енді бірде қапияда айырылған боздақтарын еске алып, қайта жанбайтын ошақ отының қоламтасын өшіріп алмау үшін көкіректерінде аялап, оны өкпек желдің өтіне түсірмеуге, нөсер жауынның астында қалдырмауға тырысады. Сөйтіп, санадағы сарғайған сағыныштарының ұрпақтар жадына жатталуы жолында жандарын салады. Торғайда тағылымды ша­ра өтті. Ақын Айбек Қалиев шараны өткізердегі арнауында «Торғайдың бойындағы қа­лың қазақ, Қошқардың қос ұлы­на қарыздармыз» дегеніндей тарихта Шақшақ Жәнібек батыр атымен белгілі, Қошқардың балалары – Тұрлығұл, Жәнібек, Тінібек еске алынып, үлкен ұлы Тұрлығұлға және оның саяси-қуғын сүргін құрбаны болған, 1941-45 жылдары соғыстан қайтпай, сүйектері қай жерде қалғаны белгісіз 70-ке тарта ұрпағының аттары жазылған белгі Торғай зиратының аумағына қойылды. Тінібек 17 жасында үйленіп отау құрмай тұрып қатарынан екі рет жаумен жекпе-жекке шығып, үшінші ұрыста мерт болған, жаужүрек ұлан екен дейді шежіре. Жәнібектің қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, шатқаяқтап қақырайғанды иілітіп, бітімге әкелген көсем болғаны белгілі. Ал үлкен ағасы – Тұрлығұл болса, Бұқардан дін оқуын тәмамдап, Торғай уәләятына білім ұры­ғын сепкен, тарихшы ғалым Ирина Ерофеева айтқандай, «Інісі Жәнібектің қолдаушысы ғана емес, қиын жерлерге барып, елдік сөзді Жәнібектің атынан айтқанда мүдірмеген, батырдың ең сенімді серігі, арқа тұтар ағасы, сүйенері болған жан». Өткенге тағзым етіл­ген ша­­ра­­ның аясында Жангел­дин ау­дан­дық мәдениет үйін­­де тарих­шы­-­ғалым Ирина Ерофеева­­­­ның Шақ­­шақ Жәнібек батыр жайын­­да жазған көлемді еңбегі «Между все­ми старшинами знатнейший» кітабының тұсаукесері болды. «Кітаптың негізгі тұсаукесері Алматыда өткенімен Торғайда, батырдың туған жерінде, оның ұрпақтарының алдында кітапты таныстыру бір мәртебе. Батырға қатысты деректерді қазып, осы зерттеу еңбекті жазғанда кітаптың атын қоюға қиналған жоқпын. Орыс тарихында Орынбор губер­ниясының Бірінші Петрі атанған генерал-губернатор Неплюе­евтің Шақшақ Жәнібек батырға бір емес бірнеше рет берген бағасы «мені қой» деп өздігінен сұранып тұрды. Ол шынында да сондай тұлға. Жәнібек тек Торғай жұрты үшін ғана емес, барша қазаққа ортақ, оның тарихына жазылатын батыр», – десе, жазушы, көне тарихымызды қотарып, бүгінге жеткізуші тарихшы Қойшығара Салғараұлы: «О баста қазақ деген халық қайдан шықты, басынан нені өткерді, нені кешті дегенмен көне тарихқа бір кіріп кеттім де содан шыға алмай, Жәкеңнің рухының алдында өзімді кінәлі сезініп жү­ре­мін. Шынында Шақшақ Жәнібек есімі қандай ардақтауға да тұрарлық, тарихи құжаттарда еңбегі нақты көрсетілген тұлға. Ал бүгінгі іс-шараның Жәнібек батырға, елі үшін құрбан болған оның жауынгер інісі Тінібекке, Торғай ұстаздарының ең бастауында тұрған, мәмілегерлігімен, шешендігімен Жәнібек інісінің сенімді серігі болған Тұрлығұлға арналуының өзіндік тәлімі бар дүние», десе өлкетанушы Орекен Алматов: «Қошқарұлы Тұрлығұл мен оның ұрпақтары бұл өлкенің өнер-білімінің дамуына, өлкенің ғана емес, тұтас халқымыздың осы реттегі өсуінде ізі жатқан та­­лай тұлғаны бергендігімен ерек­ше­ленеді. Қазақ баласы қолына қыл­қалам ұстамаған тұста су­рылып шыққан Қазақстанның ха­лық суретшісі Молдахмет Кен­баев, ақын Қайнекей Жармағамбе­тов, әкелі-балалы Әбіқай ақын мен Ахметхан, Торғайдың дін жә­не ағарту саласындағы айтулы тұлғалар – Науан хазірет, дәмолла Қанапия, Әлмұхамбет Ос­панов, бокс өнерінің қос тарла­ны ағайынды – Махмұт пен Мақ­сұт Омаровтар, 1934 жы­лы Алматы қаласында жасақтал­ған алғашқы қазақ полкінің коман­ди­рі Қоғабай Жоламанов және көп­те­­ген ғалымдар мен сазгерлер, ақын­дар, журналистер, өнер адамдарын т.с.с. айтулы тұлғаларды бер­ген тек­ті ата балалары көпке үлгі бо­лар­­лықтай іс атқарып, кешегі ел басына түскен ауыртпалықта денелері қайда қалғаны белгісіз, шаңырағына қосылып шаттыққа кенеле алмаған боздақтарға туған жерлерінде белгі орнатты. Мұсылман баласына артынан жететін құран шарапаты енді бұ­дан былай Торғай зиратының шетіндегі белгіде есімдері тасқа қашалған аруақтарға тиетін болады. Мұндай әрі сауапты, әрі үлгілі істі ел болып қолдасақ, кәні», деген. Шара соңынан аруақтарға арнайы құран бағышталып, ас берілді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»