20 Қазан, 2016

Диқан өз өнімін кімге сататынын білуі керек

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
img_8703Шелек фермерлері агробизнестің тиімді екенін дәлелдей бастады Осыдан бірнеше жыл бұрын «Шелек фермерлері» қанатқақты жобасы қолға алынған кезде, бұл бастаманың баянды болатынына сенім арта қойғандар аз еді. Айналасы үш жылдың ішінде аталмыш жоба өзін өзі ақтап қана қоймай, агробизнеспен айналысуға шындап кіріскен Алматы облысының фермерлеріне табыс әкеле бастады. Мұндағы шаруақор адамдар көкөністердің түсімін арттырып, сұрыптарын көбейтіп қана қоймай, логистиканың да қыр-сырын меңгеріп отыр. Ендігі жерде осындай агрожоба еліміздің басқа аймақтарында жалғаса ма деген де сұрақ бар. Осы мәселеге орай апта басында Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында Шелектен келген фермерлер мен жоба серіктестері БАҚ өкілдерімен кездесті. Мәселен, биыл да «Шелек фермерлері» жобасы 20 жеке кәсіпкердің басын біріктіріп, олар өз бизнесін дамыту үшін грант алған болатын. Осы арада қанатқақты жобаға «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясы» ЖШС демеушілік танытып отырғанын айту керек. Және жобаға АҚШ-тың Флорида университетінің ғалымдары тартылғанынан хабардар едік. «Шелек фермерлері» жобасына қатысушылар тек биылдың өзінде Алматы қаласындағы дүкен сөрелеріне 141 тоннадан астам өнімін жеткізген. Атап айтқанда, «Арзан» дүкендер желісінде тәтті, ащы бұрыштың 46,2 тоннасы, қызанақтың 35,2 тоннасы, қиярдың 25,1 тоннасы және баялдының 26,9 тоннасы сатылған. Қалалық жәрмеңкелер арқылы қызанақтың 3 тоннасы, қиярдың жарты тоннасы, бұрыштың 2,5 тоннасы және баялдының 0,8 тоннасы өткізілген. Бұл – табыстың басы ғана. Осы арада бір маңызды жайттан аттап өтуге болмайды. Мәселен, тамыз айына қарай фермерлердің де, жеке адамдардың да бақшаларындағы көкөністер жағаласып пісетіндіктен, фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай, тауар бағасы құлдырап, пайда табудың орнына шығынға батып жатады. Ал бұл бастаманың артықшылығы сонда, жобаға қатысушылар өнімді маусым айынан бастап алып, қарашаға дейін үзбеудің әдістерін меңгеріп отыр. Агробизнестің, логистиканың қыр-сырына бейімдейтін курстардан өткен. Бұл туралы баспасөз мәслихатында «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясы ЖШС сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушысы Айдос Смайылов: – Үш жыл бұрын біз Алматы облы­сындағы шағын фермерлік шаруашы­лық­тарға жәрдем көрсетіп, олар инновациялық технологиялар мен бизнес-жоспарлауды қолдана отырып, жетістікке жетсін деген ниетпен «Шелек фермерлері» жобасын құрған болатынбыз. Жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді, енді біз көшет егуден бастап, дайын өнімді өткізуге дейінгі бүкіл тәжірибе Алматы облысында ғана емес, сонымен бірге, әрі қарай бүкіл Қазақстан аумағында қолданылуы үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен жобаны басқа да аймақтарға таратуды жоспарлап отырмыз, – деді. Биыл фермерлер көкөністердің өнімділігін арттыру үшін эксперименталдық алаңдарда тұқым сұрыптары сыналып, сондай-ақ, Флорида университеті кеңес беруші профессорларының ұсынған әдіс­тері бойынша көкөністер өсіріліп, оларға күтім жасалған. Ғылыми ұсыныстар Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалым­дары­ның мақұлдауынан өтіп, еліміздің нақты жағдайлары мен климатына бейім­дендірілген. – Шынында да, көкөніс өсірудің жаңа әдістері өнімділік көлемін 25-30 пайызға артып, көкөністердің сыртқы сапалары да айтарлықтай жақсара түсті, тұтынушылар өнімді сатып алар кезде осыған да үлкен мән беретіні белгілі, – дейді Шелек фермерлері. Биыл санамалық егіс алаңдарында жұмыс істеген Флорида университетінің көкөніс шаруашылығы жөніндегі кеңес берушісі Стюарт Суонсон үстіміздегі жылы фермерлер өз өнімдерінің түрлерін кеңейтіп, дәстүрлі қызанақтар мен бұрышқа қоса, баял­ды мен қиярды өсіргенін айтып отыр. – Алдымен фермерлермен ойласып алып, өнімділігі жоғары қияр мен бұрыштың жаңа сұрыптарын отырғыздық. Өз тарапымнан диқандарға көшеттерде өз мезгілінен ерте, кей сұрыптарын кеш отырғызуға кеңес бердім. Сонда өнім жыл соңына дейін үзілмейді. Жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін алты түрлі тәжірибелік әдіспен жұмыс істедік, – дейді Стюарт Суонсон. Не десек те, Шелек фермерлері көкөністердің келешегі бар сұрыптарын, тыңайтқыштарды дұрыс таңдауды, бақша өнімдерін тамшылатып суаруды үйренді. Оның үстіне, бұл өңірдегі жастар да жаңа агротехнологияларды, көкөніс өсірудің пайдалы әдістерін көріп отыр. Бұл арада фермерлерге агротехника ғана емес, көкөністердің тұқымдарын беріп отырған Рик Цван сияқты серіктестер бар. Көкөністерді қаптап, қораптауға «Қазақстан қағазы» да жауапкершілікпен келіп отыр. – Шелек фермерлері» жобасының арқасында мен көкөністерді өсірудің және оларға күтім жасаудың жаңа технологиялары туралы біліп қана қоймай, сонымен бірге, өнімді қалай жоспарлау қажет, көбірек пайда түсіру үшін өз ісіңе қалай нағыз биз­нес ретінде қарау керектігі жөнінде ақпа­рат­қа қанық болдым. Біз үшін бұл өте маңызды тәжірибе, – дейді фермер Шухрат Хелилов. Осы арада тағы бір мәселе бар. Диқандар піскен көкөністерді қайда өткізеді? – Біз екі жылдан бері «Шелек фер­мер­лерімен» жұмыс жасап келеміз, жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Биыл «Шелек фермерлері» өз өнімдерінің түрлерін кеңейтіп, жеткізілетін тауар көлемін ұлғайт­ты. Нәтижесінде біз екі айдың ішінде жа­ңа піскен көкөністердің 130 тоннасын сата алдық. Маусымның ең қызған шағын­да толығымен қызанақпен, қиярмен, бұрыш­пен және баялдымен қамтамасыз етілгендіктен, сатып алушыларға тауарды арзан бағаға ұсына алдық. Келесі жылы ынтымақтастығымыз жалғасып, өнім түр­лері кеңейе түседі деп үміттенеміз. Ең бас­тысы, фермер өнімін кімге сататынын алдын ала біліп отыруы керек, – дейді Алматыдағы «Арзан» дүкендер желісінің бас директоры Артур Янушевский. Шелек шаруаларының атқарып жатқан жұмыстары іргесіндегі аудандардың фер­мерлерін де қызықтырып отырған жайы бар. – Біз «Шелек фермерлері» жобасының ауқымын ұлттық деңгейде кеңейтудің арқасында қазақстандық фермерлер өз ісін дамытуға мүмкіндік алады деп үміт­те­неміз. Өйткені, қанатқақты жоба аз уақыт жұмыс істесе де, көп нәтижеге қол жеткіз­генін көрдік. Бұл біздің Еңбекшіқазақ ауданы фермерлерін одан әрі табыс табуға жігер­лендіріп отыр, – дейді  «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» ҚҚ атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева. Сонымен, баспасөз мәслихатында өткен жылды қорытындылап, әрі қарай жобаны дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ