20 Қазан, 2016

Өндірістік кластер өрге шығарады

542 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
m-1Қарағанды зауыты жаңа жобаны қолға алды Машина жасау саласында Қарағанды облысы бүгінде еліміз бойынша көш бастап келеді. Соған байланысты, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің экономика институты машина жасау кешенінің аймақтық кластерін де тап осы Қарағандыда құруға бел буған. Кластер құру үшін, әрине, алдымен базалық кәсіпорынды сайлап алу қажет. Бұл орайда Қарағанды құю-машина жасау зауыты таңдап алынды. Оның үстіне, зауыттың он бес шақты серіктестері мен жабдықтаушылары, сонымен қатар, осы өндіріс орнының өнімдерін тұтынушылар да клас­тер құрамына енгізіледі. Зауыт негізінен вагонетка, шахта клеттері, насос, электр жабдықтары сияқты өнімдер шығаратын болғандықтан, оның тұтынушылары кен өндіруші кәсіпорындар. Сонымен қатар, мұнда белорус жабдықтарынан «БелАЗ» жүк көліктері құрастырылады. Жалпы, кластерге Қарағанды зауытының таңдап алынуы бекерден бекер емес. Біріншіден, «Қазақмыс» корпорациясы беретін ауқымды тапсырыстардың арқасында кәсіпорын үздіксіз жұмыс істейді. Екіншіден, мұнда жұмыс істейтін мамандар өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар. Оның үстіне, зауытқа жақында ірі инвестиция салынып, қазір шетелдерден заманауи құрал-жабдықтар сатып алынуда. Жетілдірілген кәсіпорын өз өнімдерінің сапасын арттырып қана қоймай, жеткізіп берушілерге қоятын талаптарын да күшейтеді. Сондықтан, оның серіктестері де мейлінше жетіле түсуге талпынатын болады. Бұл орайда оларға кластерге қатысу тамаша мүмкіндік береді. Инвестициялар және даму министрлігі бірер айдың мұғдарында кластерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламасына енгізуге конкурс жариялауы тиіс. Өз аймағында кластер құру жобасын іріктеу комиссиясына еліміздің кез келген өңірі ұсына алады. Кластердің қандай бағытта болатыны, айталық, машина жасауда, құрылыста, ауыл шаруашылығында, әлде медицинада бола ма, ол жағы маңызды емес. Әр облыстан түсетін жобалар мен ұсыныстар санына да шектеу қойылмайды. Іріктеу жұмыстарына Бүкіләлемдік банктің сарапшылары да қатыспақ. – Іріктеуден өткен жобалардың әрқайсысына мемлекет тарапынан 1 миллиард теңгеден бөлінеді, – дейді БҒМ Ғылым комитеті экономика институтының бас маманы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Махмұтов. – Бұл қаражат жаңа құрал-жабдықтар алу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу сияқты кластердің тиімді жұмыс істеуіне игі ықпалын тигізетін мақсаттарға берілмек. Сонымен қатар, салыққа, кеденге, тарифтік төлемдерге керекті қаражаттар да ескерілуі мүмкін. Негізі, кластер дегеніңіз либералдық немесе дирижистік модель бойынша құрылуы ықтимал. Бірінші жағдайда кластер өздігінен, яки эволюциялық жолмен құрылады. Бірақ ондай жағдайды күтіп отыруды уақыт көтермейді. Ал дирижистік жобада мемлекеттің, ғылымның және бизнестің мүддесі біріктіріледі. Қазір бізде осы нұсқаны ұстанған тиімді. Өйткені, мемлекет тарапынан қолдаудың болғаны аса маңызды. Кластерге қатысушылар үшін ғылыми орталықтардың көмегі де өте қажет. Мемлекеттік бағдарламаға енудің арқасында ғылыми жұмыстар да қаржыдан тарықпайтын болады. Қарағанды политехникалық университеті мен № 15 машина жасау колледжі зауыттың тікелей тапсырыстары бойынша мамандар даярлауға келісімін беріп отыр. Ал ғылыми-техникалық қамтамасыз ету­ді Қарағандының «Металлургия, металл өңдеу, машина жасау» индус­трия­лық паркі өз мойнына алуға дайын. Жасыратыны жоқ, өндіріс орын­дар­ындағы негізгі проблеманың бірі – кадр мәселесі. Зауытқа жаңа құ­рал-жабдық әкелінгенімен, онымен жұ­мыс істей білетін маман табылмай қалатын кездер болады. Өндіріс орын­дарына құлшынатын жастар да көп емес. Осы мәселені жіті назарға алған абзал. Ал енді кластердің облысқа кел­тірер пайдасын айтсақ, жаңа жұмыс орындары құрылып, бірқатар әлеу­меттік мәселелердің шешілуіне жол ашылады. Ғалымдардың айтуынша, мұндай кластер пайдалы ықпал­дастыққа бастайды. Яғни, машина жасау саласындағы бір жұмыс орны сабақтас салалар мен қызмет көрсету саласында қосымша тағы да оншақты жұмыс орнының ашылуына ықпал етуі мүмкін. Қазіргі уақытта Қарағандыда кластер құру туралы құжаттарды конкурсқа даярлау бойынша арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. Оның құрамына Қазақстан Машина жасаушылар одағының, ҚР БҒМ Ғылым комитеті экономика институтының және Қарағанды құю-машина жасау зауытының өкілдері енген. Мұнда ұйымдастыру мәселелері шешіліп, кластердің әлеуетті қатысушыларымен келіс­сөздер жүргізіледі. Олардың ішінде мә­селенің байыбына бармай, сенім­сіздік танытып жататындар баршылық. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Елімізде өндірістік клас­тер құруға талпыныстар бұған дейін де болғаны белгілі. Алайда, оларды қалыптасқан жүйемен жоғарыдан басқару ниеті басым болғандықтан, ақыр соңында тұйыққа тірелген еді. Оның үстіне, бизнес өкілдері де мұндай бірлесудің оң нәтиже бере­ріне күмәнмен қарай бастаған. Ал қа­зіргі жағдай мүлде басқаша: бұл жо­лы кластер құру бастамасын билік емес, базалық кәсіпорындардың өзде­рі көтеріп отыр. Бұл жерде ешкім ешкімді со­қыр тәуекелге итеріп отырған жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, клас­тердің пайдалы да тиімді тұстары көп. Кластер кез келген саланы алға сүй­реп, ел экономикасына жаңаша серпін бере алатыны дәлелденген де, мойындалған да. Бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елдер санатына кіру үшін мұн­дай озық тәжірибелерден қаш­пауымыз керек. Озық ойлы, іскер аза­маттарымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ