Адамзат бірқатар күрделі мәселелермен бетпе-бет келген, әлемде қарулы қақтығыстар оты тұтанып, халықаралық терроризм кең таралған, халықтар жаппай көшуге мәжбүр болып жатқан мына мына заманда гуманитарлық мәселелерді ең жоғары деңгейде талқылаудың қажеттілігі арта түсуде. Осы тұрғыдан, Әзербайжанның астанасы Баку қаласында ұйымдастырылған V Баку халықаралық гуманитарлық форумы өте үлкен маңызға ие болып отыр. Әр екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын форум саяси және мәдени мәні зор халықаралық шараға айналды. Әр екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын форум саяси және мәдени мәні зор халықаралық шараға айналды. Аталған жиында талқыға салынатын тақырыптар адамзаттың алдағы болашағына, халықтарды мазалайтын мәселелерге тікелей қатысты болуда. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен ықпалды саясаткерлер, танымал ғалымдар, жазушылар мен журналистердің қатысуы шараның халықаралық сипатын көрсетіп, жиынның салмағын арттыра түсті. Әдемілігі көз тартатын және Каспий теңізінің жағасында орналасқан Әзербайжан астанасы әлемдік деңгейдегі гуманитарлық ынтымақтастық бағытындағы халықаралық алаңға, «интеллектуалдық Давосқа» айналуда деуге болады.
Форумның мақсаты халықаралық деңгейде талқыланатын жаңа гуманитарлық күн тәртібін қалыптастырып, алқалы жиындар арқылы әртүрлі көзқарастар арасында диалог пен үнқатысу көпірлерін орнату. Форум пікірлерді жеткізу, теориялық және практикалық ақпаратпен бөлісу, пікір таластыру және ой алмасу үшін қажетті халықаралық платформа болып табылады.
2010 жылдан бастап әр екі жылда бір мәрте өткізіліп келе жатқан Баку халықаралық гуманитарлық форумы Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев пен Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі премьер-министрі Дмитрий Медведевтің бастамаларымен ұйымдастырылып келеді. 80-ге жуық елден 400-ден астам қатысушы, оның ішінде ғылымның әртүрлі салаларында Нобель сыйлығын алған 13 лауреат қатысқан осы жылғы форумда қарастырылған мәселелер кең ауқымды болды. «Көпмәдениеттіліктің әртүрлі үлгілері: теориядан гуманисттік практикаға дейін»; «Адамдардың жаппай көшуі жағдайында адам капиталы – тұрақты даму негізі»; «Журналистиканың ақпараттық дәуірге өтуі және мәдениетаралық диалогтың қалыптасуындағы маңызы», «Тұрақты даму және экологиялық өркениет», «Молекулярлық биология, биофизика, биотехнология және заманауи медицина үшін маман даярлаудың маңызы: инновация және этикалық мәселелер», «Технологиялар ықпалдастығы және болашаққа қатысты болжамдар: жаңа жүзжылдықтың басты қауіп-қатерлері» тақырыптарында панелдік отырыстар мен секциялар ұйымдастырылды.
Көпмәдениеттілікке балама жоқ
Форумның ашылуында Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев соңғы кезеңдерде үдей түскен аймақтық қақтығыстар, Еуропадағы мигранттар және радикалды ағымдардың күшеюіне назар аударды. Әзербайжан Президенті гуманитарлық мәселелерге қатысы бар дінаралық, мәдениетаралық диалогты нығайтуға күш салатынын мәлімдеді. «Көпмәдениеттіліктің жаңа ұғым болғанына және өзге де кедергілерге қарамастан Әзербайжан әр уақытта бейбітшілік, ынтымақтастық және түсіністіктің мекені болып келеді. Біз аталған құндылықтар мен дәстүрлерді қолдап келеміз. Біздің ойымызша, бұл мәселе әр дәйім алдыңғы қатардағы міндет болуы тиіс. Халықаралық ұйымдар, әртүрлі елдер бұл тұрғыда өз ұстанымындарын білдіруі тиіс. Өйткені, өкінішке орай, бүгін әлемнің әртүрлі аймақтарында көпмәдениеттілікке қатысты әртүрлі мақсаттарды көздейтін пікірлер айтылуда. Кейбіреулер көпмәдениеттілік тығырыққа тірелді десе, енді кейбіреулер жалпы мұндай бетбұрысқа мұрша бермеу керектігін, мұндай пікірдің зиянды екенін алға тартуда. Алайда, бұл өте қауіпті және жіті зерттеуге тұрарлық ұстаным. Өйткені, көпмәдениеттіліктен басқа қандай балама бар? Әлбетте бар, бірақ ол қандай балама болуы мүмкін? Мен көпмәдениеттіліктің баламалары ксенофобия, бөлінушілік, әсіре ұлтшылдық, исламофобия, антисемитизм болады деген ойдамын. Бұлар өте қауіпті ағымдар. Біз мұндай идеялардың күшеюінің қандай қасіретке алып келетініне тарихта сан мәрте куә болғанбыз. Осы себепті, адамзаттың ілгері ойлайтын бөлігі мультикультурализм идеялары мен идеалдары төңірегіне топтасып, бірігулері қажет» - деді Илхам Әлиев.
Әзербайжан Президенті соңғы кездерде, мәдениеттер арасындағы диалогтың орнына мәдениетаралық қақтығыстар белгілерінің басым түсіп жатқанын үлкен өкінішпен атап өтті.
«Интеллектуалдық Давос форумы»
Бейресми түрде осылай деп атала бастаған Баку халықаралық гуманитарлық форумының жұмысына Қазақстан да белсене қатысты. Атап айтқанда, осы жылғы форумға Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған бір топ қазақстандық делегация қатысты. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен мамандар болды. Форум аясында Г.Әбдіқалықова Әзербайжанның Бірінші ханымы, Гейдар Әлиев қорының басшысы Мехрибан Әлиевамен кездесті. Г.Әбдіқалықова Қазақстан-Әзербайжан қатынастары туралы ойларымен бөлісіп, қос елдің халықаралық ұйымдармен жақсы ынтымақтастық байланыстарын орнатқанын және әр уақытта екі елдің бір-біріне қолдау көрсететінін мәлімдеді. М.Әлиева Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін айтып, халықтарымызды жақын туыстық байланыстардың біріктіріп тұрғанын атап өтті.
Баку гуманитарлық форумы жер бүтіндігі бұзылып, аумағының бір бөлігі басып алынған Әзербайжан үшін ғана емес, сондай-ақ, аймақтың барлық елдері үшін өте маңызды платформа болып табылады. Осылайша, Баку әлемге танымал интеллектуалдар бас қосатын орынға айналып отыр. Қазіргі таңда көпмәдениеттілікті теориялық және практикалық тұрғыдан салыстырмалы түрде зерттеу, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалог жағдайында ХХІ ғасырдың мәселелері, тұрақты дамуға қажетті адам капиталының қалыптасуы, жаһандану үрдісі және толеранттылықтың рухани құндылық ретінде алға шығуы сияқты маңызды мәселелерді талқылау үшін көптеген қатысушылардың басқосуын қамтамасыз етіп, оларды құшақ жая қарсы алатын әлемдік деңгейдегі интеллектуалдық орталықтар саны әзірше аз деп айтуға болады. Бұл ретте Қазақстан мен Әзербайжанның саяси бағыттары бір-бірін толықтырып отыр. Астана мен Баку соңғы жылдарда халықаралық сипаттағы интеллектуалдық жиындардың ірі орталықтарына айналды. Екі ел халықтар достығы мен көпмәдениеттілікті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қабылдап, аталған саясатты практикалық жағынан белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Яғни, көпмәдениеттілік қос мемлекеттің өмір салтына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен және қолдауымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің әр екі жылда бір мәрте Астанада ұйымдастырылуы кездейсоқ емес.
Осы ретте әртүрлі мәдениеттермен бірге болып, өзге халықтардың құндылықтарына құрметпен қарау сияқты тарих сынынан өткен ортақ бейбітшіл дәстүрлеріміздің болуы екі туыс халықты біріктіріп отыр. Бүгінгі Қазақстан мен Әзербайжанды этникалық-тарихи байланыстармен қатар аталған елдердің геосаяси, энергетикалық және көліктік тұрғыдан маңызды аймақта орналасуы және бай көмірсутек қорларына ие болуы сияқты соңғы жылдардағы саяси қатынастар жүйесінде анықтаушы рөл атқаратын өзге де маңызды факторлар жақындастырады. Қазақстан мен Әзербайжанның өз аймақтарында негізгі геосаяси ойыншы болуын қамтамасыз ететін мұндай артықшылықтар ойластырылған және тепе-теңдікті сақтайтын салмақты саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Ал бұл жалпы алғанда аймақтарымыздың дамуына үлес қосатын маңызды жобалардың жүзеге асырылуына негіз болады.
Жанат Момынқұлов
Шығыстанушы