Астанада «Қазақстан Республикасы: Тәуелсіздікке 25 жыл. Нәтижелер мен перспективалар» атты халықаралық форум өтті. Жиынға белгілі саясаткерлер, отандық және Германия, Италия, Қытай, Ресей сынды шет мемлекеттерден келген білікті саясаттанушылар, әлеуметтанушы ғалымдар қатысты.
Жиынның беташарында сөйлеген Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Тәуелсіздік жылдарында жаңғырту мен дамудың табысты қазақстандық моделі жасалғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан «Назарбаев моделі» деп аталатын өз жолы бар жасампаз ел ретінде дүние жүзіне белгілі. Индустриялық-инновациялық экономика құруға, ғылыми-техникалық базаны дамытуға, инновациялар енгізуге, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған Ұлт жоспары іске асуда. Мемлекет басшысының беделі мен ғаламдық бастамасының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың танымал, тең құқылы және белсенді мүшесіне айналды» деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
Бағлан Майлыбаев еліміздің айрықша мақтанышы ретінде бүгінде алып мегаполиске айналған Астананы атады. Күн сайын бас қаламызға өңірлерден мен алыс-жақынды шетелдерден мыңдаған адам келеді. Астана қазір халықаралық ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге қызу дайындалуда. Еліміздің өзге қалалары да абаттанып, жаңаруда. Әрбір аймақта оң өзгерістер жүріп жатқанын байқауға болады.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында маңызды реформалар жасалды. «Болашақ» бағдарламасының жүзеге аса бастауы, «Назарбаев Университетінің», интеллектуалдық ашылуы білім беру сапасын арттыру ісін алға сүйреген локомотив болды. 25 жылда республика бойынша мыңдаған аурухана, мектеп және мектепке дейінгі білім беру нысаны жаңадан салынды немесе күрделі жөндеуден өткізілді. Елордада ғана емес, облыс орталықтарының баршасында күрделі операция жасайтын медициналық клиникалар ашылды.
«Президенттің бастамалары мен ықпалының арқасында 25 жыл ішінде еліміз бұрынғы КСРО-ның шетіндегі ешкімге белгісіз елден жетілген экономикасы, біртұтас халқы, биік халықаралық беделі бар мемлекетке айналды» деді Майлыбаев.
Қазақстан-Неміс университетінің президенті, әлеуметтану ғылымының докторы Кайзер Маркус «Украинамен, Қырғызстанмен салыстырар болсақ, Қазақстанның табысқа жету сырын түсінуге болады. Қазақстан Халқы Ассамблеясы сынды институттың болуы, сонымен қатар ұлтаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясат этносаралық келісімнің қазақстандық моделінің маңызды бөлігі деп санаймын» деді.
Неміс ғалымы шетелдегі қандастарымызды тарихи мекенге қоныстандыру жұмысын Германияның тәжірибесімен салыстырды. Оның пікірінше, бұл жұмыста да қазақ елі өзгелерге үлгі бола алады.
«Көптеген этникалық немістер Қазақстаннан және басқа да мемлекеттерден тарихи отаны Германияға көшкенін жақсы білесіздер. Бізде көші-қон бірнеше толқынмен жүрді, оның ең үлкені тоқсаныншы жылдарға тап келді. Германияда да елге оралған азаматтарды қабылдауда біраз проблемалар туындады. Мәселен, олардың арасында неміс тілін білмейтіндер, ескі неміс тілінде ғана сөйлей алатындар көп кездесті» дейді К.Маркус. Осындай жағдайларға байланысты тарихи отанындағы өмірлеріне көңілдері толмай, кері көшіп кетуге ниеттенген немістер де көп болған екен.
Неміс ғалымының сөзінен соң Бағлан Майлыбаев ел көкейінде жүрген бір маңызды мәселені қозғады. «Шет мемлекеттерден оралған бауырларымызды «оралман» деп атау жараспайды. Оның орнына ағайын немесе қандастар деп атауды енгізу керек сияқты. Бұл сіздердің қолдарыңызда. Себебі, сіздер бұл саладағы жұмыстармен нақты айналысып жүрсіздер» деді ол. Майлыбаевтың ұсынысы форумға қатысушылар тарапынан қызу қолдау тапқаны байқалды.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Яо Пейшэн өз елінің бұрынғы басшысы Цзянь Цзэминьнің 1993 жылы Қазақстан Президентімен кездескеннен кейінгі сөзін еске алды. «Президент Назарбаев екеуміз ұзақ уақыт сұхбат құрдық. Ол — парасаты мол адам. Аймақтық және халықаралық ахуалды өте жақсы бағамдайды» деген екен Цзянь Цзэминь. Сонымен қатар ол екі елдің ортақ мүдделері бар екенін ескеріп Қазақстанның даму үдерісін саралап отыру қажеттігін айтқан.
Арнұр Асқаров, «Егемен Қазақстан»