21 Қазан, 2016

Cөз сойыл № 33

576 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Әзіл - оспақ, сын - сықақ Ант берді,  жалт берді «Қаптесер» деген аты бар, Сөзге шешен қатырар – Бір лауазым иесі, Айналмалы кресло киесі Көп алдында ант берді, Мұнысын парыз салт көрді. – Ішпейміз, жемейміз, Елге болмасын демейміз. Ешкімді алаламаймыз, Ұжымды қалай алдаймыз. Пара алғандарды, Нағыз иттікке бара алғандарды Желкесінен аламыз да, Аластаймыз арамыздан. Уәде беріп өтірік, Оттамаймыз лепіріп, «Өширетпен» үй береміз, Қоңыртөбел күй береміз. Тендірді бұзса соттатамыз, Жемқор деген жәндікті отқа атамыз. Өлген әкесін жоқтатамыз. Мыжыма жиын-кеңестерді, Қиял ғажайып елестерді Өлсек те болдырмаймыз, Көзбояушыны қоңсы қондырмаймыз... – Деп, лауазым иесі ант берді, Бірақ та бір жыл өтпеді-ау, «Әруақты» антынан жалт берді. Қас пен көздің арасында, Екі кештің шамасында. Кенет, қақпанға түсті, Иә, телевизорды ашып қалсақ, «Пульт» байғұсты басып қалсақ. «Жемқорлық – жегі құрт...» Деп жатады егіліп. Сонымен күнде айқай бір күйге ендік, Жемқорлық шәйдың батасындай, «Бауыр басып» үйрендік.   Ұрымыз «адал» боп қайтты Миллионды қылғытқан ұры ұсталды, Қашып кетпей әйтеуір тірі ұсталды. Қара болсын, хан болсын қылбұрау сап, Заңның өзі бүгін бір дұрысталды. Бастық болып бастаған дүйім көшті, Ол қалайша «мүсәпір» күйін кешті. Үйсіз, күйсіз, жұмыссыз шын мүсәпір, «Бізді құртқан осы» деп гуілдесті. Тергеу бітті, қылмыскер емес екен, Барлығы да сағым сөз, елес екен. Қу айлықпен жүріпті елмен бірдей, Түрмеге әкеп түнетті, о несі екен?! Сол дөкейің ақталды ғайыптан кеп, «Өзін өзі кісі емес байытқан» деп. Барып келді жақында «бір жаққа», Бар «күнәдан» демей көр, айыққан деп... Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы   Солақай сөздік *Жемқор – аш ішегіне дейін ашқарақтық жайлаған «дімкәс». *   *   * Өтірікші – шын сөйлеуге ернінің ебі келмейтін «олақ». *   *   * Мақтаншақ – мадақ сөзге же­рігі қанбайтын «жемір». *   *   * Өлең – таланттыға лағыл, та­лант­­сызға шағыл дүние. *   *   * Жағымпаз – дөкейдің саусағына дейін жалайтын, кедейге жел­ке­сімен қарайтын таныс. *   *   * Тоқал – отағасының қолтығынан кенжелеп өсіп шыққан «махаббат». *   *   * Байлық – көзіңді тұндыратын, алақаныңды тастай ғып жұмды­ратын, мастандырып өзіңді жын қылатын «құбылыс». *   *   * Сайтан – пенделердің ет пен терісінің арасында өмір сүретін мақұлық. *   *   * Еркек – кейбір әйелдер үшін тірі ойыншық. *   *   * Теледидар – шетелдердің бірне­ше жүз сериялы киноларын салып қоятын жәшік. *   *   * Жалқау – кем-кетігінің бәрін өзгелерден көретін мұңлық. *   *   * Көз жасы – ми бұлттанғанда сір­кі­реп те, күркіреп те жауатын жаңбыр. *   *   * Театр – адамдарды соймай-ақ, жармай-ақ ішінде не бар екенін көрсетіп беретін ұстахана. *   *   * Бақай есеп – алдаудың, алудың, жеудің айла-тәсілдерінен аралас­тырылып жасалған «қоспа». Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ Алматы облысы   Ауылдың айтқыштары Түйе мен түйме Қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов біршама жыл Шиелі ауданын басқарды. Бірде алдына бір мекемеде жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген марқұм Жақаш Қоңыратбаев ағамыз келіп: – Көрнекі үгіт үшін қызыл мата, бояу керек еді, со­ған қажетті қаржы бөлгізсеңіз, – деген өтініш айтады. Шынтуайтында, бұл бірінші хатшыға айтатын өтініш емес, мұндай ұсақ нәрселерге мекеменің өзінде де мүм­кіндіктер жетеді. Алайда, ақкөңіл Жақаңды мекеме бас­тығы райком жаққа сілтей салса керек. Айты­лар сөз айтылды, сонда уәжді сөздің кезегін күттірмейтін Секең: – Жақа, – дейді, – түйедей қызымызды алдың, ештеңе демедік, енді келіп түймедей шығынды да бізге салғыңыз келеді. Мұндай уақ мұқтажыңызға бізді араластырмаңыз, – деп орынды әзілмен ұялтса керек.   Мұз кетіп пе? Қайбір жылы көктемде Сырдария өзенінде кептелген мұз мол суды арнасынан асырып, жағалаудағы елді мекендерге едәуір қауіп төндіреді. Сондай кездің бірінде Жөлек ауылына бара қалған Жамалханға бұрынғы әріптесі Оразбек: – Жағдайды көріп тұрсыңдар, қонақ етіп күтіп жіберетін ретіміз бар еді, кейін мұз кеткен соң бір малдың басын жерсіңдер, – деп жылы ықылас танытады. Күн артынан күн жылжып, мұз да кетеді, жаз да шығады. Алайда, қонаққа шақырған хабар естіле қой­майды. Баяғы сөз құлағында қалған Өмірзақ аға бірде: – Жамалхан, білсең қайтеді, Орекеңнің ауылының тұсынан мұз кетіп пе екен? – деп қонаққа қашан барамыз дегендей емеурін жасайтын көрінеді.   Ұят болмасын Ішімдікпен әлі де қоштаса қоймаған Байекеңді ауылдың шалдары ортаға алып: «Арақ ішуді қой, жасың келіп қалды», деп ақыл айтатын көрінеді. Әрі-бері бұлталақтағанымен олар да қояр емес, ескі доспен қоштасуға оншалықты ықыласы жоқ Байекең сонда: – Қой десеңдер қоя саламын, бірақ Қойшекеңнен ұят болатындығын неге ойламайсыңдар? – деп өздеріне кінә артатын көрінеді, жасы үлкен Қойшыбай ағасының ащы судан әлі де тартына қоймағандығын еске салып.   Қазіргі тәртіп қандай? Байдүйсен жетпістен асқанша колхоздың қойма­сында қызмет істеді. Кейіннен шаруашылық іріленіп, совхозға айналғанында еңбек демалысына шығарады да, демалыс мерзімі бітсе де оны қайта байырғы қызметіне шақыра қоймайды. Тіптен, арада екі-үш ай өтсе де, іздей қоятын ешкімнің түрі көрінбейді. Содан үйінде қашанғы жатсын, Байекең шаруашылықтың жаңа басшысы Мұстафаевтың алдына кіріп: – Қарағым, колхоздың демалысы бір ай болатын еді, бұ совхозыңның демалысы тіптен ұзаққа созылатын секілді, жата-жата жамбасым ауыратынды шығарды, өзімнің жұмысыма кірісе берейін, – деп өз ойын астарлап жеткізген көрінеді.   Туыс деп ойламаңыз Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде тілші болып қызмет істейтін Оразәлі апталық лездемеде жауапты хатшы Үсен Әбшеновтен көбірек сын еститін көрінеді. Былайша күндері жылы қабақ танытатын ағасы жиналыс үстінде күрт өзгеріп, сөзінің беташарын Оразәліге шүйлігуден бастайтын се­кілді. Оның жазған мақалаларын мысалға алып, кінә­лауды жиілетеді. Кейіннен жиналыстан шыққан соң тағы да: «Сен інім болған соң, өзгелерге көз етіп ай­тып жатырмын, көңіліңе алма», – деп те қоятыны бар. Тағы бірде лездемеге кірер кезде Оразәлі Үсекеңді кідіртеді де: – Аға, бұдан былайғы жиналыста мені туыс екен деп жақын тартпай-ақ қойыңыз, басқалар да сіздің «қамқорлығыңызды» көрсін де, – депті. Нұрмахан ЕЛТАЙ Қызылорда облысы   Орысша білмейтін Тырп етпей төсегімде тырайып жатқам. Кенет біреу сирағымнан тартып, башпайымның басын қайырып, табанымды қытық­та­ғандай болды. Желімше жабысқан көзімді тырнай ашып, жан-жағыма қарасам, әйелім: – Тез тұр, жақын маңдағы дү­кенге барып қайт! Үйде тіске басар дым жоқ, –дейді. Сасқанымнан: «Тоңазытқышта лавр жапырағы бар емес пе?» – деппін. «Соны өзің же!» – деп оқша атылмасы бар ма! Орнымнан атып тұрып, шалбарымның бір балағын үйде, екіншісін сыртқа шыға киіп, әйелім жазған шұбыртпалы тізімге қоса өмірі бір жетпейтін тиын-тебенімді қалтама сүңгіте сала орталық дүкенге ызғытып келcем, тап есіктің алдында бір орыс солқылдап жылап отыр. Бұл пәтшағарға не болды, біздің елде өзге ұлттың жылағаны несі, деп жақындасам: «Ағатай, нан ала алмай тұр­мын, көмектесіңізші!» – дейді. Құдая тоба, орыс болса да аяп кет­тім. Қалтамдағы онсыз да жетпей­тін тиынымды алып шықсам, ол қой­нынан бір уыс ақша шы­ға­рып тұр... «Ақшам бар, тек түрі ғана қазақ сатушы апайға орыс­­шам жетіңкіремей тұр­ғаны», – дейді... Сол жерде жата қа­лып жер теп­кі­лей күлемін деп ішегім түйіліп қал­ды. Орысша білмей­тін орыс! Құ­дай­дың берген осын­шалық ғұмы­­рын­да мұндайды көрсем кө­зім шық­­сын. Мен күлген сайын әлгі­нің жыла­ған дауысы күшейе түсті. – Неменеге таңданасыз? Біз қазақша білмейтін қазақ көрсек тіпті де таңданбаймыз, күлсек те ішімізден күлеміз. Сіз мені түсінетін шығар деп едім. Бәрі осылай мазақ етеді, «орысша білмейтін орыс» деп саусағын шошайтып келеке қылады. Мектеп қабырғасынан бері көрген күнім осы. Қазақтың балалары: «Орысша білмейсің!» деп кемсітеді. Сендер де қазақшаны қатырмайсыңдар ғой десем: «Казак тили не важно, главное орысша знаем», дейді. Осының бәріне ата-анам кінәлі! – Шырағым-ау, олардың не жазығы бар? Сен өзі таза қанды орыссың ба? – Иә, әкем де, шешем де жеті атасынан орыс. Тек олар мені қазақ мектебіне оқуға берді. Және мен үйренсін деп өздері де үйде үнемі қазақша сөйлейтін. Шіркін, тым бол­маса солардың біреуі қазақ бол­ғанда ғой, қазір орысша сайрап тұрар едім. – Қалқам-ау, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай Ресейге көшіп кетпейсің бе? – Сіз де қатырады екенсіз! Онда барсам аштан өлмеймін бе? Аштан емес, әуелі намыс­тан өлемін ғой. Ондағы ең бас көкем­нің бетіне қалай қараймын? Ана тілімді білмейтінімді естісе ана дөй ағай тірідей «жеп» қоймай ма мені? Жо-жоқ, бара алмаймын! – Сенікі дұрыс екен. Бізге өзіңдей түрі емес, тілі қазақ азаматтар қажет. Мен саған тегін ақыл айтайын. Басқа ұсақ-түйекке басыңды қатырып қайтесің. Осы қазір анда барып депутаттыққа өз кандидатураңды ұсын. – Қойыңыз, ұят болады! – Ұяты несі?! Сен біз үшін жа­ңа­лық болып тұрсың. Бізде жаңа­лық ашқандардың бәрі сөйте­ді. Болды, қалған ақыл өзіме де қажет. – Болмайды! Олар да орысшам жоқтығын білсе мазақтайды... – Сен күт, мен қазір... Алынбаған азық-түлік әдірем қалсын дедім де, екі өкпемді қолыма ала жүгіріп ентіге үйге кірген бетте «қисық қабырғама» болған жайтты жайып салдым. Ол байғұс та «Динозавр тіріліп келіпті!» дегенді естігендей тапы­рақтап, әрең есін жиды. Бала-шаға, тайлы-таяғымызбен шұбырып дүкеннің алдына келсек, әлгінің ізі ғана жатыр. Қайда кетуі мүмкін? Түрі де, тілі де қазақ сатушысы бар дүкен іздеп кетті ме екен? Қой, ондай дүкен бұл маңда жоқ қой. Бәлкім, анда тура тартқан болар. Белгісіз... Содан бері сап-сары пен­дені табанымнан таусыла іздеп таба алмай жүрмін. Айтпақшы, орысша білмейтін орыс­ты көшеден көрген жоқсыз ба? Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ Павлодар облысы   Мұндай да болады Бір жігіт ғаламтор арқылы бір бойжеткенмен сөйлесіп жүреді де, бәрі жақсы болған соң кездеспекке бел байлайды. Жігітке досы айтады: – Егер ол сен ойлағандай әдемі әрі ақылды болмай шықса қайтпексің? – Алдымен барып көремін, егер ойымнан шықпаса, «мен сағат тоғызда дайындыққа баратын едім» деп кетіп қаламын. Сөйтеді де кездесуге келсе, бір әдемі қыз келіп: – Қанат деген сіз бе? Иә, дұрыс, өте жақсы. Бірақ мен сағат тоғызда дайындыққа баратын едім, кешіріңіз, – деп кетіп қалыпты. *** Жаңалықтардан: «Өзбекстанның бір ауылы жер сілкінісінен қатты зардап шегіп, көптеген үй қирап қалған. Қазақстан тарапы ол жаққа қажетті азық-түлік пен құрылыс материалдарын және құрылыс жүргізуге 500 өзбек жіберді». *** Өмірдің заңдылығы: «Егер биікке көтерілсең, достарың сенің кім екеніңді біледі, ал құлдырап кетсең, сен достарыңның кім екенін білесің». *** Егер пенде үй тұрғызып, ағаш отырғызса және баласын ер жеткізсе – оны «нағыз еркек екен» деп асығыстық жасаудың қажеті жоқ... Өйткені, ол «нағыз әйел» болуы да мүмкін.   Жеңілдік жетіп артылады Байқаусызда Сюртуковты ара шағып алғаны. Онысына көршісі: – Енді сен сарып боп ауыр­­майтын боласың! – деп қуантты. Содан көп өтпей Сюр­туковты ит қауып алсын. – Бәлі, сен енді «псих» боласың да, сан түрлі жеңіл­діктерің болады, қандай қыл­мыс істесең де жауап бермей­сің! – деп көршісі тағы қуантты. Білуімізше Сюртуков әлі жындана қоймаса керек, өйт­кені, отбасының кикілжіңі кезінде оны долы қатыны тістеп алыпты. – Енді әйеліңмен ажырасып, басыңа бостандық алуға құқылысың! – деп тағы да қуантты көршісі. Содан бері Сюртуковыңыз осылай жүріп жатыр. Сарыппен ауырмайды, жеңілдік дей­тіндері жетіп артылады... негізі – сопайған соқа басы. Көңілі көкте, танауы шелектей десек болады. Кей-кейде оның: «Мен де біреуді тістеп алып, бір жа­рылқасам ба екен?» деп ойлап қоятыны бар.  Виктор КОНЯХИН   Бала тілі – бал... Немересі әжесіне: – Әже, маған 500 теңге берші. – Не дейсің, естімей тұрмын. – 1000 теңге бере тұрыңызшы... – Сен 500 теңге сұрадың ғой. *  *  * Әжесі бес жасар немересіне айтады: – Құлыным, қарашы, «бип-бип» келе жатыр. – Әже, қойшы, қайдағыны айтпай. Бұл BMW 325 қой! *  *  * – Мама, әкем жұмыстан келе жатыр. Нені бірінші көрсетеміз: менің күнделігімді ме, сенің жаңа көйлегіңді ме? *  *  * – Әке, пілдің баласы қайдан пайда болған? – Мұны сенің түсінуің қиын болса да айтайын... berik-aga– Әке, құтан әкелді деме, ол бәрібір көтере алмайды... Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР