21 Қазан, 2016

Балқаштың бағы жана ма?

534 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
14556518_350008185350800_3925185306941530320_oБалқаш көлі көлемі жағынан әлемнің ең ірі көлдерінің тізімінде 14-орында тұрса, Орталық Азияда төртінші, ал Қазақстанда Каспий мен Аралдан кейінгі орынға орналасқан. Балқаш көнеден келе жатқан ен байлығымыздың бірі болғанымен, оның су қорын, тазалығын, көл маңайындағы флорасы мен фаунасының қалыбын бұзбай сақтап қалу мәселесі бүгінгі күні үлкен ауқымға шыққан өзекті мәселеге айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағымы 14,9 текше шақырымнан 11,8 текше шақырымға дейін кеміген, яғни көл жылына шамамен 3,0 текше шақырым су жоғалтып отыр. Бұл мәселе кейінгі кезде тек қазақстандық ғалымдарды ғана емес, шетелдіктерді де алаңдата бастады. Көлдің негізгі бөлігін Іле құрайды. Бұл ретте Іле өзеніне қатысты Қапшағай су қоймасын қалыптастыру, өзен бастау алатын Қытаймен су пайдалануды реттеу келісімдерін жасасу, мұздықтардың жылдам ери бастауы сияқты келелі жайттардың көп екені белгілі. Дегенмен, бүгінгі сөз Балқаш – Алакөл алабында суының молдығы және арнасының үлкендігі жағынан Іледен кейінгі 2-орында тұрған Қаратал өзеніне қатысты. Бұл орайда Қараталдың суын қалпына келтіру жұмыстарының Балқаш көлі үшін ықпалы аз емес. Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы К.Жаншабайдың айтуынша, жылдан- жылға ауа райының күрт өзгеруіне, көктем кезіндегі судың молаюына байланысты өзен сағасы қайырланып бітеліп қалу жағдайы жиі ұшырасады. Бұл өз кезегінде Балқаш көліне баратын өзектің қалыпты су өткізуіне кедергі болуда. Оған қоса, су ағысын жол-жөнекей бітеп тастайтын ағаш бұтақтарынан, қамыстардан аршып, түбін қайыр-батпақтан тазалап отырмағандықтан су көлге жетпей, жайылып, шабындық пен жайылымдарды сазға айналдырып, жақын маңдағы елді мекендерге де су басу қаупін тудырған-ды. Оған қоса, балық аулау саласына да зиянын тигізді. Қамыстың түбінде өлген балықтар жататын. Жергілікті шаруашылықтар бұрынғыдай балық аулаудан қалған еді. Жағдай жедел шараларды қолға алуды қажет етті. Осы мәселені жіті бақылап, өзен аумағын тікұшақпен биіктен бірнеше рет барлаған Алматы облысының әкімі А.Баталов 2014 жылдан бастап осы мәселені жедел қолға алды. Ол жұмысты ең алдымен мелиоративті отряд құрудан бастауды тапсырды. Сонымен «Қаратал ММО» МКҚК құрылып, ол заманауи құрылыс жә­не ауыр техника жиынтығымен қамтама­сыз етіліп, мекеменің көлік жөндеу шеберханалары, өндірістік базасы қалып­­тас­тырылды. Жаңадан құрылған кәсіп­орын­­­ның алдына су тасқыны мен төтенше жағдайлардың алдын алу, реттеу жұмыстарымен айналысу міндеті қойылды. Сонымен қатар, облыстағы өзендердің арнасын үнемі бақылап, механикалық тазарту, аршып тереңдету жұмыстарын атқаратын болды. – 2014 жылы Қараталдың Балқашқа құятын 12,5 шақырымдық жаңа арнасын салдық. Соның нәтижесінде судың көлемі артып, 10 мың гектарға жуық жайылымдық жерлер құрғатылды. Өзен алқабында су қоймалары пайда болып, балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасалды. Ақмарқа, бекіре тұқымдас балықтар көбейді. Өткен жылы жағалауды бекіту жұмыстары атқарылып, оған 42 млн теңге жұмсалды. Жалпы алғанда, 700 метр жағалауға бекіту жұмыстары жүргізіліп, жолдың шайылып кету қаупі жойылды. Биылғы жылы да бұл жұмыс жалғастырылып, өзен арналарын механикалық тазалау ісі атқарылып жатыр. Осы жылы балық шаруашылығын дамытуға 80,8 млн теңге, 6 мың гектар жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жұмыстарына 116,3 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні 5,3 шақырымдық «Ақ Қайыр» каналы, каналдың 2 көпірі жасалып, шлюздерге 6 тоспа салынды, – дейді «Қаратал» МО директоры Бақберген Мадибеков. Дренаждық каналды қазу ісіне жа­ңа жоғары технологиялы техника тартылған. «Watermaster» деп аталатын бұл техника 5 операцияны бір мезгілде орындап, тұтас бір автопарктің күшін алмастырып келеді. Жүзетін машина бес метр тереңдікте жұмыс істей алады, бөгеттерді алып тас­тайды, канал түбін тереңдетеді, арнаны кеңейтеді, тіпті діңгек те қаға алады. Мамандардың айтуынша, қабыл­данған шаралар Балқаш көлінің тағды­рына оң әсер етті. Енді көлдің саяздану қаупі сейілді. Бірақ Балқашты және тұтас экожүйені құтқару жұмыстары әлі де жалғаса бермек. Жуырда облыс басшысы А.Баталов атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір пысықтап, өзенді үстінен бір аралап өтті. Жаңа дренаждық каналдың құрылыс аумағында болып, өзеннің Балқаш көліне құятын арналарын тазартудағы гидротехникалық шаралар барысы туралы мамандармен әңгімелесті. – Бұл жұмыс екі канал жасап, дамбаның құрылысын жүргізумен шектелмейді, ол ауқымды істің шағын бір бөлшегі ғана. Арнаны тазалау жүйелі сипат алып, оны тұрақты түрде жүргізуіміз керек. Жаңа су шаруашылығы бағдарламасы да қабылданатын болады. Жетісудың өзендері бұл бағдарламаның негізгі нысанына айналады, – деді облыс әкімі Амандық Баталов. Расында да, «Арал тағдырын құшудың аз-ақ алдында тұр» деп ғалымдар дабыл қағып жатқан Балқаш көлінің бүгінгі жай-күйі мемлекет деңгейінде жан-жақты кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Сол шаралардың бір парасы Алматы облысындағы Қаратал өзеніне қатысты басталғаны және ол жүйелі түрде жүргізілетіні «Балқашты құтқару» операциясының басы деп білеміз. Сағыныш НАМАЗШАМОВА   Алматы облысы