«Қызым кенеттен талмаусырап, құрыса бастады. Жедел жәрдем машинасында. Көзі шытынап, еркінен тыс селк-селк етіп, жайсыз бүктетіліп барады. Мен қорқыныштан сілейіп қалыппын. Өмірімде бұлай есім шыға қорыққан емеспін. Қорқыныш – шарасыздық. Санаңның шырмалып қалуы. Үрейің ұшып қорыққаннан, Құдайдан тілеп жылағаннан басқа ештеңе істей алмайсың. Уақыт өтпей қояды. Сол бір шексіздікке ұласқан 10 секунд өмір бойы есімнен шықпастай болды. Әрбір секунд жүрегіңді тілгілеп жатқан мәңгілік уақыт сияқты».
Кішкене қызы менингитпен ауырып қалған ресейлік блогер Ольга Савельева жазған осы жолдарды оқи отырып, сол бір сезімді тағы да бастан өткергендей болдым. «Жүрегіңді тілімдеу» маған да өте таныс сезім. Талып қалу менің қызымда да бірнеше рет болды...
Савельеваның бақытына орай, оның қызы талып қалған кезде жедел жәрдем көлігінде келе жатқан екен. Дәрігерде қажетті екпе дәрі болған. Ал талма (құрыспа) дерті көп жағдайда кенеттен болатындықтан, медициналық көмек дер кезінде жете бермейді.
Біздің дәрігерлер нендей кеңес береді? Әлбетте, жедел жәрдемге хабарлас дейді. Бірақ әрбір секунд мәңгілік болып көрінетін мұндай сәтте жедел жәрдемді кемінде 10-15 минут күтуге тура келеді.
Ал дамыған елдерде ше? Оларда бізден гөрі басқаша. Жедел жәрдемнің орнына қолданатын, жас ерекшеліктеріне қарай есептелген деситин, букколам сияқты (аталған препарат тұрақты ішуге арналған дәрі емес) арнайы дәр-дәрмектері бар. Басталып келе жатқан талманың (құрыспаның) бетін қайтарады. Мысалы, Германияда талма дерті бір рет қана болған баланың ата-анасын осындай дәрілермен қамтамасыз етіп қояды. Мұндай дәрілер дәріханаларда сатылады, дәрігердің рецептімен сатып алуға болады.
Неге осы дәріні бізде де қолданбасқа?!
Техниканың ең соңғы жетістіктеріне, Iphone-ның соңғы үлгісіне немесе Tesla электромобиліне қол жеткізгенімізге мақтанатынымызды қайтейік, егер кезек күттірмейтін медициналық көмек үшін қажетті препараттар жоқ болса?
Бұл сұрақтың бір ғана жа-уабы бар – аталған препараттар Қазақстанда тіркелмеген. Демек, сатылымда жоқ, қолданылмайды. Осыдан келіп, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне бағытталған сұрақ туындайды. Балалар үшін аса қажетті, шетелде қолданылып жүрген дәріні тіркеуден өткізу соншалық қиын ба? Қиын болмаса, неліктен осы уақытқа дейін бізде жоқ?
Статистика бойынша, жиырма баланың біреуінде талма (құрыспа) дерті болуы мүмкін екен. Қазақстанда осындай дертпен ресми тіркелген 45 мың адам болса, соның 40 пайыздайы балалар көрінеді. Талып қалу әркімнің де басынан өтуі ықтимал. Оның себебі де көп. Бірақ ең қорқыныштысы, талма ұстаған сәт бала өмірі үшін аса қатерлі болуы да мүмкін.
Сірә, еліміздің қазіргі немесе бұрынғы денсаулық министрлерінің бірде-біреуі өз өмірінде мұндай жағдайға кезікпеген болар... Жоғарыда аталған препараттың біздің елде әлі күнге дейін болмауын басқалай түсіндіре алмаймын.
Менің қызым бір жолы ауруханада, хирургия бөлімшесінде талып қалды. Кезекші дәрігер мен медибикелер ештеңе істемеді, үрейден есі шыққан менімен бірге балаға қарап тұрғаннан басқа қайраны болған жоқ... Мен мұны да қалай түсіндірерімді білмеймін.
Ал дененің құрысуы, соның салдарынан естен тануы неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым бала денсаулығына көбірек нұқсан келетінін дәрігерлер де, ата-ана да жақсы біледі. Соны біле тұра, өз балаңа ешқандай көмек көрсете алмайтыныңды сезінуден асқан сұмдық жоқ шығар. Ең қорқыныштысы да сол – шарасыздығың! Бұл қорқыныш ешқашан кетпейді. Үнемі жүрегіңде тұрады. Елімізде осылай өмір сүріп жатқан қаншама ата-ана мен бала бар. Егер қажетті дәрі қолда болса, солардың біраз қасіретін жеңілдетуге болар еді. Тиісті препарат кенеттен қысқан талманың бетін (салдарының алдын алуға) қайтаруға, құрыспасын тезірек басуға септігін тигізеді. Дамыған елдерде солай. Ал біз бұған қашан қол жеткіземіз?..
Әлия ӘБДІКӘРІМОВА,
журналист