21 Қазан, 2016

Екпе жасату керек пе?

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
img_3056Вакцинацияға байланысты жылжымалы кеңес беру бекеті өз жұмысын бастады Медицина дамып, ақпараттық технологиялардың қарыштағанына қарамастан, дау туғызып келе жатқан мәселенің бірі – вакцинация. Мамандардың пікірін екіге жарған, адамдарды денсаулығы үшін алаңдатқан егудің айналасында алып-қашты әңгіме көп. Бұл да – негізсіз емес. Дегенмен, қазіргі таңда түрлі індеттердің алдын алудың басқа амалдары жоқ. Оның үстіне, ауа райы да сал­қындады. Алда ызғарлы қыс ке­ле жатыр. Тұмау сияқты түрлі ауру-сырқауды былай қойғанда, басқа да дерттің түрі жеткілікті. Сондықтан егу керек пе, керек емес пе деген сауал алдымыздан кесе-көлденең шыға бермек. Дүйсенбі, 17 қазаннан бастап елімізде әлеуметтік жо­ба негізінде «Вакцинация мәсе­лелеріне байланысты жылжымалы кеңес беру пункті» өз жұмысын бастады. Яғни, бұл бастама «Ормандағы денсаулық алаңқайы» атпен деген іске кірісті. Орман алаңқайы сияқты етіп жасалған мобильді пунктте жұқпалы аурулардың алдын алу, екпе жасатуға қатысты барлық сұрақтарға жауап алуға болады. Бұл жоба Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан да қолдау тауып отыр. Себебі, еліміздің санитарлық-эпи­демиологиялық қолайлы жағ­дайын қалыптастыру – мемлекеттің стра­тегиялық міндеттерінің бірі. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ТМД елдерінің ішін­де Қазақстанның Ұлттық егу кес­тесі өзінің толықтығы және зама­науилығымен ерекшеленеді. Ал енді жылжымалы кеңес беру орталығы құрудағы мақсат ата-аналар мен дәрігерлердің жақындасуына, жаңа отау құрған ерлі-зайыптылардың өздерін алаң­датқан сұрақтарына емін-еркін отырып, қысылмай жауап алуына жағдай жасау болып табылады. Сондықтан да жоғары дәрежелі мамандар мұндай шараларды демалыс күндері халық отбасымен көптеп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтарында жүргізбек. – Қазіргі таңда жас ата-аналар дәрігерлермен әңгімелесуге уақыт таба бермейді. Әсіресе, бірнеше балалы отбасылардың бұған тіпті мұршасы жоқ. Денсаулыққа байланысты түйткілді сауалдар, оның ішінде вакцинация мәселері баланың тек ерте жасында ғана емес, өмір бойына қажет. Біз бұл іс-шараның форматы туралы көп ойландық. Ал енді ашық есік күндері туралы айтсақ, онда бәрібір ата-аналар жұмыс күндері емханаға баруға, жұмыстан сұра­нуға тура келеді. Ойласа келе кеңес беру жұмыстарын демалыс күндерімен байланыстыруды жөн көрдік. Осылайша жылжымалы кеңес беру орындары туралы идея табылды, – дейді «Вакцинология» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айнагүл Қуатбаева. – Әр адамның денсаулығы  өз қолында. Сондықтан да әрқай­сымыз денсаулыққа қатысты бі­лім-танымдарымызды үнемі ке­ңейтіп отыруымыз қажет. Алған мәліметтерімізді тексерілген және кәсіби білім көздерінен алған жөн. Осындай ниетті іске асыру мақсатында жылжымалы пункт пайда болды, – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму ми­нис­трлігінің медицина қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Бауыржан Байсеркин. Қалай десек те бұл шара көпшілікке қолайлы екендігін мойындау керек. Артық сан­далудың, дәрігер қарауына жазы­лудың, кезекте тұрудың, жұмыстан сұра­нудың да қажеті жоқ. Тек қана үлкен сауда орталығында балалармен бірге қыдырып жүргенде жылжымалы кеңес беру орнына бас сұғып, ақ халатсыз дәрігерлермен бұрынғы танысыңыз сияқты әңгімелессеңіз болғаны. Ал енді дәрігерлік кеңес беру жұмыстарына Алматы қаласының білікті педиатрлары, невропатолог, аллерголог, иммунолог мамандарымен қатар, С.Асфендияров  атындағы Қазақ ұлттық меди­ница университетінің және Тұ­тынушылардың құқықтарын қор­ғау комитетінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжі­рибелік орталығының мамандары тартылып отыр. Сонымен «Ормандағы денсау­лық алаңқайының» жұмысы «Mega Alma-Ata» сауда, ойын-сауық орталығынан бастау алды. – Біздің сауда ойын-сауық ор­талығы бұрыннан да отба­сы­лық демалысқа, сауда жасауға ың­ғайлы орын ретінде танымал. Соған қарамастан, біз өзіміз­дің қонақ­тарымыз бен тұтыну­шы­ларымыздың алдындағы жау­ап­кер­шілікті түсіне отырып, қоғамдық ұйымның аталған жоба­­сымен бірге жұмыс жасау ұсынысына қуана келістік. Бар­лығымызда бала бар, болмаса болашақта ата-ана болуымыз сөзсіз. Бірақ денсаулықтан артық не бар?! –дейді жобаның тұсау­кесерінде «Mega Alma-Ata» ОСС директоры Ерлан Нұрмағамбетов. Жылжымалы кеңес беру бекеті қазанның соңына дейін Алматыда қызмет етіп, одан әрі Қазақстанның басқа қалаларына барады. Ұйым­дастырушылар осындай іс-шараны 6 қарашада Астанада (Хан Шатыр), 12 қарашада Шымкентте (Мега), 2 қарашада Таразда (Magic Town), 27 қарашада Қызылордада, ал Орал, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қа­лаларында келесі жылы өткізуді жоспарлап отыр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ