Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілігі индексінің рейтингіндегі позициясын, оның ішінде «Аудит және есептілік стандарттарының жетілгендігі» көрсеткіші бойынша көтеруге ниеттенуде.
Ол үшін Қазақстанда заңнамалық деңгейде ұйымдардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын қолдану бойынша міндеттері бекітілген. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес аудит жүргізіледі және кәсіби бухгалтерлерді сертификаттау жүйесі жұмыс істейді.
Алайда бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызметті реттеудің ұлттық жүйесін халықаралық тәжірибе мен ақпарат алмасусыз дамыту мүмкін емес.
Бухгалтерлік есеп, оны ұйымдастыруға және жүргізуге, бастапқы талаптарды әзірлеуге, қаржылық есептілікті құруға, аудиторлық қызметті ұйымдастыруға, сондай-ақ, ХҚЕС (халықаралық қаржылық есептілік стандарттары) және АХС-пен (аудиттің халықаралық стандарттары) аудит пен ұлттық есеп жүйесін үйлестіруге және жақындатуға қойылатын бастапқы талаптарды әзірлеу мәселелері бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру мақсатында ТМД Атқару комитеті жанынан Үйлестіру кеңесі құрылды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде 2016 жылдың 18-19 қазанында осы Үйлестіру кеңесінің XIII отырысы өтті.
Отырысқа АССА реттеуші органдарымен қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі директоры (Ұлыбритания, Лондон қ.) Шахрух Али Кхан, сондай-ақ, ТМД елдерінің, оның ішінде, Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз, Молдова, Ресей Федерациясының және Өзбекстанның 7 өкілі қатысты. Отырысқа қатысушылар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызметті реттеудің ұлттық жүйесінде өзгешеліктердің болуына қарамастан оларды дамытудағы басты бағыттар ХҚЕС және АХС-пен үйлестіруге сәйкес келетінін атап өтті.
Бұл ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызмет мәселелерін реттейтін уәкілетті органдардың Үйлестіру кеңесі шеңберіндегі белсенді және тиімді ынтымақтастығының арқасында мүмкін болып отыр.
Қазіргі кезде Үйлестіру кеңесінің күш-жігері бухгалтерлік есеп саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігіне және ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде оларды сертификаттаудағы тәсілдерге қойылатын үлгі-өнегелік талаптарын әзірлеуге, аудиторлық ұйымдарды қадағалауды ұйымдастыруға және жүргізуге ұсынымдамалар әзірлеуге бағытталған.
Отырыс кезінде бухгалтерлік есеп пен аудиторлық қызметті реттеу тиімділігіне, қаржы нарығының жұмыс істеуін жетілдіруге жағдай жасауға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізу субъектілерінің қаржылық ақпаратының салыстырмалылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін өзекті мәселелер талқыланды.
Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан»