21 Қазан, 2016

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі биік

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Мемлекеттік кәсіби аппарат құру» жөніндегі бірінші бағытын жүзеге асыру ісіне қатысты брифинг өтті. Брифингке Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова, осы құрылымның құзырындағы Мемлекеттік қызмет департаменті бастығының міндетін атқарушы Жарқын Тілеукенов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова және Назарбаев Университеттің профессоры Колин Нокс қатысты. Бірінші кезекте сөз алған Айгүл Шайымова Ұлт жоспарының «Мемлекеттік кәсіби аппарат құру» бағытына қатысты 15 қадамның 11-і осы уақытқа дейін жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, биылдан бастап елімізде меритократия қағидалары мен ашық конкурс арқылы іріктеу негізінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істей бастаған. Бұл өз кезегінде ауыстыру арқылы конкурс­тан тыс тағайындауларды 25 есе (5300-ден 226-ға дейін) қысқартуға мүмкіндік берген. Енді қызметшілер жоғары лауазымды қызметтерге конкурс арқылы және төменгі сатыда жұ­мыс тәжірибесі болған жағдайда ғана тағай­ындала алады. Осы тәсіл арқылы биыл 3 мыңнан астам адам қызметке орналасқан. Бұл – былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 есеге артық. Одан әрі спикер жыл басынан бері мемлекеттік қызметтің бастапқы сатысында 5 215 азамат (орталық мемлекеттік органдарда – 1984, жергілікті атқарушы органдарда – 3231) жұмысқа кіріскенін, осы жылы мемлекеттік қызметке әртүрлі салалардан үш сатылы іріктеу жүйесінен өткен 1392 адам қабылданғанын сөз етті. Сонымен бірге, А.Шайымова іріктеу жүйесі заңнаманы білуге арналған тестілеуді, жеке қасиеттерін бағалауды және конкурс жариялаған мемлекеттік органда әңгімелесуден өтуді қамтитынын жеткізді. Бұған қоса, жиында биыл заңнамаларды білу бағытындағы тесті 38 мыңға жуық адам тапсырып, олардың 46 пайызы оң қорытынды алғаны, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12 пайызға жоғары болғаны айтылды. Ал жеке қасиеттерін бағалау бойынша сынақтан 20 мың адам өткен. Сондай-ақ, конкурс жариялаған мемлекеттік органдарда 18,5 мың адам әңгімелесуге шақырылып, олардың ішіндегі 12 мыңы сыннан сүрінбеген. Спикердің айтуы бойынша, бірінші рет түскен және іріктеуден сәтті өткен адамдар үшін тәлімгердің бекітілуімен және бейімделу жоспарының құрылуымен 3 ай сынақ мерзімі белгіленген. Осы жылы мұндай сынақтан 2 273 адам өткен көрінеді. Бұлардан бөлек, А.Шайымова осы жылы бірінші рет «Б» корпусының қызметшілеріне аралық бағалау өткі­зіл­генін жеткізді. Оның айтуынша, бұл аралық бағалауға 64,5 мың мемлекеттік қызметші қатысқан. Мұның қорытындысы бойынша олардың 10,8 пайызы «өте жақсы», 63,2 пайызы «тиімді», 26 па­йызы «қанағаттанарлық», 0,01 пайызы «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған. Ал «А» корпусының қызметшілерін бағалау алдағы желтоқсанда өтпек. Жалпы, мұндай бағалаулар мемлекеттік қызметшілерді материалдық тұрғыда ынталандыруға тікелей әсер етеді деп жоспарланған. Брифингте сөз сөйлеген Жарқын Тілеукенов, Фатима Жақыпова және Колин Нокс өз кезектерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңыздылығы, оның мемлекетімізді дамытудағы рөлі жөнінде әңгіме өрбітті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»