Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндияға ресми сапары барысында өндірісшілер конфедерациясы, финдік экспортқа ықпалдастық, технология мен инновацияны қаржыландыру жөніндегі өкілдермен кездесті.
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүздесу барысында екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері талқыға салынды.
Н. Нығматулин өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «қазақстандық даму жолының» ерекшеліктері турасында баяндады.
Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдар ішінде ІЖӨ доллармен есептегенде 20 есе, орташа жалақы - 17 есе артып, 2 млн жұмыс орны ашылды.
Н.Нығматулин финдік компанияларды 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту саласындағы мүмкіндіктерді баса атап өтті.
«Қазақстанда басым бағыттарда жұмыс істейтін инвесторлар үшін ұжымдық табыс салығынан, 10 жыл мерзімге жер салығынан, 8 жылға мүліктік салықтардан босату сынды артықшылықтар қарастырылған. Сонымен бірге, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін инвесторларға күрделі шығындардың 30 пайызы қайтарылады. Сондай-ақ, өткен жылы әлемнің 35 елі бойынша инвесторлар үшін визасыз режимнің тізімі кеңейтілді. Келер жылға дейін ол тізімнің көлемі 54 елге дейін жетуге тиіс. Олардың қатарында Финляндияның да бар екені өз-өзінен түсінікті», - деп атап өтті Н. Нығматулин.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, Қазақстан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне финдік әріптестерінің қатысуын асыға күтеді. Себебі, Финляндия - Солтүстік Еуропа елдерінің қатарында Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Бұл мемлекет инвестиция көлемі бойынша солтүстікеуропалық елдер арасында екінші орынға ие.
Қазақстанда энергетика, телекоммуникация, көлік, кен орны, ауылшаруашылығы, сауда сынды басқа да салалар бойынша 70-ке таяу финляндиялық компаниялар жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қазақстан Финляндияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және экономикалық әріптесі.