Атырау облысында жекдуадақтан малдың қырылуы тоқтады. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитеті биологиялық қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Салтанат Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір Атырау облысында жекдуадақ ауруына байланысты ушыққан жағдай тұрақтанды деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, шілде айында өңір бойынша осы ауру тарап кеткен болатын. Бұрын Қазақстанда бұл ауру тіркелмеген. Ірі қара малдардың анализдері Ресей Федерациясының Владимир қаласында орналасқан Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтына жіберілген еді. Сараптаманың қорытындысына сүйенсек, малдар нодулярлық дерматит ауруына шалдыққан»,-деді С.Әбілқасымова.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, бұл ауру Қазақстанда бұрын мүлде кездеспеген. Ал, Атырау облысына Ресейден келген екен.
С.Әбілқасымованың айтуынша, зерттеу нәтижесі белгілі болған соң, облыс әкімі Махамбет Құрманғазы және Исатай аудандарында карантин жариялаған.
«Қазір осы аудандарда инфекцияға қарсы шаралар жүріп жатыр. Малдың қырылуы тоқтады. Облыстағы қалған малдарды егіп, емдеу үшін жергілікті бюджеттен 4,5 млн теңге бөлінді»,-деді С.Әбілқасымова.
Бұрын хабарлағанымыздай, Атырау облысында нодулярлы дерматит жұқтырған 700 сиыр қырылған. 27 шілдеден бастап өңірде карантин жарияланғанг еді. Қазір мал дәрігерлері осы аурудың белгілері байқалған малдарды емдеп жатыр.