21 Қазан, 2016

Кім мықты екенін шаршы алаң шешеді - Қанат Ислам

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгін Алматы қаласында қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мен ганалық Патрик Аллотей арасындағы жекпе-жекке арнайы баспасөз-мәслихаты өтті. Бірінші болып тілшілердің сұрақтарына Патрик Аллотей жауап берді. - Барлықтарыңызға рахмет. Алматыны аралап үлгермедім әлі. Мұнда мен тек жеңіс үшін келдім. Қарсыласымды құрметтеймін. Алайда ол мен сияқты мықты боксшымен әлі жұдырықтасқан жоқ. Әрине, Қанаттың талай кездесулерін зерттедім. Оның Олимпиадаға қатысқанын білемін. Ислам – мықты боксшы. Бірақ оның бұрынғы кездесулері маған маңызды емес, себебі мен - басқа қарсыласпын. Кейін бұл кездесудің бас ұйымдастырушысы Бауыржан Оспанов Ислам – Аллотей жекпе-жегіне қатысты өз пікірін айтты. - Айта кетер жайт, бұл кездесуде америкалық қазылар қызмет етеді. Сондай-ақ, «ринг-анонсшы» да америкалық болады. Енді жекпе-жекке қатысты айтатын болсам, Аллотей өзіне сенімді жігіт. Ол Алматыға жеңілу үшін келген жоқ. Қанат болса кәсіпқой не әуесқой бокс болсын, бірде-бір рет нокдаунда болмаған. Қазіргі таңда, Ислам-Аллотей жекпе-жегіне 8000 мың билет сатылды. Жалпы «Алматы Арена» 14 мың жанкүйер сыяды. Сондықтан, билет алуларыңыз әлі де мүмкін. Қанаттың сұрауы бойынша билет бағасын қолжетімді еттік, шамамен 1000-10000 теңге аралығында. Артынша, Қанат Ислам өзінің қарсыласы туралы пікірін білдірді. - Патрик – өте мықты боксшы. Мен оны құрметтеймін. Оның нокаутпен жеңістері менің жалпы кәсіпқой бокста өткізген кездесулерімнен көп. Не болса да, кім мықты екенін шаршы алаң шешеді. Бірнеше ай бойы осы жекпе-жекке дайындалдым. Өз жанкүйерлер алдымда бар күшімді саламын. Бокста бір соққы матч тағдырын шешуі мүмкін, сондықтан өте сақ болу қажет. Бұл кездесу мен үшін үлкен сынақ, үлкен жауапкершілік. Аллаға шүкір, Аллотейге қарсы жекпе-жекке дайындығым жақсы өтті. Ары қарай Қанаттың бас бапкері Нельсон Лопеске сөз берілді. - Негізі, Исламның келесі жекпе-жегі АҚШ-та өтуі керек болған, бірақ біз көп ойланып, бұл кездесу оның туған жерінде, Алматы қаласында өткізуді жөн көрдік. Аллотейге қарсы кездесуге өте мұқият дайындалдық. Ол өте қауіпті боксшы. Оның бірталай кездесулерін тамашаладық. Қанат егерде алдағы кездесуінде жеңіске жетсе, оған үлкен мүмкіндіктер ашылады. Қанат қазіргі таңда WBC тұжырымы бойынша рейтингте 4-ші орында тұр, яғни ол жеңіске жетсе, чемпиондыққа таласуы әбден мүмкін. Қанаттың чемпиондық жекпе-жегін америкалық «Showtime» арнасы көрсетуге дайын. Естеріңізге сала кетсек, Ислам мен Аллотей қарасындағы жекпе-жек қазанның 29-ы, «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді.