21 Қазан, 2016

Қарағанды кен байыту фабрикасы алғаш рет рекордтық өнім шығарды

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағанды кен байыту фабрикасы 40 жылдық тарихында алғаш рет рекордтық өнім шығарды. Көмірді байытып, оны концентратқа айналдыратын кәсіпорын мұндай табысқа жаңа флотациялық желіні іске қосу арқасында қол жеткізді. Сапалы өнімге сұраныс мол. Конвеерге бір ауысымда 200 вагон шикізат келеді. Алып цилиндрдегі суда көмірдің сапалы құрамы ажыратылады.  Бұл отынның қызуы мол. Әдетте, көмірді жаққанда оның 40 пайызы күлге айналса, концентратталған көмірден тек 10 пайыз қалдық шығады.  Қазір кен байыту фабрикасы айына 241 мың тонна көмір концентратын өндіреді. Өнімнің 50 пайызы металлургиялық комбинатқа жіберілсе, қалғаны елі ішіне, Ресей, Украина, Қытайға экспортталады.  Фабрикада 500 адам еңбек етеді. "2018-2020-шы жылдары нақты табысты кезең болмақ. Себебі «Орта және ауыр циклонды» деп аталатын үлкен жобаны қолға алмақпыз. Бұл жоба іске асқанда, өндірістегі өнім көлемі 3 есеге артады. Әрі жаңа технологияның көмегімен шығын азаяды. Жоба құны 20 миллион доллар шамасында" - дейді кен байыту фабрикасының бас директоры Дмитрий Боярский. Қарағандыда барлығы 10 шахта бар. Биыл олардан 33 миллион тонна көмір өндірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға жоғары.  Жалпы Қарағанды қойнауында 10,9 миллиард тонна көмір қоры бар. Осы қатты отынның тоннасы аймақтарда қыс алдында қанша екенін аймақтардағы тілшілерімізден сұрадық.  Сонымен Қарағандының өзінде - 4-6 мың теңге, Алматы облысында - 10 мың 200, былтыр 9500 болған. Ал Ақтөбеде - 14 мың теңге, Павлодар қаласында - 10-11 мың болса, аудандарда 12-13 мың теңге. Елдің шығысы Семейде тоннасы - 7,5 мың, ауылды жерлерде 12-16 мың аралығында. ОҚО-да - 12 000 тг, былтыр 10 жарым, 11 мың болыпты. Ал Қостанайда 6 мыңнан 12 мыңға дейін.