22 Қазан, 2016

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы  №58

210 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
  2016 жылғы 25 қаңтар, Астана қаласы Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін, ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидаларын бекіту туралы «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 60) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін, ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап): 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне қосу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж. ҚАСЫМБЕК Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 25 қаңтардағы №58 бұйрығымен бекітілген Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін, ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидалары 1. Жалпы ереже 1. Осы Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін, ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 60) тармақшасына сәйкес әзірленген және жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланады: 1) абоненттік нөмір – ол арқылы басқа абоненттік жабдықпен қосылу сол арқылы орнатылатын шартты жасасқан кезде абоненттің пайдалануына бөлінетін және желіде абонентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нөмір; 2) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру бойынша жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметті көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға; 3) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль; 4) жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақтың шеңберінде географиялық жағынан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, жылжымалы байланыс желілерінде (ұялы, транкингтік, спутниктік телекоммуникациялар желісінде және басқаларда) жұмыс істейтін жеке пайдаланылатын байланыс құралы; 5) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және басқа да қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе; 6) «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының есептік жазбасы (бұдан әрі – пайдаланушының есептік жазба) – пайдаланушыны тану (бірдейлестіру) және «электронды үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушы кабинетіндегі оның жеке деректері мен баптауларына қол жеткізу үшін қажетті, «электронды үкіметтің» веб-порталында сақталатын пайдаланушы туралы электрондық ақпараттық ресурстардың жиынтығы; 7) «электрондық үкімет» мобильдік қосымшасы (бұдан әрі – мобильдік қосымша) – жылжымалы желінің абоненттік құрылғысында орнатылып, іске қосылған және ұялы байланыс пен Интернет арқылы электронды нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді ұсынатын бағдарламалық өнім. 3. Осы Қағидалардың қолданысы жеке тұлғаларға жататын абоненттерге таралады. 2. Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және пайдаланушының есептік жазбасына қосу тәртібі 4. Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсеті­летін қызметтерді алу үшін ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін қосу пайдалану­шының есептік жазбасына тіркеу порталда, мобильдік қосымшада немесе Мемлекеттік корпорацияда жүзеге асырылады. 5. Порталда ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және пайдаланушының есептік жазбасына қосу үшін абонент мынадай іс-қимылдарды орындайды: 1) авторизацияланады; 2) порталдағы пайдаланушы кабинетінде абоненттік нөмірді енгізеді, «Тексеру кодын алу» функциясын баса отырып, абоненттің абоненттік нөмірінің тиесілілігін растау үшін порталмен құрылған және жіберілген қысқа мәтіндік хабарлама түріндегі абоненттік нөмірге бір реттік парольды алады және сұрануды электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады. 6. Мобильдік қосымшада ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және пайдаланушының есептік жазбасына қосу үшін абонент мынадай іс-қимылдарды орындайды: 1) авторизацияланады; 2) порталдағы пайдаланушы кабинетінде абоненттік нөмірді енгізеді, «Жалғастыру» функциясын баса отырып, або­ненттің абоненттік нөмірінің тиесілілігін растау үшін порталмен құрылған және жіберілген қысқа мәтіндік хабарлама түріндегі абоненттік нөмірге бір реттік парольды алады және сұрануды электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады. 7. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін қосу және пайдаланушының есептік жазбасына тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады: 1) абонент осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұялы байланыс операторы беретін абоненттік нөмірді тіркеуге және пайдаланушының есептік жазбасына қосуға өтініш береді; 2) Мемлекеттік корпорация қызметкері ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеуге және пайдаланушының есептік жазбасына қосуға сұрануды толтырады. Абонент Мемлекеттік корпорация қызметкеріне абоненттің абоненттік нөмірінің тиесілілігін растау үшін порталмен құрылған және жіберілген қысқа мәтіндік хабарлама түріндегі абоненттік нөмірге өзге алған бір реттік парольді береді. Мемлекеттік корпорация қызметкері сұрауды оған қызметтік мақсаттарда пайдалануға берілген өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырады. 8. Абонент порталда тіркелмеген жағдайда оны порталда тіркеу абоненттің абоненттік нөмірін тіркеумен және пайдаланушының есептік жазбасына қосумен бір мезгілде жүзеге асырылады. Мемлекеттік корпорация қызметкері абоненттің есептік жазбасына парольді ұсынады, сондай-ақ абонентке парольді өз бетінше өзгерту қажеттілігі туралы хабарлайды. 9. Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерді алу үшін ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны пайдаланушының есептік жазбасына қосу кезінде бас тарту абоненттің абоненттік нөмірінің тиесілілігін растау үшін порталмен құрылған және жіберілген қысқа мәтіндік хабарлама түріндегі абоненттік нөмірге абонент алған бір реттік парольді қате енгізген кезде жүзеге асырылады. Бас тартқан жағдайда, абоненттің абоненттік нөмірін одан әрі тіркеу және қосу бір реттік парольді дұрыс емес енгізуді абонент немесе Мемлекеттік корпорация қызметкері түзеткеннен кейін жүзеге асырылады. Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін, ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидаларына қосымша Абоненттік нөмірді тіркеуге және «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосуға өтініш Бірегей нөмір Жеке тұлғаның сәйкестендіру деректері: ЖСН: _______________________________________________________________ Тегі:________________________________________________________________ Аты:________________________________________________________________ Әкесінің аты: ________________________________________________________ Электрондық пошта мекен-жайы:________________________________________ Телефоны:___________________________________________________________ Жылжымалы желінің абоненттік құрылғысын пайдалана отырып, абоненттік нөмірді «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосу туралы келісіммен таныстым, қарсылығым жоқ. Заңнамамен көзделген жағдайды, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын және ақпараттық жүйелерде орналасқан мәліметтерді пайдалануға келісемін. Өтініш берушінің қолы _______________________________ Күні __ ж. «___» __________________ Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 24 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13195 болып енгізілді.