Бүгінгі таңда пәтер иелері үшін энергия үнемдеу мен заманауи инновациялық технологияларды күнделікті қолданысқа енгізудің маңызы зор. ЭКСПО-2017 көрмесін елімізде өткізудегі мақсаттың бірі осы екені белгілі. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында оны жүзеге асыру тетіктері жан-жақты көрсетілген.
Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бастамасымен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновация мен энергия үнемдеу технологияларын енгізу негізінде дамыту» атты аймақтық конференциялар өтпек. Қазан айының 28-і күні Астанада, ал 4 қарашада Ақтөбе қаласында өтетін алқалы жиынға қала және облыс басшылары, сонымен қатар, тұрғын үй инспекцияларының, ПИК қауымдастықтарының, халықаралық жобалардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің жетекшілері мен мамандары қатысады деп күтілуде.
Қатысушылар Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы орындалуының барысы жайында, тұрғын үй қатынастарын дамыту, көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мен ұйымдастыруды оңтайландыру, басқарушы және қызмет көрсетуші компаниялардың қызметі туралы бірқатар мәселелерді талқылап, пайымды пікірлерімен бөліседі.
Аймақтық конференциялардың жұмысына қатысуға мүдделі компаниялар аталған шараның ұйымдастырушысы – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығына хабарласа алады.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»