Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Дүниежүзілік тау-кен конгресі аяқталды.
Осымен 24 рет өткізілген халықаралық маңызы зор шараға Қазақстан тарапы да қатысып, Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов арнайы баяндама жасады.
Дүниежүзілік тау-кен конгресі әлемдегі тау қойнауындағы табиғи байлықты игеріп отырған елдердің басын қосатын ұйым. Ұйымға мүше елдердің Қазақстанға деген құрметі мен қызығушылығы жоғары. Еліміздегі жерасты қазба байлықтары мен кен көздерінің молдығы игерушілердің назарын аударатыны сөзсіз.Осы конгресс барысында азуын айға білеген алпауыт компаниялармен келіссөздер жасалды. Мәселен, AngloAmerican, VALE, Bahia Mineracao сияқты тау-кен өндірісіндегі көшбасшылар Қазақстан нарығына кіріп, кен көздерін бірігіп игеруге мүдделі.
Дүниежүзілік конгресске «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Kaznex Invest» АҚ, «Казгеология» компаниясы және «Тау-Кен Алтын» серіктестігінің өкілдері қатысып, отандық кен орындарының жай-күйімен таныстырды.
– Қазақстан кезекті рет шақырылатын Дүниежүзілік тау-кен конгресін Астанада өткізу мәртебесіне ие болды. Жиынның қорытындысында біздің делегацияға Конгрестің ресми эстафетасы – «Майлы шырақты» табыс ету рәсімі жасалды, – деді Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ