22 Қазан, 2016

Ширек ғасыр қалтқысыз қызмет

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
dsc_0024Бұдан ширек ғасыр бұрын іргетасы қаланып, ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан №7 қалалық клиникалық аурухана тек Алматы қаласында ғана емес, еліміздегі аса ірі көпбейінді емдеу орны. Ел экономикасының ең ауыр кезеңінде денсаулық күзетінде халық игілігіне қызмет көрсетіп, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, баянды болуына ат салысып келе жатқан бұл клиника қиын жылдарды да еңсерді, қаншама толағай табыстарға да қол жеткізді. Соның негізінде 25 жылда алып шаһарда білікті мамандар шоғырланған аурухана медициналық көмекке мұқтаж, жанына шипа іздеген жандарға күндіз-түні көмек көрсетті. Жуырда аталмыш аурухана қос мерейтойды Алатау шипажайында салтанатты жағдайда атап өтті. Иә, бүгінде халық аузында «Жетінші аурухана» деп аталып кеткен бұл емдеу орны 1000 төсек-орынға есептеліп салынған еді. Қызметкерлер жағынан да, келуші пациенттердің саны жағынан да еліміздегі аса ірі медициналық орталық саналады. Қазіргі таңда емдеу орнында 1359 қызметкер, оның 255-і дәрігер, олардың 4-і медицина ғылымының докторы, 14-і ғылым кандидаты, еңбек етеді, сонымен бірге, мыңға тарта орта буын медицина қызметкерлері күн-түн демей қажымай, талмай қала мен республика аймақтарынан келген емделушілерге арнайы және жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көрсетеді. Жылына 70 мыңнан астам науқас қаралып, оның 20 мыңнан астамы стационарда емделіп, күрделілігі әртүрлі деңгейдегі 11 мыңнан астам ота жасалады. Салтанатты жиынды Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бағдагүл Әбдірәсілова ашып, алдымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың, қала әкімі Бауыржан Байбектің құттықтауларын жеткізіп, клиника ұжымының қаламызда ғана емес, республика деңгейінде танылып, кәсіби біліктілігі жағынан көш бастап келе жатқанын мақтанышпен екпін түсіре айтты. – Егер біздің аурухананы адам жасымен есептер болсақ, онда бұл қос мерейтойға клиникамыз қалыптасқан тұлға ретінде келіп отыр, – деді одан кейін сөз алған аталған мекеменің бас дәрігері Әнуар Аманов. Клиника ең соңғы заманауи технологиялармен жарақтанған. Әрине, барлық істің бастамашысы білікті кәсіби маман. Клиника мамандары жоғары кәсібилігімен ерекшеленіп, білімдерін тұрақты жетілдірудің нәтижесінде жаңа ем түрлерін, сондай-ақ жоғары технологиялы емдеу әдістерін енгізіп отырады. Мәселен, жоғары технологиялық қондырғымен жабдықталған кеңестік-диагностикалық орталықта 300-ден астам талдау жүргізіледі. Қатардағы қалалық клиника бола тұра 2012 жылдан ағзаларды ауыстыруды қолға алды. Ағзалар трансплантациясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия орталығының мамандары әрбір науқасқа өмірге деген құштарлық пен үміт сыйлауда. Нейроинсульт, бес бөлімшеден тұратын нейрохирургия орталықтары мен биыл жаңадан ашылған ортохирургия және травматология, эндоваскулярлық және интервенциялық хирургия бөлімшелерінде заманауи емдеу тәсілдері жүргізіледі. Ал жаңа «жасанды бүйрек» аппараты – гемодиализдік ем-шара халықаралық гемодиализ стандартына сәйкес келеді. Онда пациенттің ахуалы ыждағатты бақыланады. Қанның параметрлеріне дәл мониторинг жүргізіліп, материалдарды араластыру электроника мен аппарат ішіндегі нақты бақылауымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, эндокринология, гематология, нефрология бөлімшелері де оңтүстік астана үшін бірегей бөлімшелер болып саналса, невропатология, урология мен гинекология бөлімшелерінде күрделі деңгейдегі оталар жасалады. Мамандардың білім деңгейін, кәсіби біліктілігін арттыру клиника басшылығының үнемі бақылауында. Суретте: Бағдагүл Әбдірәсілова білікті мамандарды марапаттауда