Баубек Бұлқышев ғибратын бағамдағанда Күллі әлемнің ашу-кегі, Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені Бомба бол да жарыл, жүрек! Қасым Тақуа тарихтың адам ойын сан-саққа жүгіртетін уағыз-дәрісін тыңдаған сайын ықылым заманның шүңетіне тереңдей беріп, адам баласының нәзік жүрегін қатайтқан, жұмсақ мінезін көркемдіктен айырған, ақ тілегінің орнына нәлет айттырған зұлмат соғыс тұсына келгенде басыңды жұлып аласың. Майдан даласы тек ерлік пен көзсіз батырлықтан тұрмайтынын, онда қасіреті мен қайғысы қабаттасқан бейбақ тағдырлардың бұралаң жолдары, бақыты мен қуанышы тапталған зобалаңдары жатқанын іштей түсінуге талпынасың. Хронологиялық заңдылықпен осы жылдар аралығында соғыс өтті дегенімізбен, қаншама жекелеген өмірлердің үстін жаншып өткен қорқынышты күндердің ауыртпалығын дәл бүгін сезініп, толық түсіне алар ма екенбіз. Батыр бабаларымыздың ерлігін асқақ пафоспен оқыған ұрпақ соғыс кезіндегі төтенше жағдайларды Василь Быков шығармаларындағы жазмыштай қабылдай бермейді. Онда да сатқындық пен сертке беріктік, махаббат пен адалдық, үрей мен эгоизм бір-бірімен тайталасып, өмір сүруге құлшынып жатады. Бейбіт күндердегі адам жанының әділетсіз қылықтарын соғыстың өзі жеңе алмапты. Соғыс күндері пенде баласының күншілдігін бір сәтке болса да тыймапты. Аспаннан оқ жауған түндер алауыз көршінің, бақталас замандастың нәпсісін сындырмапты. Сонымен қоса, аяулы арманға жетудің алыс жолын да қысқарта алмады. Жеңіске деген ерлік салтын да бұзуға дәрмені жетпепті. Бәрібір мейірім, жақсылық жеңіпті. Соған тәубе айтасың! Кім соғысты аңсасын... Адам сафи зәузатының қанын дүние пайдасы үшін төгуге құмар тасжүрекке айтылған қарғыс бұ дүниеде, не о дүниеде иесін табары да хақ. Бірақ сол қарғыс жеткенше қол қусырып отырар азамат азамат па? Жаның бәйгеге тігіліп, қай қаңғыған оқ шыбын жанымды ажалға ұстатар екен деген үрейлі сәтте жасалмаған ерлік ерлік пе? Соғыс көргендердің айтуынша, ерлік бір керемет жаужүректіктен емес, азаматтықтан туар абыройлы қадам болса керек. Баубек Бұлқышев өзінің қысқа ғұмырында ылғи осындай абыройлы қадамға баратын офицер сияқты елестейді. Оның тәртіпті бұзуы, сөзінде тұрмауы, туған жерінің әр пұшпағын жақсы көрмеуі мүмкін емес. Қазақ әдебиетінің жас буыны ретінде өзін жақсы сезініп, жауапкершілікпен ылғи өзін қамшылайтын тұсы соғыс қана емес. Әбу Сәрсенбаевтың естелігінде әлем әдебиетінің том-том шығармаларын оқып, тіпті, түскі асқа шықпай, бір стақан айранды қанағат етіп, алтын уақытты қимағанын жазады. Бәлкім, бір тылсым Құдірет жас қаламгерге ғұмырының қысқалығын сездірген шығар. Жиырмадан жаңа асқан шағында Гете, Шиллер шығармаларын тәржімалап, аудармадағы алғашқы қадамдарын да жасайды. Әскерге шақыртылып, одан ары майданға аттанған Баубектің патриоттық шығармалары баспасөзде үздіксіз жарияланды. Қаламын қаруымен қатар көтеріп жүрген жауынгер-жазушы қанды майдан даласында да жазуын тоқтатпады. Қолы қалт еткенде Мұқан Иманжановқа хат жазып, өлең, мақалаларын реттеп, «Алматылықтарының» басын жазды. Баубектің «Өмір сүргім келеді» деген мақаласын оқығаннан кейін Асқар Тоқмағамбетовке хабарласқан Мұхтар Әуезов: «Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті. Оның өзі бір өте талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой өрісі өте терең жатыр... Маған қатты ұнады, көзіме жас алдым...», дейді. «Әбеке, мынау бала ғажап қой, керемет қой... Бұған дейін қалай елеусіз келген... Соғыс кезі ойын қанаттандырып, қаламын өткірлеп жіберіпті ғой...», – дейді Ысқақ Дүйсенбаев Әбу Сәрсенбаевқа майдан газетін шығарып жүріп. «Сол жұлдызды мезгілсіз сөндіріп аламыз ба деп қорқамын. Ол қазір саперлер ротасының командирі. Ал сапер дегендер үнемі оқ астында. Шабуылға жол ашатын да солар. Оқ астында жүріп көпір салатын да солар...» деген Әбу сөзінен кейін Баубекті газетке алдырмақшы боп, жоғары жаққа хат жазады. «Тездете көріңдер, ең болмаса дидарласып қайтайын. Қатты сағындым» деген Баубек Мұқанға да газетке ауысуын, онда жазуға көп мүмкіндік болатынын жалына жазған. Бірақ тағдыр оны құптамапты... Иә, соғыс жаңа көктеп келе жатқан қанша талантты ерте қырықты. Абдолла Жұмағалиев, Әли Есманбетов, Ихлас Адамбеков, Омарбек Пұсырманов, Сабыржан Үкенов, Бақтияр Меңдіғазин сияқты «жаңа өспірім, көгерім» кеткендердің арасында есімі бізге беймәлім қалғаны қаншама. Қасым Аманжолов мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы бұрын-соңды қазақ әдебиетінде үлгісі жоқ шығарма екенін ұғына бастағанымызда солардың ар жағында қанша таланттың қуат-күші жатқанын аңғара да бермедік. Жалғыз Қасымның емес, бәрінің ақындық қуаты осы поэмаға келіп құйылды ма екен. Кім біледі, әйтеуір сол поэма тек Абдолланы емес, сол сияқты қанша ақынды ұдайы еске салып тұрады. «Осы ғаламат қырғын сұрапыл соғыс үстінде жаныңа сүйеу болатын нәрсе – біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген сенім! Олардың өлімінде де өмір бар!» деген Баубек сөзі қайта-қайта жаңғырады. Баубекпен жолығу – өте қызық. Ол саған ақылы үлкен аға болып кеңес айтып тұрып алмайды. Немесе парасат биігінен төмен қарамайды. Ол сол биікке ұмтылады. Және саған бар сырын айтады. Өзі айтатын қаламгерлер сияқты, қазақ әдебиетінің бір өкіліне айналуды қалайды. Ол да сен сияқты әлі ештеңеге қол жеткізбеген жас. Мұңын да жасырмайды. Сен бейне Мұқан сияқтысың. Үнемі оның хаттарын оқып, жауап бергің келеді. Сонау майдан даласынан айтқан арыз-тілегін орындап, тек Баубектің өтінішімен ғана қала кезгің келеді. Сейітжан, Бибігүлдерге сәлемін жеткізгің кеп, әлде бір газет-журнал редакциясының есігін: «Мынау Баубектің мақаласы» деп ашқың келеді. Соғыс уақытын емес, Баубектің көңілін сағынасың... Оның көңілі қардан ақ, судан таза. «Тыңда, Кавказында» адам тағдырларын соғыстың теңестіріп жібергенін жазып, күллі кеңес үкіметінің халқына үндеу айтатын қаламгердің досы болу қандай жақсы. Және Мұқан сияқты дос бола алсаң, қане. Немістер шабуылға шыққанда «күзем тойда болған қазақ жігіттері: «Фрицтер күземге кірісті» деп күлісіп тұрады. Жау оғының астында қасқайып күлісіп тұрған шығыс адамдарын жаным сондай сүйеді». Дұшпан оғының өзін күліп қарсы алатын Шығыс ұлының «өлімнен ұяты» күшті екенін Бұлқышев қалай жақсы біледі?! «Өмірдің ең биік шыңы – жастық» деген Гете сөзін үнемі айтатын ол өзінің жастығын барынша молынан пайдаланды. Жазуында да, соғыста да. Баубек шығармаларынан үлкен көркемдікті талап ете алмаймыз. Аяқтай алмай кеткен «Алматылықтар» романы сол уақыт үшін үлкен ерлікпен пара-пар еді. Неге Баубек соғыста жүріп роман бастады? Мұқанға жазған хаттарында үнемі жазу, поэма, өлең, мақалалары туралы ой толғайды. Олардың баспасөзде жарық көруін қатты қадағалайды. Адам өзіне келе жатқан ажалды сезе ме, расымен. Әйтпесе Мұхтар, Әбу аңсағандай соғыстан аман келсе, Камал Смайылов айтқандай: «Олесь Гончар мен Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов пен Василь Быков секілді соғыстың философиялық, моральдық, психологиялық аспектілерін терең ашып жазар ма еді?». Баубек хаттары – өзінің өмірбаяны. Ол жүріп өткен жолды әлдеқандай архив парақтарын ақтармастан, хатынан оңай аңғаруға болады. Ол туралы жазғандардың бәрі жастық деген «өмірдің биік шыңына» көз қадады да тұрды. Ал арманы, ойы өзімен қалды... Баубектің жастық шыңына шыққан сайын оның өмірлік тәжірбиесінің молдығын (жас та болса), әдебиет туралы пайымының қалыптасып, жанр табиғатын сезіне алғанын, әдеби эстетика мен өзіндік поэтикасын қалыптастырған қаламгер екенін аңғарасыз. Әдеби мұрасын қалдыруға, жинақтауға қанша асыққанымен, оның жазуынан осы бір асығыстықты еш байқамайсыз. Керісінше, оптимистік лепке толы шығармалары қанша жасқа рух сыйлады. Майдан даласына республиканың түпкір-түпкірінен «Булкишеву» деп ағылып жататын хаттардың көбін жауапсыз қалдырмаған көңілі көп дүниеден үмітті еді. Оның шығармаларының негізгі арқауы – бейбітшілік. Өлеңдерінде де, мақалаларында да, тіпті, «Алматылықтарында» да ол соны аңсайды. Романындағы Ғазиз махаббатының ар жағында «адам соғыс кезінде қандай махаббатымен ашық жолығысып, еркін тілдесе алсын» деген емеурін жатқаны анық. Баубектің жастық шыңында жақсылыққа құмарлық, өмірге құштарлық, жер бетіне ізгілік тілейтін мол мейірбандық бар. Сол шыңнан біз алыстаған сайын осы бір Құдай сыйлаған нығметтерден де алшақтап бара жатқан сияқты көрінеміз. Ол – әлі былғанбаған, сол жас қалпында соғыс көрген қасіретті, арманшыл жүрек. «Майданда сөйтіп бір күн мен өлермін, Қоштасып жер бетінен жөнелермін. Бір өлген соң, қайғы жоқ, уайым жоқ, Қандай болар, о, сонда жайың сенің? Ролін өзі атқарар нашар жүрек, Тереңіне батарсың дүниенің, Ұлытау құлағаннан кейін соқпас, Терегі туып-өскен біздің жердің, – Сөз де түспей ауызға, – дей берерсің, «О, өлім, жауыз өлім, жауыз өлім!». Міне, ол біздің көкірегімізді жер бетінен адалдық іздеген, адам жанын рахат сәулесімен нұрландырған арманшыл ойларымен толқытып тұр. Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Ұлытау облысында 1,2 млрд теңгеге мектеп салынады
Аймақтар • Бүгін, 10:25
Отандық өндірушілерді қолдау – экономикалық тұрақты өсудің негізі
Экономика • Бүгін, 10:15
Елімізде 25 мың жұмыс орны ашылады
Экономика • Бүгін, 10:00
Азаматтардың мүддесі ескеріледі
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:40
Қылмыстық топтың тәркіленген мүлікті шетелдіктерге сату әрекеті әшкереленді
Қылмыс • Бүгін, 09:34
Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:33