22 Қазан, 2016

Қаршыға-күй қанатын қомдады

524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
eas-927Атырауда күйші, композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы жеке домбырашылардың І республикалық байқауы өтті Қаршыға Ахмедияров – баршаға тек күйшілігімен ғана емес, сонымен бірге, композиторлығымен де танымал болған талант иесі. Оның күй тартысы бөлек еді. Құдды он саусағы домбыраның қос ішегінен күй саулатып тұрғандай әсерге бөлейтін. Өнердегі атағы дардай болғанмен, өмірдегі қарапайымдылығы таңдандыратын. «Қаршыға Ахмедияров – ұстаздардың нағыз ұстазы, өте қарапайым, кішіпейіл болатын. Студенттердің домбыра тартысына көңілі толмаған сәтте «Бойында өнердің ұшқыны бар, оқудан шығармай-ақ қой» деп жанашырлық танытатын. Талантты жастың бағын ашуға барын салатын, сөйтіп, үлкен өнерге аттандыратын» дейді ұстазы жайлы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Кәрима Сахарбаева.     Күйшілік өнерімен ғана шектелмей, өзі де бірнеше күй шығарған, сонымен бірге, Махамбет Өтемісұлының күйлерін зерттеп, нотаға түсіріп, қазақ өнерінің алтын қорына қосқан қайталанбас талант иесі Қаршыға Ахмедияровтың  кіндік қаны тамған Атырауда жеке домбырашылардың республикалық байқауы өтті. Әлбетте,  «Күй – Ұран» деген атаумен алғаш рет шымылдық керген аталмыш  шара дара күйшінің мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға арналды. – Қазақ халқын бүгінгі күнге дейін жеткізген – оның дәстүрлері. Соның ішінде Қаршекең қасиетті қара домбыраны қолына қару етіп, құдіретті өнер жолында аянбай тер төкті. Бір адам елге қызмет атқарса, осы ағамыздай атқарсын! Ол Біріккен Ұлттар Ұйымында, Нью-Йорктегі «Карнеги Холлда», Вашингтондағы «Кеннеди» орталығында, одан қала берді басқа да алыс-жақын елдерде  домбыраның үнін әуелетті. Жыр семсері Махамбеттің ұмыт қалған оннан астам күйін қатарға қосты. Бес жүзден аса күйді күйтабаққа түсірді, 150-ден астам әні бар. Мұның бәрі – адал еңбек. 1991 жылы «Гурьев атауын өзгертеміз» дегенде Қаршекең «Атырау» деген күй шығарыпты. Ол облыстың атауын насихаттауда да зор рөл атқарды. Сөйтіп, өнегелі із қалдырды. Күйшінің салып кеткен сара жолын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру – бізге парыз. Биыл бұл байқауды Атырау төрінде өткізсек, келесі жолы өзінің кіндік қаны там­ған Махамбет ауданының Таңдай ауылында ұйымдастыруға әбден болады. Қаршекеңе қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – дей келе,  күй күмбірлеген  республикалық бай­қау­дың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұр­лан Ноғаев күйшінің жеке домбырасын шертіп берді. Байқауда еліміздің әр өңірінен жеке домбырашылар бақ сынады. Оларға алдымен Қаршыға Ахмедияровтың күй өнеріндегі өзіндік нақышын жалғастыру талабы қойылды. Сөйтіп, бірінші және екінші кезеңде үміткерлер күйлерді өзінің таңдауымен, сонан соң арнайы тапсырмамен орындады. Ал үшінші кезеңде оркестрдің сүйемелдеуімен күй тартты. Осылайша, Атыраудағы Н.Жантөрин атындағы облыстық филорманияның сахнасы екі күн бойы күй күмбірімен тербелді. Нәтижесінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері  Асылхан Жоламанов, Серік Әлі­­беков, Бекболат Әбдіберікұлы, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің студенті Дарын Құдай­бер­генов үшінші жүлдені иеленіп, 250 мың теңге­мен марапатталды. Екінші жүлдеге ие бол­ғ­ан Ұлттық консерваторияның тағы бір сту­денті Азамат Шынаровқа  375 мың теңгелік сыйлық берілді. Бірінші орынды иеленген Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының  студенті Айнұр Сақыпова мен Алматы облысы Қарасай аудандық мәдениет үйінің қызметкері Таңат Сәденовке 625 мың теңгеден тиді. Өзінің домбыра тарту машығымен дара­лан­ған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Абылай Тілепбергенов байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Оның сыйлығы – 1 миллион теңге. Байқау барысында  күйшінің жары Нұрбике Жұмағалиқызы құрастырған «Күй толғау» атты монографиялық кітабы таныстырылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ