22 Қазан, 2016

Ветеринариялық білім берудің инновациялық бағыттары

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ветеринариялық білім бойынша Халықаралық эпизоотиялық бюроның жаһандық конференциясы ұсыныстарын Орталық Азия аумағында жүзеге асыру туралы» тақырыбында бірінші аймақтық кеңес өтіп, оған ветеринарияға бағытталған жоғары оқу орындарының ресми өкілдері және Франция атынан Халықаралық эпизоотиялық бюроның делегаттары, ТМД-ның 11 мемлекетінен (Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Өзбекстан) өкілдер қатысты. Жиынды Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, ветеринария саласындағы түйткілді мәселелерді ортаға салып, аталған бағытта университет тарапынан атқарылып жатқан инновациялық жобалар жайын баяндап, алдағы атқарылатын іс-шараларға тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі таңда адамдардың ден­саулығы мен өмірі үшін ветеринарлық медицинаның ма­ңыздылығын қайта бағалау өте қиын. Себебі, адам мен жануарларға ортақ аурулар саны жыл сайын артып келеді, қоршаған орта факторлары мен дәрі-дәрмектердің әсеріне төзімді вирустар мен микроорганизмдердің жаңа штамдары пайда болуда. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді!» деген қағида бар. Сондықтан, сапалы ветеринарлық білім беру мен білікті маман дайындаудың маңызы өте жоғары. Ветеринарлық білім беруді дамытудың инновациялық әдістерін талқылау дәл біздің оқу орнымызда өтуінің өзіндік себебі бар. Ветеринария саласында ­ма­ман дайындауды университет 1929 жылдан бері жүргізіп келеді. Тек тәуелсіздік алған жылдардың өзінде университет қабырғасынан алты мыңнан астам ветеринар, ветеринар-санитар дәрігерлер, магистрлер мен PhD докторлар түлеп ұшты. Университет Ветеринарлық медицина және Ветеринарлық санита­рия ма­мандықтары бойынша үш деңгей­де білім беру бағдарламасын жүзеге асырады.Университеттегі Ветеринария факультеті халықаралық ғылым-білім беру кеңістігінде көптеген табыстарға жетуде. Қос диплом бағдарламасын жүз­еге асыру бойын­ша әлемнің же­тек­ші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс дамуда. Олардың қатарында Шығыс Финляндия университетінің, Ветери­нарлық ме­д­ицинаның Ганно­вер университеті, Ыстанбұл вете­ри­нар­лық университеті, Вагенинген университеті және т.б. бар», – деген ол әрі қарай ойын дамыта келе, оқу орнының базасында агро­техникалық ХАБ өз жұмысын бас­тағанын ол мемлекеттің және же­ке­меншік сектордың ресурстарын бір арнаға шоғырландырып, оны ел үшін пайдалы, перспективасы жо­ғары жобаларға бағыттайтынына тоқталды. Ғылыми басқосуда көптеген мә­селелер қарастырылды. ТМД ел­дерінде және Орталық Азия ау­ма­ғында ветеринариялық білім бе­рудегі жағдай талданып, соны­мен қатар ветеринариялық оқу орындарын бітірушілерінің құ­зыр­еттілігіне қойылатын Халық­аралық эпизоотиялық бюросының ұсыныстарын қарастыру және вете­ри­нариялық білім ветеринариялық беру бойынша Халықаралық эпизоотиялық бюросының негізгі концептуалды бағдарламасын ұсыну мәселесі көтерілді, деп хабарлады ҚазҰАУ-дің баспасөз қызметі.