22 Қазан, 2016

Қара шаңыраққа түркі жұрты қарыздар

919 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? «Қазақстан» дегенде түркі атаулының тебіренбейтіні жоқ шығар. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға көсіліп, ұлан-ғайыр жерді жайлап жатқан елдің екі иығында Шығыс пен Батыс орналасқан. Бұл өлкесіз ежелгі арийлерді, сақтарды, ұлы ғұндар көшін, Ұлы түрік қағандығын, Дешті-Қыпшақты және ғаламдастырудың алғашқы легі – Ұлы Жібек жолын елестету әсте мүмкін емес. Талас түбінде 751 жылы болған Таң империясы мен мұсылман әскерлерінің шайқасы Тұранның келешек тарихы мен мәдениетін түбегейлі айқындап берді. Ислам діні бұл жерлерге біржола орнығып, аты аңызға айналған әсем де көрікті қалалар пайда болды. Түркі та­ри­хын бүгінде Отырарсыз не Саурансыз, я бол­маса әл-Фараби, Қашқари, Баласағұни және басқа да ұлы ғұламаларсыз елестету мүмкін емес. Жарты әлемге үстемдік етіп, талай ғасыр­дағы әлем тарихы көшінің бағытын айқындап берген Шыңғыстың жаугершілік жорықтары да көне қазақ жерінен басталған. Алтын орда, Османлы империясы, Ұлы моғолдар империясы сынды қуатты түркі мемлекеттері шоғырының дәуірлеген шағы тарихи жадпен таразылағанда құдды бір кеше ғана болғандай... Тарихтың астан-кестен соққан талай дауылының өтінде болған Қазақстанның өзін дербес мемлекет ретінде жариялағанына да мінеки, ширек ғасыр толып отыр. Кеңес Одағы сетіней бастаған алмағайып заманда дәуір сахнасына Нұрсұлтан Назарбаев шығып, ұшы-қиыры жоқ алып Еуразияда өрбіген саяси үдерістерге белсене араласып кетті... Тарихтағы жеке тұлғаның орны қандай деген сұрақтарға жауап іздегенде кейде арты пікірталасқа айналып жататыны бар. Алайда, Қазақстан басшысының тарихтағы орны да, еңбегі де ерекше. Назарбаевсыз соңғы отыз жылдағы Еуразия тарихын елестету мүмкін де емес... Сан салалы бағытта, сан қырлы ауқымда сыртқы қатынастарын өрістетуге жіті көңіл бөлген Қазақстан тектілік танытып, тамыры бір түркі халықтарымен байланысын нығайтуды да назардан тыс қалдырған жоқ. «Жеті ғасырын білмеген ел – жетесіз» дейтін қазақтың даналық мақалын санаға мықтап түйген балғын мемлекет тарихтағы бүгінгі орнын білу үшін өткенді түгендеу қажет екенін жақсы түйсінді. Қазіргі түркі ынтымақтастығы институттары тікелей Президент Назарбаевтың бастамасымен құрылғандығы баршаға мәлім. Түркітілдес елдер арасындағы өзара әрекеттестіктің ауқымы кең екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Санамалай айтсақ, сонау 1992 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Университет – түркітілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны. 1993 жылы Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТүркСОЙ) құрылып, түркітілдес елдер мен қауымдарының мәдени мұралары мен жетістіктерінің әлемге паш етілуіне, сондай-ақ, қайта түлеп-жаңғыруына игі ықпалын тигізді. Осы жылдарда елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар айтарлықтай ілгеріледі. Түркияның орта және жоғары білім орындары Қазақстанда, басқа елдерде ашылды, елдер арасындағы ақпарат алмасу үдерісі ұлғая түсті. Қазіргі кезде студенттерге бір түркі елінен екінші біріне барып оқуға, білімін жетілдіруге көптеген мүмкіндіктер жасалған. Түркітілдес елдер арасындағы түрлі саладағы байланыстар айтарлықтай артқан соң, осы қол жеткізген жетістіктерді баянды етіп, елдер арасындағы пайда болатын көптеген мәселелерді реттейтін, қарым-қатынастарды үйлестіретін құрылымдарға сұраныс арта түсті. Осының нәтижесінде 2008 жылғы Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылы Түркітілдес елдердің Ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) дүниеге келді, ал 2010 жылы Халықаралық түркі академиясы Астана қаласында шаңырақ көтерді. ТүркПА-ның негізгі мақсаты – осы ұйымға кіретін елдер арасындағы уақыт өткен сайын артып келе жатқан байланыстарға заңнамалық негіз жасау, сондай-ақ, әр саладағы қатынастардың дамуына тікелей ықпал ету. Яғни, бір сөзбен айтсақ, ТүркПА – түркі дүниесінің парламенттік өлшемі. Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырлас қарым-қатынастардың одан әрі беки түсуіне елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сыйластық дем бере түсетіні сөзсіз. 2015 жылдың сәуір айында Реджеп Тайип Ердоған Түркия Президенті ретінде Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапармен келген соң, Астанадан Түркістанға аттанды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті. Екі ел басшылары бұдан соң көне шаһарда бой көтерген 2 мың орындық жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Түркістанда Президент Ердоған былай деді: «Қазақ пен түрік – бауырлас халықтар. Осыдан жиырма жыл бұрын Кеңес империясының құрамынан мемлекеттер бөлініп шыққан кезде, көптеген елдер мұсылман мемлекеттердің күні қараң болады деген пиғылда болған еді. Алайда, Қазақстан сияқты мемлекеттер әлемдегі іргелі елдердің қатарына қосылды. Мен бұған бауырлас ел ретінде шын жүрегімнен қуанамын. Біз, түркі халықтары, қандай жағдайда да бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, бір болуымыз керек». Бауыр қадірі басыңа күн туғанда білінеді. Түркияда демократия жолымен сайланған үкіметті тайдырмақ болған қанқұйлы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен соң Президент Назарбаев шет мемлекеттер басшыларының ішінен бірінші болып Түркияға келіп, қолдау көрсетті. Қазақстанның әрқашан Түркияға деген риясыз достығы және де түркітілдес елдер арасындағы байланыстардың нығаюына қосқан үлесі үшін Президент Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деңгейінде құрмет көрсетті. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мемлекет ретінде нығайды, төрткүл дүниеге танымал болды, беделі асқақтады. Ең бастысы, елін сүйген, қазіргі заманғы білім мен ғылымға сусындаған жаңа ұрпақ пайда болды. Сондықтан да, Қазақстан болашағының жарқын екеніне кәміл сенемін. Жасай бер, нұр шұғылалы ел! Мағжан ЖҰМАБАЕВ Халук ИПЕК, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Түркия-Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасы, ТүркПА құқықтық істер және халықаралық қатынастар комиссиясының төрағасы