22 Қазан, 2016

Сына қағылған сызат

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
adil-aga-2Нобель сыйлығының 2001 жылғы лауреаты, америкалық экономист Джозеф Стиглицтің «Алапат сызат» (Joseph Stiglitz. «The Great Divide») атты сараптамалық туындысы 2015 жылы жарық көрді. Сол еңбегінде автор жаһандық нарықтық экономика мен саясат әлемінде орын алып отырған теңсіздікке сын көзімен қарай отырып, Американың сүт бетіндегі қаймағы іспеттес, халықтың 1 ғана пайызын құрайтын бай-бақуаттылары мен қалған «99-дың» арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін тайға таңба басқандай дәл сипаттайды. Ғалым айтқандай, майлы ет пен ас болмас желке секілді, аталған екі топтың бастары біріге бермейтіні шындықтан алыс емес. Өйткені, олардың мазасын қашыратын мұңдары ғана емес, мақсат-мұраттары да, күнделікті өмір сүру салт-дәстүрлері де әр басқа. Демек, бұл жерде «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» деген халық даналығының қисыны келіп тұрғаны анық байқалады. Содан соң, қатардағы америкалықтарды колледждегі балаларының төлемақысын қалай өтейтіні, отбасындағы жақындарының бірі ауыр науқасқа ұшырай қалса, қайтіп емдететіні, сондай-ақ, зейнетке шыға қалса, әрі қарай күнін қалай көретіні секілді түйткілдер жиірек алаңдатады. Өйткені, 1930-жылдардағы Ұлы депрессия кезінде ондаған миллион адамның өз үйлерін сақтап қалуға жанұшыра жанталасқаны да, миллиондаған өзге жұрттың баспаналарынан мүлде айырылып қалғаны да олардың жадынан әлі кете қойған жоқ. Ал мұндай «ұсақ-түйектер» әлгі 1 пайызға кіретіндердің санасы тұрмақ, түсіне де кірмейді. Солай бола тұрғанмен, автордың пікірінше, күллі әлемдегі тұрмысы шалқыған 1 пайыздың тағдыры, түптеп келгенде, қалған 99 пайыздың тағдырына тікелей тәуелді. Себебі, қайықтағының жаны бір демекші, халқының басым көпшілігінің әл-ауқаты тұрақты экономикаларда 1 пайыздың да, 99 пайыздың да мүмкіндігі мол болады. Ал жағдай керісінше болса, экономикалық тұрақтылық ұзаққа бара қояды деу қиын. Ғұлама экономистің бұлайша топшылауына негіз жеткілікті. Біріншіден, аталған елдегі аз бен көптің арасындағы күннен-күнге ұлғайып келе жатқан теңсіздік, ең алдымен, соңғылардың мүмкіндігінің шектелуіне себеп болып отыр. Ал бұл фактор, өз кезегінде, мемлекеттің ең үлкен құндылығы болып табылатын көпшілікті немесе 99 пайызды күш-қуатын толық пайдалану мүмкіндігінен айырып, экономиканың тиімділігіне кері әсерін тигізуде. Екіншіден, теңсіздікке жол ашып отырған бұрмалаушылықтың енді бірі, белгілі бір мүдделермен байланысты, 1 пайыздағыларға шексіз монополиялық билік беріп, олардың салық жеңілдіктеріне қол жеткізу мүмкіндіктерін молайтумен де тікелей байланысты. Бұл фактор, өз кезегінде, бұрмалаушылықты одан бетер күшейтіп, экономиканың кері кетуіне тікелей ықпал етуде. Үшіншіден, заманауи экономика ұжымдық ықпалдастықты талап етеді. Бұл, ең алдымен, мемлекет тарапын, әсіресе, инфрақұрылымға, білім мен технологияға көбірек инвестиция тартуға міндеттейді. Бұл талаптар орындалмаса, экономиканың жаппай алға басуы шабандайды. Төртіншіден, экономика мен саяси қатынастардағы теңсіздіктің шынайы себептерін экономистердің өздері де дөп басып айта алмайды. Мұнда сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтың басты қағидасының да ықпалы басым. Өйткені, бүгінгі заманауи технологиялар білікті мамандарға да, орта білімді мамандарға да сұранысты тым азайтып жіберді. Оның үстіне, жаһандану заманы әлемдік нарыққа жол ашып, ел ішіндегілерден гөрі шетелдік арзан жұмыс қолын өндіріске көбірек тартуға мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса, әлеуметтік өзгерістер де, оның ішінде жұмысшылардың мүддесін қорғайтын бұрынғы кәсіподақ ұйымдарының қысқарып кетуі де елеулі ықпалын тигізуде. Бесіншіден, бүгінгі теңсіздіктің тағы бір себебі, қаржы жүйесіндегі бармақ басты, көз қыстылықпен тікелей байланысты. Атап айтқанда, өзгелердің құқын аяқ асты етіп, бай-бақуаттылардың көздеген мүдделерін қанағаттандыру үшін қалыптасқан жүйедегі бұрынғы ережелер қаржы институттарының өз қолдарымен жорта бұзылып, жасанды мүмкіндіктерді ақшаға сатып алу орын алады. Түптеп келгенде, Нобель сыйлығының лау­реаты – Джозеф Стиглицтің «Алапат сызатпен» айтпақ болғаны әлемдегі аттөбеліндей бақуатты топтың уысына жинақталған ұшан-теңіз байлықтың қоғамды қақ бөліп, теңсіздіктің отын лаулатып, тек жекелеген адамдардың ғана күйін күйттемей, ортақ мүдделерге сәйкес, қалған жұрттың да қалауын ескере отырып, әділетті бөлініп, тиімді жұмсалғанын көксейді. Ал ауқаттылар болса, өзіне қажеттің бәрін де сатып алуға мүмкіндігі жетіп артылатындықтан, үкіметке бағына бермейді. Сондықтан, олардың басым көпшілігі астына басқан байлығын қызғыштай қорғайды және оны күллі қоғамның ортақ пайдасына арнауға ынталы болмайды. Осы себепті, автордың туындысынан ұлан-ғайыр байлық пен ұлы сана қатар жүрсе, қоршаған орта да, адамзат болмысы да иманды арнаға түсер еді деген мөлдір ниет менмұндалап тұр. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері