Кеше Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) журналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, сондай-ақ, республикалық, өңірлік және этностық БАҚ, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар қатысты.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін, бейбітшілік пен келісім саясатын нығайтудағы рөлін басты тақырып етіп алған «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін Ералы Тоғжанов ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол бірінші кезекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміз өрісін кеңейтіп, бірлік пен татулығын нығайтып отырғанын сөз етті. Сондай-ақ, Е.Тоғжанов халқымызды ынтымаққа үндеуде, Елбасы саясатын елге түсіндіруде және Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қолдау білдіру ісінде аянбай еңбек етіп жүрген журналистер қауымы қызметінің ерекше екеніне екпін берді.
Бұдан кейін сөз алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, ҚХА мүшесі Владимир Божко Қазақстанның 25 жыл ішіндегі барлық жетістіктері Елбасының өлшеусіз қызметімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен бірге ол еліміздің дамуына ақпараттық кеңістікте тер төгіп жүрген журналистер қызметінің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен, 25 жылдың құрметіне өткен байқауда үздік ретінде танылған еліміз бойынша 25 журналиске сыйлықтар тапсырылып, алғыс хаттар берілді. Олардың арасында «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, әріптесіміз Думан Анаш та бар. Ол «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған үздік мақалалар» аталымы бойынша марапатталды.
Айта кетейік, байқауға 200-ден астам өтінім келіп түскен, оның ішінен республикалық кезеңге 75-і іріктеліп алынған. Байқауға қатысушылардың жұмыстарын Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов төрағалық еткен қазылар алқасы бағалаған.
Салтанатты шарада концерттік бағдарлама және «Тәуелсіздіктің 25 сәті» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»