Астанада «ШЫҰ-ға мүше, байқаушы және диалогы бойынша әріптес мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит (бақылау) органдарының мемлекеттік аудиторларды сертификаттауды енгізу тәжірибесі» деген тақырыпта халықаралық семинар басталды.
Есеп комитеті ұйымдастырған семинар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит (бақылау) органдарының ынтымақтастығы шеңберінде 2016-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында көзделген.
Осы іс-шараға қатысу үшін Қазақстан астанасына Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Түркияның жоғары мемлекеттік аудит органдарының (ЖМАО) өкілдері келді.
Семинардың ашылуында Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстанның жоғары мемлекеттік аудит органының басшысы түрлі елдердің мамандарына мемлекеттік аудит саласындағы ең маңызды мәселелер бойынша тәжірибе мен пікірлер алмасуға мүмкіндік беретін осындай кездесулер өткізудің маңызды екенін баса айтып өтті. Есеп комитеті төрағасының айтуынша, әлемнің тез өзгеріп отырған жағдайында мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, аудит жүргізу әдістерін жетілдіру қазіргі заманғы аудиторлық қоғамдастық үшін өте өзекті.
Қозыкөрпеш Жаңбыршин Есеп комитеті үздік әлемдік тәжірибені зерделеуге және пайдалануға, соның ішінде қазіргі уақытта Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік аудиторларды сертификаттау шеңберінде де үлкен мән беретінін атап өтті.
«Сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия екі айдан астам уақыт жұмыс жасауда. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының 661 қызметкерімен әңгімелесу өткізілді. Олардың басым бөлігіне мемлекеттік аудитор мәртебесі берілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 800-ден астам кандидатқа қатысты шешім қабылданатын болады», – деп хабарлады ол.
Семинар барысында оған қатысушылар Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Түркияның ЖМАО-ларының мемлекеттік аудиторларды даярлау және қайта даярлау мәселелеріне қатысты ұлттық көзқарастарымен танысып, аудиторлық іс-шараларды жүргізудің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында оларды сертификаттау тетігін жетілдіру жолдарын талқылады.
«Егемен-ақпарат»