21 Қазан, 2016

Астанада Солтүстік Қазақстан күндері басталады

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Солтүстік Қазақстан облысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына маңызды экономикалық жетістіктермен жетті. Облыстың Астанадағы күндеріне орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осылай деді. Баспасөз мәслихатында А.Сапаров облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды мәліметтерді ортаға салды. Оның айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі 25 жыл ішінде 13 есеге артып, 837 миллиард теңгеге жеткен. – Өңірлік жалпы өнім жан басына шаққанда 20 есеге артып, 1 миллион 700 теңгені құрады. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 34 есеге көбейіп, 2015 жылы 155 миллиард теңгеге жетті. Өндірістік өнім көлемі 1991 жылы 7 миллион теңге болса, былтыр 167 миллиард теңге болды. Ауыл шаруашылығы кешеніндегі еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 1 миллион 666 мың теңгеге жетті. Қазіргі таңда аграрлық секторда алдыңғы қатарлы техникалар қолданылады, шаруашылыққа жаңа тиімді технологиялар енгізілуде. Соның арқасында өнім көлемі де ұлғайып келе жатыр, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 25 жылдың ішінде өңірде шағын және орта бизнестің үлесі еселеп артқан. Осы кезеңде 3 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Құрылыс жұмыстарының көлемі тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда 40 есеге ұлғайған. Тәуелсіздік жылдарында облыстың мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне де қан жүгіріп, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, республикалық маңызы бар 600 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алыныпты. А.Сапаров айтпақшы, «құлайын деп тұрған клубтар мен кітапханаларға, музейлерге» күрделі жөндеу жасалған. Биыл облыс орталығындағы Қазақ сазды драма театрының ескі ғимаратын бейімдеу арқылы, 500 орындық көрермен залының тұжырымдамасы әзірленіпті. Жақын арада жобалық-сметалық құжаттары дайын болатын жобаның құрылысы алдағы жылдың басында басталуға тиіс. Қалыптасқан дәстүр бойынша, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында облыс делегациясы 22 қазан күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Мағжан елінен – елорда төріне» атты гала-концерт өткізбек. Сонымен қатар, осы күні «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда «Өңір берекесі» атты ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі ашылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары айтып өткендей, Қызылжардан 700 тонна азық-түлік тиеген көліктер керуені қазір Астанаға жетіпті. Екі күнге созылатын жәрмеңкеде 700 тоннаға тарта азық-түлік сатылымға шығарылады. Атап айтар болсақ, 90 тонна мал еті, 10 тонна шұжық өнімдері, 24 тонна сүт пен сүт өнімдері, 450 тонна көкөніс және басқа да тауарлар сөреге қойылмақ. Жәрмеңке үшін Қызылжар өңірінің 100-ден астам шаруашылық пен өңдеуші кәсіпорындары өнімдерін жөнелтіпті. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»