25 Қазан, 2016

«Шахтер» төменгі топқа түспейді

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
24-10-16-football_shahter-jetysuФутболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жалау түсіруіне бір тур қалды. 29 қазан күні болатын бұл матчтарда жүлделердің тағдыры шешіліп қана қоймай, жоғары топпен қош айтысатын командалар да анықталмақ. Бір есептен мұның өзі биылғы біріншіліктің тартысты һәм қызғылықты өтіп жатқанын көрсетсе керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын біреу Қарағандының «Шахтері» үшін биыл премьер-лигада қалудың өзі мұңға айналады десе, сенбеген де болар едік. Өкінішке қарай, еліміздің екі дүркін чемпионы бұл маусымда аса күрделі жағдайды бастан өткерді. Ең бастысы, қар­жылық қиыншылыққа тап болған кеншілер командасының құрамында шебер ойыншылар тұрақтамай, олардың орнын ортаңқол футболшылар басты. Әрине, мұндай жағдайдың жасақтың ойын өрнегіне кері әсерін тигізгені анық еді. Абырой болғанда, сенбі күні «Шахтер» Талдықорғанның «Жетіс­уын» қабылдап, 4:1 есебі­мен ұтты. Кездесуде қақпа құл­пын кеншілердің жартылай қорғау­шысы Соке ашты. Бірінші тайм соңында құрама ойыншысы Байжанов есепті 2:0-ге жеткізді. Ойынның екінші бөлігінде Уббинк пен тағы Байжанов мерген­діктерімен көзге түсті. Ал қонақтар жағынан жалғыз голды кездесудің соңғы минутында Азовский соқты. Осы жеңістен кейін ғана кеншілердің  басындағы қауіп бұлты сейіліп, ұжым жоғары топта әупіріммен қалды. Бұл турда екінші «алтылықтың» көшбасшысы «Тобыл» сырт алаңда «Тараздан» 1:2 есебімен жеңілгеніне қарамастан, өзінің 7-орнында нық тұр. Олардың 31 ойыннан кейін 41 ұпайы бар. Оралда «Ақжайықтан» 1:3 есебі­мен ұтылған «Атырау» «Шахтерді» алға жіберіп, 9-орынға тұрақтады. Бұл екеуінің еншісінде 36 ұпайдан бар. Ал көш соңындағы «Ақжайық», «Тараз» және «Жетісу» коман­даларының тағдыры 29 қазанда өтетін соңғы турда шешілмек. Алғашқы екеуінің қоржынында 32 ұпайдан болса, соңғысының 31 ұпайы бар. Бұл күні «Ақжайық» пен «Жетісу» Талдықорған қаласында өзара тайталасқа түссе, «Тараз» өз алаңында қарағандылықтардан қайтсе де басым түсуге бар күшін салады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ