25 Қазан, 2016

Қазақ боксы қалыпты дамып келеді

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
24-10-16-box-kulibaevАлматыда өткен Қазақстан Бокс федерациясының кезектен тыс конференциясы осындай тұжырымға тоқталды. Онда еліміз былғары қолғап шеберлерінің Рио-де-Жанейро Олимпия ойындарындағы өнер көрсетулерінің қорытындылары талқыланып, федерация президентін қайта сайлау үдерісі жүргізілді. Конференцияға қатысушылар федерация пре­зиденті етіп бір ауыздан Тимур Құлы­баевты қайта сайлады. Ол бұл қызметті 2009 жылдан бері атқарып келеді. Осы аралықта құрама боксшылары 2012 жылы Лондонда 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алса, 2016 жылы Риода 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Соңғы жылы федерацияда бірнеше маңызды оқиға орын алды. Мамыр айында Астанада бокстан әйелдер әлем чемпионаты өтті. Жа­рыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 қола медальмен жалпы командалық бірінші орынға шығып, керемет көрсеткішке жетті. Бұдан екі күн бұрын Шу қаласында федерацияның «Тарлан» атты денешынықтыру-сауықтыру ке­­­шені ашылды. Онда балғын бокс­шылар, дзюдошылар, ауыр ат­леттер және таэквондашылар даярланады. Бұл – Тимур Құлы­баевтың тікелей бастамасы­мен Семей, Қызылорда және Түр­кістан қалаларында бой көтерген спорт ғимараттарынан кейін қатарға қосылып отырған осындай төртінші нысан. Соңғы төрт жылдықтың қоры­тынды­сындағы маңызды оқиға ретінде құрама команданың Рио жазғы Олимпиадасында қол жеткізген жетістіктерін де айтуға болады. Ол Данияр Елеусіновтің Олимпиялық ойындардың жаңа чемпионы атануына, сөйтіп, еліміз тәуелсіздік алғалы бері қалыптасып келе жатқан даңқты дәстүрдің жалғасын та­буына апарып ұластырды. Жеңіп алған жалпы медальдар саны жағынан ең жоғары көр­сеткішке жеттік. – Төрешілікке қатысты көпте­ген мәселелер бар, – деп атап көрсетті федерация президенті Олимпиада қорытындыларына тоқтала келіп. – АИБА-ның алда­ғы отырысында осының жайын талқылайтын боламыз. Сіздер Василий Левиттің финалдық шайқасынан кейін қандай шаралар қабылданғанын білесіздер ме, – осы үшін АИБА-ның атқарушы директоры қызметінен қуылды, барлық төрешілер жұмыс­тан шеттетілді. Әлбетте, бұдан біз­ге жеңілдік келе салған жоқ. Де­­генмен, алдағы күн­дерге деген сенім пайда бола бастады. Мем­лекет басшысы Левит пен федерацияның жұмысын ерекше атап өтті, бұл Қазақстан боксшылары сіңірген еңбекті бағалау болып табылады. Мен өзіміздің қазіргі әлеуетімізге қарап, келесі Ойындарда коман­далық есепте екінші орынға таласуға толық мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. Төрешілер жұмысындағы кем­шілік бізде де бар. АИБА-ның вице-президенті болып отырған қазақстандық екі лауазымды тұлға боксшыларымызды реферилер әділетсіздігінен қорғап қала алмады. Осының бәрі біздің келесі олимпиялық цикл барысында қаперімізде жүретін мәселелер болуға тиіс. Бокс федерациясының прези­денті өз сөзінде ұлттық құра­маның бас бапкері Мыр­зағали Айтжановтың жұмысына оң баға беріп, оған және басқа да жат­тықтырушылар тобына табыс, төзімділік және сәттілік тіледі. Тимур Құлыбаев Токиода 2020 жылы өтетін келесі Ойын­дарға баратын жол­да­ғы басты міндеттер ретінде әлем спор­тын­дағы бә­секелестіктің өсуі жағ­дайында кешен­ді-ғы­лыми топ­тардың және жаттық­тыру­шы­лар­­­­дың біліктіліктерін арттыруды атап өтті. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»