25 Қазан, 2016

Жаңа мәдени кеңістік

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елорданың мәдени-рухани өмірі талғамы биік бейнелеу өнерінің бірегей алаңымен толықты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Forte Bank  Астанада қазақстандық суретшілердің шетелде сатып алып, қазақ жеріне қайтарған жұмыстарын ұсынатын Kulanshi Art Space галереясының тұсаукесерін өткізді. Өнердің дамуына қолдау көрсету, сонымен қатар, ел тұрғындарының рухани және мәдени деңгейін жоғарылату мақсатында Forte Bank «Құланшы» заманауи өнер орталығымен бірлесе отырып, Forte Kulanshi Art Space жаңа галереясын ашты. Жаңа өнер ордасы Астана қаласында орналасқан банктің бас ғимаратында орын тепті. Бірегей жобаның жүзеге асырылуына Мәдениет және спорт министрлігі де жан-жақты көмек көрсетті. Ашылу салтанатында көрсетілген топта­маның негізгі бөлігін банк шетелде сатып алып, елімізге қайтарған отандық қылқалам ше­бер­лерінің еңбектері құрайды. Жалпы, Forte Bank Қазақстанға, яғни бұл авторлардың туған еліне, танымал қазақстандық суретшілердің 24 туын­дысын қайтарды. Олардың арасында Ә.Қас­теев, К.Муллашев, А.Степанов, С.Айтбаев, О.Таң­сықбаев, Б.Тәбиев және т.б. ше­берлердің шығар­малары бар. Одан басқа, «Forte Bank Kulanshi Art Space» галереясында негізінен отандық заманауи бейнелеу өнерінің туындыларынан тұратын банктің төл топтамасынан алынған суреттер қойылатын болады. Forte Bank басқармасы төрағасының орынбасары Гурам Андроникашвили айтып кеткендей, жаңа мәдени кеңістіктің ашылу идеясының рухани бастамашысы банктің негізгі құрылтайшыларының бірі, меценат және қоғам қайраткері Болат Өтемұратов болған. Банк Қазақстан мәдени мұрасының дамуы мен сақ­талуына инвестиция жасауды жалғастыра бермек. Сонымен қатар, галерея Астана қаласының оқушылары мен студенттерінің бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру мақсатында елордамыздың білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. «Forte Bank Kulanshi Art Space» галереясының алғашқы жобасы «Мәңгілік мұра» деп аталатын қазақстандық бейнелеу өнері классиктерінің көрмесі болып табылады. Галереяның салтанатты ашылу рәсіміне   Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, «Құланшы» кураторлық кеңесінің төрайымы Лейла Махат, сонымен қатар, шығармашылық зиялы қауым, бизнес, БАҚ өкілдерінен құралған көрменің алғашқы келушілері қатысты.   «Егемен-ақпарат»