25 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
17-mausym-2000-eg2000 *13 маусымда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеге барды. Тараптар кездесуінде халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.* *15 маусымда көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың ғасырлық тойы қаламгердің туған жерінде түйінделді. Мерейтойға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 17 маусым күнгі нөмірінде «Жақсы жанның тойында нұр жауады» тақырыбымен мақала жарияланды. *18-21 маусым аралығында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары өтті. В.Путин Қазақстан Президентінің сапарына Ресейде зор мән беріліп отырғанын айта келіп, өзінің шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын жеткізді. Елбасы сапар аясында ТМД елдері басшылары Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісіне қатысты. *26 маусымда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгияға сапары басталды. Бельгия ко­ро­лі Алберт II мен НАТО-ның бас хатшысы лорд Дж. Робертсонмен, Бельгияның премьер-министрі Ж.-Л. Деанмен, Еуропалық комиссияның президенті Р.Продимен кездесулерде екі жақты және халықаралық қатынастардың көптеген күрделі мәселелері талқыланды. *28 маусымда Қазақстан Президентінің Францияға ресми са­пары басталды. Франция президенті Жак Ширакпен, елдің Премьер-министрі Лионел Жоспенмен, Франция ұлттық жиналысының төрағасы Р.Форнимен кездесулер өткізілді. *3 шілдеде Қарағанды металлургия комбинатында қазақстандық тұңғыш шойын балқытылғанына 40 жыл толды. Оған сол кездегі жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан. Осы оқиғаға орай Президент Н.Ә.Назарбаев Теміртауда болды. *4 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаев Астанада НАТО-ның Бас хатшысы лорд Дж.Робертсонмен кездесті. Келіссөздерде Қазақстан мен НАТО арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасын іске асыру жайттары қарастырылды. Сондай-ақ, осы күні Қазақстанның алдынан аса жарқын көкжиек ашылды: Атырау облысындағы Шығыс Қашағаннан мұнайдың орасан мол қоры табылды. Бұл жаңалықты айдай әлемге Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария етті. *5 шілдеде Душанбеде «Шанхай бестігіне» қатысушы мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтті. *6 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алпыс жастың асқарына көтерілді. Мерейтой қарсаңында Елбасының атына ел азаматтарынан, көптеген елдердің басшыларынан, мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құттықтаулар келіп түсті. *18 тамызда Ялтада ТМД елдері басшыларының кезекті кездесуі болып өтті. Саммит қатысушылары Орталық Азиядағы және Тәжікстанның таулы шекараларындағы жағдайды талқылады. *20 тамызда Бішкекте Орта­лық Азия мемлекеттері­нің басшылары мен Ресей Президентінің кездесуі болды. *23 тамызда Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қорын құ­ру туралы» Жарлыққа қол қойды. *4 қыркүйекте Қазақстан Президенті Лондонға сапар жасап, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Ж.Лемьермен, «BAE Systems» аэроғарыш компаниясының директоры Дж.Вестонмен және Ұлыбританияның экс-премьері М.Тэтчермен кездесті. *6 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші сессиясы шеңберінде Мыңжылдық саммиті ашылып, онда Елбасы «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» тақырыбында баяндамасын жасады. *9 қазанда Ресей Президенті Владимир Путин ресми сапармен Қазақстанға келді. Екеуара сұхбатта ел басшылары экономикалық ынтымақтастық саласында оң үрдістер екі жақтың өзара тиімді әріптестікке ұмтылысының нәтижесінде мүмкін болып отырғанын атап өтті. Келіссөздер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты Ресей мен Қазақстанның көзқарасы ортақ екендігін көрсетті. Аталған сапар шеңберінде екіжақты ынтымақтастық мәселелері де талқыланып, Қазақстанның Астраханьда консульдығын және Ресей Федерациясының Оралда консульдығын ашу туралы келісімге қол қойылды. *10 қазанда Астанада Кедендік одаққа қатысушы елдер – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісі болды. Мәжіліс жұмысына мемлекет басшылары А.Лукашенко, Н.Назарбаев, А.Ақаев, В.Путин және Э.Рахмонов катыс­ты. Мемлекет басшылары Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықты (ЕурАзЭҚ) құру туралы шартқа қол қойды. *11 қазанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге (ҰҚК) мүше елдердің басшылары Бішкекте бас қосты. Ұжымдық қауіпсіздіктің аймақтық күштерін құру туралы шешім қабылданды. 21-kazan-2000-eg*16 қазанда Семейде Ертістің үстінен тартылған көпірді ашу салтанаты болды. Лентасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиған бұл ғаламат көпірдің ұзындығы – 250, биіктігі – 90, ал ені – 35 метр. Көпір үстіндегі алты қатар жолдың әрқайсысының ені 4 метрге жуық. *19 қазанда Түрік Республикасының Президенті Ахмет Неждет Сезер ресми сапармен Қазақстанға келді. Кездесу барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. *20 қазанда Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы басталды. Алғашқы күнгі ғылыми-практикалық конференцияда Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықты береке көбейтер бірлікпен, ырыс көбейтер ынтымақпен бастағанымыз лазым. Дәл осынау киелі Түркістан төрінде, әулие Әзірет Сұлтанның іргесінде өтіп жатқан ұлы думан сондай жалпыұлттық жарастықтың, жаппай арылу мен тазарудың жиынына айналып, жақсы бастаманың басы болғай. Бүгінгі думанда бар болмысымен жарқырай көрінген тату-тәтті көршілестігіміз, туысқандық бірлігіміз, ізгі ниетті ықпалдастығымыз бен ынтымағымыз баянды болғай. Ойлағанымыз оңынан оралып, көздегеніміз көкейден шыға бергей!», деді Президент. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 21 қазан күнгі нөмірінде «Тотыдайын таранған Түркістан барша түркінің рухын жаңғыртуда» тақырыбымен мақала жарияланды.