ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жері толығымен Ресей құзырына өтіп, әдебиет тарихында «зар заман» атауымен белгілі дәуір басталды. Оның әкелген ауыртпашылығы мен кереғарлықтарын ұлы Абай Алтайдан Алатауға дейінгі қалың елі жақсы мен жаманды айырудан қалғанынан көрсе, Алаш қозғалысының басшылары туған халқын оятуды ұлттық идея биігіне көтерді. Қоғам өміріндегі осынау ізденіс пен іркіліс көзіқарақты ешкімді айналып өтпеді. Заманымен бірге есейген, қуанышы мен қасіретін теңдей көрген тұлғалардың бірі Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов еді.
Ескі мен жаңаның, отарлау мен ағартушылықтың ымырасыз күресі басталған тұста – 1891 жылы Ырғыз даласының Аманкөл болысында дүниеге келген Ұзақбай Құлымбетов қиыншылық пен күреске, жеңіс пен шегініске толы тағдыр жолын бастан кешті. Ол кедей шаруаның отбасында өскендіктен, ішкі Ресейдегі іргелі оқу орнында білім алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмады. Әке-шешесінің де сауаты шамалы еді. Алты жанды асырау жалғыз әкеге оңай соқпады, қыста Ырғыз, Қазалы, Ор арасында түйемен жүк тасыса, жазда кісіге жалданып, бала-шағаның нан-пұлын, азын-аулақ малының жем-шөбін даярлады.
Сегіз жасында ауыл молдасының алдына барған Ұзақбай бір мүшелге толғанша діни сауатын толықтырады. Одан кейін үш жыл ауыл мектебінде, төрт жыл Ырғыздағы училищеде, екі жыл Ақтөбедегі педагогикалық курста білім алады. 1912 жылы халық мұғалімі мәртебесімен еңбек жолын бастайды. Ырғыз және Торғай уездерінде 7 жылдан астам уақыт ұстаздық құрып, осында ақпан және қазан революцияларын қарсы алады. Өз қолымен жазған өмірбаянында атап өткендей, 1918 жылдың желтоқсанына дейін ешбір қоғамдық-саяси іс-шараларға араласпай, бала оқытумен ғана шектеліпті. Мектептегі еңбек жолын кейінде былай сипаттаған екен: «Я начал работать с 1912 г. народным учителем. Всего учительствовал 7 лет с лишним, т.е. до декабря 1918 г. Находился за время моего учительствования среди самой гущи киргизской массы и учил их детей, и такое мое положение, отрываясь от города, не получая регулярно газет и литератур, сильно отразилось в моем духовном развитии, т.к. я после чувствовал, мною потеряно почти 50% того, что я получил в 1912 г., когда окончил педагогические курсы».
Дегенмен, сауатты да еті тірі жас жігіт көзге түспей тұрмады. Ғасыр басындағы мұғалімдер қауымының қоғамдағы беделі де жоғары болатын. Қысқасы, 1919 жылдың қарсаңында Ырғыз совдепі Ұ.Құлымбетовті қазақ ауылдарында болыстық және ауылдық кеңестерді құруға жібереді. Осы сапарда Әліби Жангелдинмен танысудың сәті түсіп, саяси бағыт-бағдары айқындады. 1920 жылы большевиктер партиясы қатарына өткен ол 1921 жылдан Ақтөбе және Ақмола губернияларында партиялық және кеңестік басшы қызметтерге жоғарылатылады. 1924 жылдың қаңтар айында алдымен Қазақ
Орталық Атқару Комитетіне, іле-шала бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне мүшелікке өтуі әсте кездейсоқтық емес. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталғанша осы биіктен бір саты төмендеген емес. 1925 жылы өлкелік халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, 1926 жылы Қазақстан халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, бір мезгілде Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, сауда халық комиссары міндеттерін атқарады. Бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде кешегі ауылдық, уездік деңгейдегі балаң қызметкер одақтық мәртебесі бар басшы биігіне көтерілгені де оның қарым-қабілетін көрсетсе керек. 1935 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады. Ұзақбай Желдірбайұлы кеңестік билік жүйесінде айтарлықтай бедел иесі бола алғанын оның екінші ұлына Марат есімін бүкілодақтық староста М.И. Калинин бергенін айтсақ та жетіп жатыр.
Ұ.Құлымбетов 1920-30-жылдары Қазақстанда жүзеге асқан социалистік түбегейлі өзгерістердің бел ортасында жүрді. Ұжымдастыру мен индустрияландыру, мәдени революция мен әкімшілік-аумақтық аудандастыру, әліпби реформасы мен астананы Қызылордадан Алматыға көшіру, денсаулық сақтау мен сауда қызметін ұйымдастыру – осының бәріне тұлғаның қосқан үлесі бар. Әсіресе, бірінші бесжылдық жоспарды түзуге көп күш жұмсады. Қазақстанды аграрлық республикадан индустриалды елге айналдырудың нақты қадамдарын іздестірді. Бұл орайда Риддер кәсіпорындарына, Атбасар мыс зауытына, Ембі мұнайына, тері өңдеу мен тоқыма ісіне ерекше мән берді. 1925 жылы сөйлеген сөзінде... Ембі мұнайын әлі 30 жыл өндіруге болады, түсті металл беретін Риддер кәсіпорындарының маңызы әлемдік деңгейде, ал тері өңдеуде мүмкіншілігіміз мол десе, 1927 жылы алға тартқан мына пайымы әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ: «Ірі мал терісін алсақ, саны 817 мыңға жетеді. Соның 140 мыңын ғана өзіміз іске жаратамыз, бұл 17 проценті ғана. Қалғанының бәрі Қазақстаннан шетке шығарылады. Уақ мал терісінің шығуы –
3,772 мың, осының 130 мыңын ғана істеп шығара аламыз. Бұл 3,6 проценті ғана. Олай болса, уақ мал терісін іске жарату жөнінде өнерлі кәсібіміздің қандай күйде екенін байқарсыздар деймін. Жүннің шығуы 10 мың тонна. Осының 6,4 проценті ғана іске асырылады. Түйе жүнінің шығуы – 1829 тонна, осының 2 процент шамасы істеледі. Міне, осы цифрлардың бәрі де ауыл шаруасының өнімін, әсіресе, малдың өнімін өнерлі кәсібіміздің құшағына ала алмай отырғанына дәлел».
Өнеркәсіпті ілгерілету Қазақстанның экономикалық кіріптарлығын жоятынын бүкпесіз ашық айта алды: «Егер жалпы Кеңестер Одағының өнерлі кәсібімен салыстырғанда біздің өнерлі кәсібіміздің қанша орын алатынын байқасақ, 1,2 процент екен. Мұның ішінде Қазақстанның жерінде болғанымен пайдасын Кеңестер Одағы көретін кәсіп орындары да бар. Міне, бұл өнерлі кәсібіміздің артта қалғандығын, өнерлі кәсіпті шаруашылық өніміне сәйкес келтіру туралы көрсетілген нұсқаудың жүзеге шықпағандығын көрсетеді. Сондықтан, бұдан былайғы біздің міндетіміз – өнерлі кәсіпті өркендету, өркендеткенде алдымыздағы 10 жылдың ішінде өнерлі кәсіп өндірісін 100 процентке жеткізбегенімен, 70-75 процентке жеткізу болу керек. Мұны істесек, шаруашылықтың бұйымын өз орнында іске асырып тауар ғып шаруаның қолына беріп отырсақ, қала мен ауылды жымдастыру ұранын жүзеге асырған болып шығамыз».
Қазақстанның экономикасына нарықтық қатынастарды енгізуге жәрмеңкелер септесетінін жақсы түсінгендіктен, Темірде, Ойылда, Қояндыда, Қарқарада, Қызылордада, Әулиеатада ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге түрлі жеңілдіктер беруді – алым-салықтан босатуды, темір жол мен су көлігінің тарифін төмендетуді, сақтандыру тарифін азайтуды, кеден ісін жетілдіруді көздеді. Іргелес Қытай, Моңғолия мемлекеттерімен сауда қарым-қатынасын дамытуға қадамдар жасады.
Біз Ұ.Құлымбетов Қазақстанның экономикалық өсу болашағын алдын ала егжей-тегжейлі біліп отырды деген ойдан аулақпыз. Оның 1920-жылдарғы баяндамалары мен сөздерінде көлік, оның ішінде теміржол, байланыс, ауыл шаруашылығын механикаландыру айтыла бермейтіні рас. Бұлар екінші бесжылдық соңына қарай тәп-тәуір ілгерілегені тарихтан белгілі. Мәселен, Ұ.Құлымбетовтің пікірінше, 1928-1932 жылдары Қазақстан өнеркәсібінің өнімі 12 млн сомнан 30 млн сомға өсуі керек еді. Нақты өмірде 1935 жылы ол 300 млн сомнан асып түсті.
Қалай болғанда да тұғырлы тұлға Қазақ елінің нұрлы болашағына қалтқысыз сенді. Сенгендіктен 20 жылға жуық өмірін, барлық саналы ғұмырын социалистік идеяға арнады. Бұл сенімінен 1919 жылы ақ гвардияшылар қолына тұтқынға түскенде де, аштарға бөлінген азық-түлікті талан-таражға салды деген жаламен 1922 жылы абақтыға қамалғанда да ажыраған жоқ. 1921, 1925, 1929-жылдарғы партиялық тазалау барысында ақтарға тұтқынға түсу себептері тағы таразыланып, Ұ.Құлымбетовтің кінәсіз екені дәлелденсе де, 1937 жылы маусым айында өткен Қазақстан Компартиясының І съезінде бұл мәселе қайтадан көтерілді. Жақтастар мен қарсыластар пікірталасы ұзаққа созылғанмен, жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 358 дауыс жинаған (қарсы – 75 делегат) Ұ.Құлымбетов Қазақ Республикалық партия ұйымының Орталық Комитетіне мүшелікке өтеді. Алғашқы Пленумда Бюро мүшесі болады.
Тұлғаның ұлтжанды болмысы 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылықта анық көрінді. 1931 жылы Маңғыстау бойынша Саяси комиссия құрылып, оның құрамына Ұ.Құлымбетов кірген еді. Осы комиссияның қызметі арқасында ауа көшу тоқталды, билік тарапынан орын алған бассыздық тыйылды. Халыққа азық-түлік және медициналық көмек көрсетіле бастады.
Алайда, тоталитарлық жүйенің қатыгез теориясы мен практикасын біржолата жою мүмкіншілігі сарқылған еді. Сталиндік қуғын-сүргін ұлттың ұлы перзенттерін баудай түсірді. Алдымен Алаш зиялылары құрбандыққа шалынды. Содан кейінгі кезек большевиктік ұстанымдағы тұлғаларға жетті. 1937 жылғы тамыздың басында Қазақстанның белгілі партия және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов тұтқындалды. Арада 7 ай өткенде, 1938 жылдың 22 наурызында «халық жауы» деген айыппен атылды.
Зұлмат 20 жылға созылды. Құдай қосқан қосағы Әйіш Оспанқызы «Алжирде» (отанын сатқандар әйелдерінің Ақмоладағы лагері) азап шекті. Балалары мен туған-туыстары қорлықпен өмір кешті. Ұ.Құлымбетов 1958 жылы ғана ақталды. Содан бері де алпыс жылға жуық уақыт өтіпті. Елім деген ердің алдындағы қарызымыз бен парызымыз толық өтелді деуге әлі ертерек. Кеңестік жылдарда мерейтойлары елеусіз қалды. Тіпті, партия тарихынан жазылған беделді ұжымдық еңбектерде «ұмыт» қалып жатты. Мәселен, 1984 жылы Қазақстан Компартиясы жанындағы партия тарихы институты шығарған 760 беттік «Очерки истории Коммунистической партии Казахстана» кітабында И.Сталин, М.Калинин сынды көсемдер 9-10 реттен ауызға алынса, Қазақ мемлекетінің 1935-1937 жылдарғы басшысы мүлде аталмағаны тарихқа қиянаттың нағыз өзі.
– «Ештен кеш жақсы». Ондаған жыл бойы қордаланған қарызды қайтаруға әлі де мүмкіншілік бар. Тәуелсіздігіміздің қарсаңында Бекболат Мұстафин, Шолпан Байтұрсынова, Ишанбай Қарақұлов, Мұхтар Шаханов, Надежда Лушникова, Мардан Байділдаев сынды танымал азаматтар, Ырғыз ауданының соғыс және еңбек ардагерлері республика басшылығының алдына осы мәселені қойған болатын. Олар ЖОО-лардың біреуіне, Ақтөбедегі педучилищеге Ұ.Құлымбетов есімін беруді, ескерткішін орнатуды өтінген еді. Бәрі болмаса да бірен-сараны орындалды. Бірақ мұнымен іс біткен жоқ. Ең бастысы – тұлғаның ғылыми келбеті ашылмай жатыр. Әдеби-көркем тұрғыдан тану да кемшін. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Қазақстанның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдары негізінен партия-кеңес қайраткерлерінің ізденістерімен қалыптасқанын ескерсек, Ұ.Құлымбетовтің артында қалған мұрасы арнайы зерттеуді қажет ететінін ұғынамыз. Осы орайда, біздің қосарымыз: қаламынан туған шығармаларын жинақтап, 1-2 томдық кітап көлемінде жариялау қажет-ақ.
Қайраткер ердің есімі халқымен бірге жасай беруі керек.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі