Астанада «Әлем. XXI ғасыр» тақырыбында арнайы жастар сессиясы өтті. «Жас Отан» жастар қанатының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл шараға еліміздің ғана емес, Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Германия, Әзербайжан, Моңғолия мемлекеттерінің жас көшбасшылары қатысты.
Шараның мақсаты – жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің идеяларына халықаралық жастар қауымдастығын жұмылдыру.
– Елбасы Н.Назарбаевтың Вашингтонда жария еткен манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы құжатына айналды. Ол өз елімізде ғана емес, шетелдерде де үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Қазіргі таңда әрқайсымыз және әрқайсымыздың отбасымыз үшін болашаққа деген сенім қажет. Алайда, бұл сенім бейбіт өмірге келіп тіреледі. Себебі, бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесі өте өткір тұр. Бұл жиында біз еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі идеяларын әлем жастарына насихаттауды көздеп отырмыз, – деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов.
Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бұл шара Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өткізіліп отырғанына тоқтала келе, мұндай үнқатысулар тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге сеп болатынын жеткізді. Әлем құбылмалы күйді бастан кешіп тұр. «Экономикада, халықаралық қарым-қатынаста тектоникалық өзгерістер орын алуда. Елдердің басым көпшілігінде экономикалық қарама-қайшылықтар байқалуда. Халықаралық сауда-саттыққа шектеулер, санкциялар енгізіліп, әскери қақтығыстар өрши түсуде. Ал мұндай жағдайда Қазақстан Президенті стратегиялық маңызы бар бастамаларды көтерді. Олар әлем мен адамзаттың болашағы үшін алаңдаушылықтан туған. Солардың бірі – «Әлем. XXI ғасыр» манифесі. Онда Елбасы әлемдік қоғамдастық алдында тұрған қауіп-қатерлерді атап, олардан сақтанудың жолдары мен ғаламдық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын көрсетеді», деді Ф.Қуанғанов. Осылай дей келе, ол әлемнің қауіпсіздік тетігін нығайтуда жастардың халықаралық ұйымдарға да үлкен міндеттер жүктелетінін, себебі, елдердің болашағының қандай болмағы жастардың іс-әрекеттеріне тікелей байланысты болатынын жеткізді.
Ресейдің «Еуразиялық таңдау» халықаралық қоғамдық ұйымының төрағасы Роман Школин бүгінде әлемдік геосаясаттың ракурсын «жасанды» түрде өзгертуге бағытталған әдіс-амалдар кездесетінін, ал олардың алдын алу үшін қауіпсіздікті нығайтудың жаңа тетіктерін ойлап табу қажеттігін атап өтті.
Сессия аясында жастар ұйымдарының өкілдері «Нұр Отан» партиясы басшылығымен кездесіп, әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау үшін әріптестік құру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, «Жас Отан» жастар қанаты мен Түркия және Беларусь Республикаларының жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойылды.
Арнайы жастар сессиясы қорытындысы бойынша барлық халықаралық қоғамдастықтың күштерін зорлық-зомбылыққа қарсы біріктіруге шақырған үндеу қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»