25 Қазан, 2016

Kazakh TV телеарнасы жаңа форматта шыға бастады

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
hfd Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен жаңарған «Kazakh TV» арнасы ресми түрде іске қосылды. «Ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Kazakh TV» телеарнасының жаңа форматқа көшуімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жылы еліміздегі басқа да мемлекеттік медиа құрылымдармен бірге «Хабар» телеарнасының ресурстарын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл реттегі шаралар Елбасының отандық бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыру жөніндегі тікелей тапсырмасы бойынша атқарылуда. Бүгінгі күні біздің алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Солардың бірі елімізді халықаралық деңгейде насихаттауға байланысты. Осыған орай шетелдік аудиторияны қамтыған тұңғыш отандық «Kazakh TV» мен «Білім және Мәдениет» телеарналары біріктіріліп, жаңарған форматта хабар таратуға кірісті. Осылайша, еліміздің саяси-экономикалық және мәдени жаңалықтары әлем назарына кеңінен ұсыныла бастайды»,-деді Дәурен Абаев. Бұл ретте министр «Білім және Мәдениет» телеарнасындағы сапалы контент осы үшін қолданылатынын атап өтті. Ең бастысы - жаңарған телеарнаның хабары шетелдік аудиторияға мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде таратылмақ. «Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телеарнаның аса қуатты құрал екені белгілі. Осыны ел мақсаты, ұлт мүддесіне ұтымды пайдалана білу аса маңызды. Жаңарған арнаның ұжымы бұл міндетті ойдағыдай атқарады деп сенемін»,-деді Д. Абаев. Айта кетейік, министр аталған арнаның ұжымымен кездесіп, жаңа міндеттерді жүктеді. «Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары бір «Kazakh TV» атауымен таралады. Арна Қазақстан тарихы, мәдениет, дәстүр, туралы бағдарламалар көрсетілімін жалғастырады. Арна HotBird 13B, Galaxy 19 және AsiaSat 5 спутниктік платформасының көмегімен қазақ және ағылшын тілдерінде эфирге шығады. Отандық көрермендерге қазақ және орыс тілдерінде спутниктік және кабелдік арналар арқылы қолжетімді болады. Жаңа телевизиялық маусымда арна контенті шетелдік бизнестің келешегі, бизнес және демалыс үшін туристік секторлар мүмкіндігіне тоқталатын, сондай-ақ Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын бейнелейтін тақырыптық блоктарға бөлініп толығады.