26 Қазан, 2016

Тұғыры биік тарлан тарихшы

661 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
manash-kozybaevtyn-85-zhyldygyҰлттық тарихты зерттеп, зерделеу ісіне өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Манаш Қозыбаевтың 85 жылдығына арналған «Академик М. Қозыбаев және Отан тарихын зерттеудің инновациялық тұжырымдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция тек тарихшылардың ғана емес, медицина, экономика, филология секілді жетекші салалардың көшін алға сүйреп жүрген зиялылардың да басын қосты. Конференцияның ұйымдастырушылары – Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы. Қазақстандағы тарих ғылымы­ның дамуы жолында қарымды еңбек еткен, ескі құндылықтардан бас тартып, жаңа құндылықтарды қабылдау мен пайымдау үшін жаңа тұ­жы­рым­дамалық тарихи еңбектер қажет болған Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы онжылдығында отандық тарих ғылымының көшбасында тұрған академик Манаш Қозыбаев ғалым ретінде де, қайраткерлік қырымен де ұлтына адал қызмет еткен тұлға. Қазақ тарихының туын ұстағандардың қатарында қа­жырлы мінез танытып, таластан, айтыс-тартыстан тұратын тарихтың ақ­таңдағын аршып көрсетуде қайсар қарым танытып, көп еңбек сіңірген ғалым бақилық болған соң орны ойсырап қалғандай болғаны да рас. Дегенмен, Қозыбаев секілді ғибратты ғұмыр иелерінің соңынан тарихтың шындығын табандап тұрып айта алатын, отандық тарихты тануда талмай еңбектеніп, өткенді бүгінге сабақтастыратын талапты, талантты тарихшылардың толқыны еріп келеді. Қазақстан тарихының маңдайына біткен біртуар ғалымның атқарған ісін сол үзеңгілес әріптестері, ізінен ерген шәкірттері жарыса әңгімелеп, академиктің адами қырын, тұлғалық қасиетін тұщымды мысалдармен толықтыра түсті. Жиынды тарих ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­ти­­тутының директоры Хангелді Әб­жанов пен экономист-ғалым, акаде­мик Кенжеғали Сағадиев жүргізсе, Ғы­лым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, академик Камал Ормантаев пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов құт­тықтау сөз сөйлеп, академи­ктер Серік Қирабаев, Әлия Бейсено­ва­ естеліктерімен бөлісті. «Академик аманаты және Отан та­рихы» тақырыбы бойынша Х.Әбжанов, тарих ғылымының кан­дидаттары Қайдар Алдажұма­­­нов пен Зирабүбі Төленова «Акаде­мик Қозы­баевтың еңбектеріндегі 1941-1945 жылдардағы соғыс тарихы» және «Қарапайымдылық пен ұқыптылық ұлылыққа апарар жол», тарих ғылымдарының докторлары, профессор Нәбижан Мұхаметхан мен Берекет Кәрібаев «Ака­демик Қозыбаевтың мәдениет концепциясы және мәдениет қауіпсіздігі мәселесі», «Академик Қозыбаев өмірінің көпшілікке беймәлім тұстары туралы» деген тақырыптарда мазмұнды баянда­малар жасады. Конференция аясында академик Манаш Қозыбаевқа байланысты жарық көрген үш кітаптың тұсауын үш академик кесті: Серік Қирабаев, Аманжол Қошанов, Әзімхан Сатыбалдин секілді айтулы академиктер сиясы кеппеген жаңа кітаптардың салтанатын асырып, рәсім жасады. Ғалымның еңбегі мен ерлігін еске алып, ғылыми мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығын атап өткен кон­­ференция қатысушылары жиын со­ңы­нда қарар қабылдап, академик М.Қозыбаевтың ғылыми мұрасын одан әрі тереңдетіп, зерттеуді қажет деп тануды, яғни негізгі жетістіктері мен тұжырымдарын Отан тарихын түзуде толығымен пайдалануды; ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындары­ның әлеуметтік-гуманитарлық пән­дер кафедраларының оқу және ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарының жос­­­парларына ғалымның өмірін, ғылыми-педагогикалық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеуді қосып ұсынды. Бұл өз кезегінде, өмірінің соңына дейін ғылымға адал қызмет еткен Манаш Қозыбаев мұрасының өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісінде қажет екені талас тудырмаса керек. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ