26 Қазан, 2016

Құрыш қалай шынықты?

969 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
panndus-40Өмір жолы тақтайдай тегіс бола бермейтіні бар. Тағдыр талайыңды тап басып болжау да қиын, алдыңнан не күтіп тұрғанын кім білген. Әсіресе, жастық шақта бәрі көңілдегідей болатынына сеніммен өмір сүретінің жасырын емес. «Пандус - ОК» ЖШС директоры Шахан Жолдасбаевтың арманы биік, болашағына үлкен үмітпен қарайтын. Ол да ел қатарлы мектеп бітірді. Қазақ көлік және коммуникация академиясына түсіп, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне ауысып, инженер-механик мамандығын алып шықты. «Спанжан» ЖШС-інде мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Әскерге де барды. Одан келген соң Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда арманшыл жастың айы оңынан туып, алғы күндерге жоба-жоспарлары да жарқын болатын. Жолдастарымен Бурабайға демалуға бара жатып көлік апатына ұшыраған Шахан басына мұндай ауыртпалық түседі деп әсте де ойлаған емес. Жақын маңдағы Макинка ауылындағы ауруханаға жеткізілген оның жағдайы ауыр еді. Елордадан жедел жеткен дәрігерлер бұл жерде күрделі ота жасаудың мүмкіндігі жоқ екенін айтып, реаномобильмен Астанаға әкеліп, бір күннен кейін ота жасапты. Орындыққа отыру мұңға айналды, басын көтеруге зар болды. Мұндай қиямет-қайымды еш адамның басына бермесін. Ақ халатты асыл жандар мен туғандарының аялы алақаны ғана ілгері күнге үміт жібін жалғады. Бір жыл төсекке таңылған жас жігіт сонда да өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Новосібірдегі оңалту орталығына екі-үш рет барды. Ондағы білікті дәрігерлер отаның өте сәтті жасалғанын айтып көңілін демеді, сенімге қанат бітірді. – Екі жылдан кейін қоларбаға отыруға мүмкіндігім келген соң барып, Қытайда емделсем қайтеді деген ой келді. Қасым мен қабағыма қарайтын қарындасым Гүлшахан «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменоваға жолығып, ақыл-кеңес алуға қол жеткіздім. Шыны керек, ол кісі бірлестікте жұмыс істеуге ұсыныс берді. Мен денсаулығыма қарай алмай қаламын ба деп, біраз уақыт бас тарттым. Екінші бір келгенімде: «Сен қысылма, курстастарың да, жолдастарың да сенің халіңді біледі. Жұмыс істесең көңілің бөлінеді, қоларбаға таңылып қалғаныңа төменшіктеп, жасымайсың», деді. Сөйтіп компьютермен жұмыс істеп, «Ютуб» сайт-арнасын аштым. Жобалар жасаумен айналыстым. «Қала – менің көзіммен» деген шағын бейнероликтерді шығарып жүрдім. Біз қаладағы мекемелер мен ұйымдардағы пандус мәселесіне арналған шараға қатыстық. Сонда құрылыс саласының жауапты маманы біздің атап көрсеткен кемшіліктерімізді мойындамай, бәрі сараптамадан өткен деп бой бермеді. Менің ойыма «Не стройте для нас, без нас» деген идея келді. Сөйтіп ғимараттарға пандус орнатумен айналысуға бел будым, – дейді ол. Әрине, бұл шаруаны бастап кету оған оңайға түскен жоқ. Осындай кезде танысы Гүлнар Едігееваның ұсынысымен қоларбаға таңылған жас жігіт осыдан екі жыл бұрын «Атамекен-Стартап» бизнес жобалар байқауына қатысып, «Алтын қыран» халықаралық корпоративтік қайырымдылық қоры ұсынған 2 миллион теңге қайтарымды грантқа ие болады. Байқауға қатысқан 300-ге жуық команданың ішінен таңдалғандардың қатарында болғаны көңілге сенім ұялатты. Оның қасында құрылыс саласында еңбек ететін қарындасы Гүлшахан да жүрді. Өз ісін бастауға мүмкіндік алғанына қуанды. «Пандус-ОК» ЖШС- ін тіркетті. Шаханның мұндай жобасын жүзеге асыруға облыстық кәсіпкерлер палатасы да қолдау көрсеткен. Пандус құрылыстарымен айналысуға рұқсат беретін үшінші санатты лицензия алуға, бухгалтерлік есеп жүргізу, келісімшарттар жасасу мәселесінде де көмек қолдарын созған. – Пандустардың ыңғайлылығын мүгедек жандар ғана тап басып таниды. Ғимараттарға бізбен кеңеспей, пандус салмаған дұрыс. Біз «Не стройте для нас, без нас!» ұранын ұстанамыз. Егер қалада пайдалануға беріліп жатқан ғимараттардағы пандустар мүгедектердің қоғамдық ұйымдары мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылса, бүгінде мұндай мәселе орын алмас еді. Облыста пандус мәселесі түпкілікті шешілді деп айта алмаймын. Мәселен, қазір Ақтөбе қалалық әкімдігінде, қаладағы көптеген аурухана ғимараттары алдында пандус жоқ. Әлі зерттеу керек, бұл бағытта көп жұмыс істеу қажет. Себебі қазір қала ғимараттарында пандустар талапқа сай салынбайды. Пандустардың көлбеулігі тым тік болып келеді. Тіпті көтеріліп келе жатқанда ұстайтын ұстағышы да болмайды. Сөйтіп, өзі қоларбаға таңылған жандардың қимыл-қозғалысына қиындық туады. Әйтеуір, тиісті орындардан сөз естімесек болды деп көзалдаушылыққа барады, – дейді Шахан. «Пандус-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шахан Жолдас­баевтың айтуынша, қазір Ақтөбедегі 130-ға жуық мемлекеттік мекемеде не пандус жоқ, болмаса талапқа сай келмейді. Ол пандустың жобаларын ұсынып, тендерлерге қатысады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті басқа жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда. Бүгінде Шаханды аудандағы тағдырластарының жайы да алаңдатады. Пандус мәселесімен ол Хромтау, Мәртөк аудандарында болып, ондағы мемлекеттік мекеме басшыларымен кездесіпті. Өз жобасын таныстырған.. Қазір ол басқаратын серіктестікте 4 адам еңбек етеді. Осы екі жылдың ішінде 8 ғимаратқа пандус орнатыпты. Биыл да тендерге қатысуда, жұмыс болатын шығар деп үміттенеді. Пандус орнатуға қажетті құрал-жабдықтары жеткілікті. Қалалық әкімдік ғимаратына пандус орнатамыз ба деп үміттеніп отыр. pandus-30Біз оны жігері жасымаған жігіт деп бекер айтып отырғанымыз жоқ Ол 2011 жылдан бері суда жүзу спортынан мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ел біріншіліктеріне ұдайы қатысып келеді. Бір жылдан кейін ел біріншілігінде үшінші орын иеленді. 2015 жылы суда жүзу спортынан үш қашықтықта сынға түсіп, үш бірдей алтын медалға ие болды, суға жүзуден спорт шебері. Ол 2015 жылы «облыстың жыл адамы» атанды. Зайыбы Ләззат Қаршығақызы да осы қоғамдық бірлестікте еңбек етеді. Аяулы анасы Бибатпаның, қарындастары Гүлшахан және Шахираның бұлар дегенде жаны бөлек. Сондықтан да болар өзін қоғамның толыққанды мүшесіндей сезініп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға талабы зор. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді.Тынымсыз еңбек пен үнемі ізденіс оны жаңа идеяларға жетелейтінін сезінген сайын өмірге деген құштарлығы арта түседі. Бұл жігерлі жігіттің өмірлік ұстанымы, алға жетелеген ақ қанат арманы деу орынды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»  Ақтөбе облысы