Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Кез келген елдің ақшасы – оның тұжырымды әрі шынайы шежіресі. Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда өткен «Теңге – тәуелсіз Қазақстанның валютасы» атты конференцияға қатысушылар Қазақстанның көрмеде ұсынылған теңгелерін осындай тұрғыдан қарады.
Ұлттық Банктің көрмесі мен конференциясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілді. Конференцияға 280-ге жуық адам қатысты, олардың ішінде қоғам қайраткерлері, отандық жоғары оқу орындарының, ақша белгілерін өндіру саласындағы шетелдік компаниялардың, Халықаралық банкнот қоғамының, қаржы ұйымдарының өкілдері, нумизматтар қатысты.
Ұлттық валютаның еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болуына қарамастан, ол Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі болып қалуда. Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап ұлттық валютаны қалыптастыру уақыттың еншісінде ғана болды және Ұлттық Банк өткізген конференция құрамдас бөлігі тәуелсіз экономикалық саясатты жүргізу және меншікті ұлттық валютасы болып табылатын ел тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына жаңадан оралуға мүмкіндік берді. Кеңес рубльдерін Қазақстан теңгесіне айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8.00-де басталғанын және 1993 жылғы 20 қарашада сағат 20.00-да аяқталғанын еске салайық. Бұған қиын экономикалық жағдайларда орын алған күрделі жұмыс бастау болды. Теңгені айырбастау да, оның тарихы да табысты ретінде танылып отыр. Конференцияны ұйымдастырушылар да оның негізгі мақсаты ретінде жұртшылықтың Қазақстан тәуелсіздігінің ажырамас белгісі ретінде теңгенің тарихы, мәні мен рөлі туралы хабардар болуын арттыруды атап өтті.
– Теңге – Қазақстан 1991 жылғы желтоқсанда ие болған мемлекетіміз тәуелсіздігінің нышаны. Орнықты ұлттық валютаның болуы кез келген елдің нарықтық қатынастарының және экономикалық тәуелсіздігі дамуының негізгі өлшем-шарттарының бірі болып табылады, – деп атап өтті осы конференция шеңберінде сөз сөйлеген кезде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева. – Қазақстанда меншікті валюта пайда болғаннан бастап тарихтың жаңа кезеңі басталды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан талай сын-қатерден өтті, олардан біз барынша күш-жігер жинап, тәжірибе алдық. Нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып табылады, оның пікіріне құлақ асып, онымен есептеседі. Таяуда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл еліміздің бейбіт сүйгіш сындарлы сыртқы және ішкі саясаты ие болып отырған абыройымыздың белгісі.
Конференция барысында айтарлықтай қызықты баяндама, хабар, ақпарат мәлім болды. Сарапшылар тәжірибе алмасып, тың мәселелер талқылауға түсті. Спикерлердің қатарында халықаралық деңгейдегі ақша өндірісі саласындағы нағыз хас шеберлер болды. Сессияларда DeLaRue, SICPA SA, KBA-NotaSys, LandQart AG, Crane Currency, Giesecke&Devrient, Oberthur Fiduciaire сияқты әлемдік әйгілі компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. Олар ақша белгілерін өндіру саласындағы соңғы үрдістер, банкноттар өндірісінің инновациялық технологияларын ендіру және олардың қорғаныш элементтері туралы, банкнот өндіру саласындағы өзгерістер факторлары және көптеген басқа да мәселелер туралы айтып берді.
– Ақшаның бәріне белгілі экономикалық функциясын қоспағанда, қоғам үшін елеусіз, бірақ өте қажетті бөлігі бар. Бұл –
ақшаның сала әрі ірі индустрия ретіндегі орны, себебі ақшаның қолма-қол айналысы – үздіксіз жұмыс істейтін жүйе, өте қызықты және күрделі үдеріс, –
деді Дина Ғалиева. – Біз ақша белгілерін дайындау және өңдеу саласындағы көптеген көшбасшылармен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Ұлттық валютамен жұмыс істеу барысында Ұлттық Банктің дизайнерлері, сондай-ақ Банкнот фабрикасының және Қазақстан теңге сарайының мамандары ең жоғары халықаралық деңгейдегі бірегей тәжірибе және технологиялық база жинақтады. Мамандарымыздың еңбегі сарапшылардың банкнотттар мен монеталарды өндіру саласындағы наградалармен марапатталды. Біздің банкноттар мен монеталарды өндірудегі жоғары деңгейіміз шет мемлекеттерден олардың ақша белгілерін дайындауға келіп түсетін тапсырыстарымен расталады. Жинақталған әлеуетті сақтап, дамыту үшін біз бұдан әрі ақша белгілерін дайындау саласындағы әзірлемелерді жоспарлы түрде және тұрақты негізде жетілдіре береміз.
Бүгінгі күні теңгенің бірыңғай қатары, ортақ тұжырымдамасы мен дизайны бар, оған көркемдік, сол сияқты технологиялық сипаттағы ұғымдар жатады. Осының арқасында теңге банкноттары мен монеталары түрлі халықаралық конкурстардың жүлдегерлері және жеңімпаздары атанды. Осындай форумдарға қызығушылықпен қатысатын, сондай-ақ Ұлттық Банктің дизайнерлерімен, технологтарымен бірлесіп жұмыс істейтін шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерінің жұмысын, олардың жаңашылдыққа ұмтылысын, ақша белгілерін қорғау бойынша үздіксіз еңбегін жоғары бағалайды.
– Біздің ынтымақтастығымыз сіздердің мемлекеттеріңіз егемендік алып, Президенттеріңіз Банкнот фабрикасын құруға шешім қабылдаған кезде басталды, – деп еске түсіреді 90-шы жылдардың басындағы оқиғаларды Sicpa SA компаниясының өкілі Рудольф Лехотцки. – Мен бұл жерде бірінші күннен бастап болдым – фабриканы салған кезде де, оған машиналар сатып алғанда да жұмыс істедім. Ақшаны басып шығару басталған кезде барлығы жылдам, тіпті өте жылдам болды! Біз бояудың өзін ұшақпен жеткіздік. Жоспарды орындау қажет болды! Біз осының бәрін іске асырдық. Сіздердің Президенттеріңіз машинадан банкноттар басылған алғашқы буманы алған күні мен фабрикада болдым!
Банкнот фабрикасының қазіргі жай-күйін бағалай отырып, сарапшы бұл кәсіпорындағы технологияның Америкадағы, Германиядағы, Швейцариядағы өндірісте қолданылатын технологияларға ұқсас екендігін атап өтті. Қазақстан ақша белгілерін қорғаудың жаңа элементтерін қолданудағы, сынақтан өткізудегі ұмтылысында көптеген әйгілі банкноттардан асып түседі. Ол қазақстандық банкнот жасау мамандарының бәріне белгілі Spark бояуын әлемде алғаш рет қолданғанын еске түсірді.
– Сіздер әлемнің кез келген ақшасын басып шығара аласыздар, – деп қорытындылады сарапшы. – Сіздерде технологиялар, материалдар және біз жасаған соңғы үлгідегі бояудың қолжетімділігі бар.
2013 жылғы мамырда IBNS Қазақстанның номиналы 5 000 теңгелік, Spark белгісі қолданылып шығарылған банкнотын бүкіл әлем бойынша шығарылған жүздеген банкноттың ішінен ең үздік банкнот ретінде таныды.
Әріптесімен KBA-Notasys-тің сату жөніндегі менеджері Михаил Полуянов та келіседі. Бұл компания Банкнот фабрикасы құрылған кезден бері Ұлттық Банкпен де ынтымақтаса жұмыс істеуде.
– Біз жабдықты жан-жақты нақтылауды, машиналарға ғана емес, барлық негізгі өндірістік үдерістерге барлық сервистік қолдау көрсетуді қоса алғанда, ғимаратты таңдаудан, банкноттардың дизайнын айқындаудан бастап ынтымақтасып келеміз, – деді Михаил Полуяков. – Біздің болашақтағы перспективаларымыз – жаңа технологиялар мен қорғаныш элементтері. Ұлттық Банк пен Банкнот фабрикасы заманауи жабдықпен жабдықталғандықтан, біздің жаңа элементтеріміз оңай енгізіліп, Банкнот фабрикасында жасалуы мүмкін.
Ұлттық Банктің дизайнері Меңдібай Әлин көрмеде отандық ақшаны мақтанышпен көрсетті, олардың көбі халықаралық көрмелерде ең үздіктер қатарында танылған. Мәселен, алғашқы награданы Ұлттық Банкке 2006 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнот әкелді. Ол Currency Conference 2007 халықаралық валюта конференциясында «Ең үздік жаңа банкнот» номинациясында жеңіске жетті. 2012 жылғы сәуірде Халықаралық банкнот қоғамдастығының (IBNS) конкурсында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Қазақстанның номиналы 10 000 теңгелік банкноты
ең үздік болып танылды. Содан соң «Күлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1 000 теңгелік ескерткіш банкнот өз наградасын алды. 2014 жылғы мамырда оны Халықаралық банкнот
қоғамдастығы «2013 жылғы ең үздік банкнот» номинациясында атап өтті.
2015 жылғы 1 желтоқсанда айналысқа шыққан номиналы 20 000 теңгелік банкнот та халықаралық сарапшылардың ризашылығын алған болатын. 2016 жылғы наурызда High Security Printing Europe (Бухарест) конференциясында банкнот 2015 жылғы ең үздік өңірлік банкнот болып танылды. Ал 2016 жылғы мамырда Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен Banknote-2016 халықаралық конференциясында ол «Валюта индустриясындағы ең үздік техникалық жетістіктер» (IACA Excellence in Currency Awards) номинациясында ақтық сынға шыққан үш банкноттың қатарына енді. Бүгінгі күндері қазақстандық банкноттарды халықаралық сарапшылар әлемдегі ең үздік қорғалған банкноттар ретінде бағалауда.
– Егер сіздерде банкноттардың жаңа дизайны болып, біздің көмегіміз қажет болса, біз сіздермен тағы да бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді «Oberthur Fiduciaire» компаниясының өңірлік менеджері Уилл Стампер. – Теңгенің жаңа сериясын жасау кезінде біз сіздерге консультант ретінде көмек бере аламыз. Ұлттық Банк – әдеттегі орталық банк емес. Әдетте орталық банктер консервативті болып келеді, тәуекелге бара бермейді. Бірақ Ұлттық Банк – ерекше банк. Сіздер әлемде бірінші болып жаңа технологияны, жаңа элементтерді пайдаланып көруге дайынсыздар. Сондықтан да сіздердің банкноттарыңыз – ең алдыңғы қатарлы банкноттар. Бұл – сіздердің Ұлттық Банктеріңіздің ерекшелігі мен бірегейлігі.
«De La Rue» компаниясының сату жөніндегі өңірлік директоры Дэмиан Квятковский де Қазақстанның инновацияларға бет бұрғанын атап өтеді.
– Қазақстан – технологияларды қабылдау жөнінде әрқашан жетекші орында, – дейді сарапшы. – Бұл сіздердің ақша қатарыңыздан да көрініп тұр. Мәселен, егер бірінші серия дәстүрлі, ағылшын ақшасына ұқсас болса, қазір теңге ашық, Қазақстан мен қазақтардың мінезін көрсетеді. Оларды осылай етіп әдемілік үшін ғана емес, қорғау үшін, төлем құралы халық үшін сенімді болу үшін жасайды. Біздің ынтымақтастығымыз екі жақты да байытуға бағытталған. Біздің компаниямыз тапсырыс берушінің қалауын жүзеге асыруға көмектеседі. Ал олар бізді жақсы іске ынталандырады. Болашақта жаңа дизайндар мен элементтер болады деп ойлаймыз. Әріптестігімізді жалғастырамыз деп сенеміз. Қазір біз Қазақстанның Банкнот фабрикасымен тығыз жұмыс істеудеміз, фабрика біздің тапсырысымыз бойынша үшінші елдер үшін ақша басып шығаруда, себебі сіздердің банкноттарыңыз өте сапалы, өте күрделі және әлемдегі ең үздік банкноттар деңгейінде.
Қазақстандық монеталар да тура мағынасында әлемді жаулап алды. Олар коллекционерлерді жаңашылдығымен, этностық ерекшелігімен және заманауи деңгейде орындалуымен таңғалдырып, нумизматтар қоғамдастығына еніп кетті. Ұлттық Банктің дизайнері Виктор Ивженко қазақстандық монеталарды мемлекеттіліктің маңызды нышандарының бірі болып табылады деп санайды.
Ұлттық Банк монета өнімінің үш түрін: айналыстағы, инвестициялық және коллекциялық монеталарды шығарады.
Айналыстағы монеталар – күнделікті өмірде пайдаланатын монеталарымыз. Коллекциялық монеталар – арнайы соғылған, дайындау кезінде осы монеталарға ерекше қасиет беретін, коллекциялау үшін ерекше қызығушылық тудыратын, күрделі соғу технологиясы мен көркемдік ресімдеу әдістері қолданылатын ұлттық валютаның мерейтойлық, ескерткіш және өзге монеталары.
Инвестициялық монеталар – бағалы металдардан жасалатын және инвестициялау әрі жинақтау объектісі болып табылатын монеталар. Алтын инвестициялық монеталардың «Жібек жолы» деп аталатын алғашқы сериясы 1996 жылы ақпанда Австрия монета сарайында дайындалған болатын.
Бүгінгі күні монеталардың алтыннан 49 түрі, күмістен 187 түрі, нейзильбер қоспасынан 102 түрі және нейзильбер қоспасы мен нибрасс қоспасынан 5 биколорлы түрі шығарылды. Коллекциялық монеталарды Ұлттық Банк 1995 жылдан бері шығарып келеді. Қазақстандық монеталар «Vicenza Numismatica» (Италия), «Монета жұлдыздары» (Ресей), «Krause Publications» (Германия), Монета сарайлары директорларының конференциясы (Австралия, Мексика) сияқты беделді халықаралық конкурстарда 20 аталым бойынша награда алды.
Қаржы жүйесі – тірі организм. Оның әрбір даму кезеңінің өз қиындықтары болады. Олардан айналып өте алмайсың. Орнықтылық қиындықтың болуымен, жүйенің сенімділігімен емес, Үкіметтің, қаржы реттеушісінің алдын алу шараларын қабылдау, тәуекелдерді еңсеру, салдарларды барынша азайту қабілетімен өлшенеді.
Бұл жағынан алғанда Қазақстан тарихының 25 жылдығы мен ұлттық валюта тарихының 23 жылдығы осындай орнықтылықтың үлгісі болып табылады.
Динара ЮСУПОВА