2000
*24 қазанда Парламент палаталарының бірлескен отырысы болды. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын арнады. Елбасы Жолдауда мемлекеттің экономикалық дамуының келешегі, қоғамды демократияландыру талабы, мемлекеттік саясаттың негізі болып табылатын ұлттық қауіпсіздіктің проблемалары туралы жан-жақты қамти айтып, келер жылға нақты міндеттер қойды. «Егемен Қазақстан» газетінің 25 қазан күнгі нөмірінде Жолдау мәтіні жарияланды.
*25 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дания корольдігіне ресми сапармен барды. Дания королевасы Маргрете ІІ-мен, елдің премьер-министрі П.Н.Расмуссенмен кездесулерде екіжақты қарым-қатынастардың түбегейлі мәселелері талқыланды.
*30 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Испанияға ресми сапары болды. Сапар кезінде Мемлекет басшысы Испания Үкіметінің Төрағасы Хосе Мария Азнармен және іскер топтармен кездесті. Сапар нәтижесінде тараптар түрлі салалардағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін қуаттады. Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім және 2000-2003 жылдарға арналған білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы секілді маңызды құжаттарға қол қойылды. «Тальго» компаниясының жүрдек жолаушы пойыздарын пайдаланып, «Алматы – Астана бағыты бойынша жүрдек пойыздардың жүрісін 12-14 сағатқа дейін қысқарту», «Астана қаласының тұрмыстық қалдықтарын алысқа төгуді және экологиялық ахуалын жақсартуды жаңғырту» жобалары үшін мемлекеттік емес заемдарды тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізу сапардың нақты нәтижесі болды.
*1 қарашада Астанаға келген Саудия бекзадасы Сұлтан бин Абдул Әзиз Әл Сауд пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі өтті. Елбасы Саудия королі Фахдтың Астана қаласында Парламент Сенаты ғимаратын салу мақсатына қайтарымсыз 15 миллион доллар бөлмек ниетіне шын ықыласты ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, 1875-1876 жылдары Меккеге барған Құнанбай қажының өз қаражатына тұрғызған ғимаратын тауып, қалпына келтіруге жәрдемдесу жөніндегі өтінішін де айтты. «Біз екі мұсылман мемлекетінің қарым-қатынасын қай салада да дамытуға әзірміз. Қажылық сапарларын ұйымдастырудан да қаржы аямаймыз», деп ақтарыла сөйлеген бекзада Астана мен Қарағанды арасын жалғайтын автокөлік жолын қалпына келтіруге 12 миллион доллар бөлуге келісімін берді. Қарашаның 2-сінде Есілдің сол жақ бетінде Парламент Сенаты ғимаратының қадасын қағу рәсімі болып өтті.
*6 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасы атқарушы билігінің басшысы Первез Мушаррафпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ОЭС) шеңберінде аймақтық ынтымақтастықтың маңызды аспектілерін талқылады.
*15 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияға үш күндік ресми сапары басталды. Ұлыбритания патшайымы Елизавета II Қазақстан басшысын Қазақстанда саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, заңдылық пен демократияны орнатуға, сондай-ақ, жаһандық ауқымда ядролық қаруды таратпау ісіне сіңірген еңбегі үшін «Әулие Михаил мен әулие Георгийдің Үлкен Кресі» орденімен марапаттады. Премьер-министр Тони Блэрмен кездесу барысында Қазақстан экономикасына инвестиция салудан Ұлыбритания әлем елдері арасында екінші орында тұрғаны разылықпен айтылды. Н.Ә.Назарбаев Лондонның Экономика мектебінде дәріс оқып берді.
*18 қарашада Ұлыбританияға жасаған ресми сапарынан қайтар жолда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге соғып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.
*27 қарашада Тиімді ұлттық сақтандыру индустриясын қалыптастыру және оның басым бағыттарын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында сақтандыруды дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
*4 желтоқсанда Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының саммиті өткізілді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 5 желтоқсан күнгі нөмірінде «Тірлік үшін бірлік керек» тақырыбымен мақала жарияланды.
*8 желтоқсанда Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы өтіп, онда «Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың этика кодексі туралы» декларация қабылданды. Құжатта Қазақстан Республикасының кез келген өкілі қатысатын бизнесті жүргізу барысындағы барлық мәмілелер мен операцияларда ең жоғары принциптерді сақтау, Қазақстан заңдарын дұрыс қолданбау немесе айналып өту болып табылатын қандай да бір әрекеттерге бармау, заңсыз немесе қажет емес төлемдерге байланысты әрекеттерге немесе келісімдерге тікелей немесе жанамалай әдейі қатыспау сияқты көптеген міндеттемелер көрсетілген. Мұның өзі уақыт талабынан туған орынды шешім еді.
*13 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев «Хабар» телеарнасы арқылы тікелей эфирде республика халқымен жүздесті.
*15 желтоқсанда Қазақстан халқы Ассамблеясының VII сессиясы болды. Сессияда Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы өз сөзін итальян саясатшысы Кавурдың пікірін бейімдей өзгертіп, «Біз Қазақстанды сомдадық, енді қазақстандықтарды сомдайықшы!» деген тілекпен аяқтады.
*30 желтоқсанда Еліміздің рухани орталығы Алматы қаласында халқымыздың мәдени өмірінде елеулі оқиға болды: Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылда атқарылған қыруар игі істердің бірі осы болды.