Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірі – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін (ЭКСПО) ұйымдастырудың 165 жылдан астам тарихында Қазақстан көрмеге қатысушы мемлекеттерді ең көп тартқан елдің біріне айналғалы тұр. Қазірдің өзінде елордамызда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын әлемнің 105 мемлекеті ресми түрде растады. Өтініш қабылдау одан әрі жалғасуда. Әлі де қатысуға ниет білдіріп отырған елдердің қарасын есептесек, ресми көрсеткіш 110-нан асып жығылатын түрі бар.
«Көрмеге қатысатын елдер саны 110-ға жететін болса, Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу тарихында қатысушы-мемлекеттерді ең көп тарта білген көшбасшы үштіктің қатарына кіреді. Бүгінгі күнге дейін көрмеге қатысатын 140 мемлекетті тартқан Португалия көшбасшы болып табылады. Екінші орынды 121 мемлекетті тартқан Қытай иеленеді. Қатысушы елдердің қарасын 110-ға жеткізіп, Қазақстанның Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің қос ғасырлық тарихында құрметті үшінші орынды иеленетін мүмкіндігі мол», – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Илья Уразаков. Иә, досты сүйсіндіріп, дұшпанды күйіндіріп, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне деген әлем қызығушылығы барған сайын артып барады. Оның сыры неде?
Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 2012 жылы анық ашып берген болатын. 2012 жылы 22 қарашада Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының бас ассамблеясында құпия дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы – Астана Бельгияның Льеж қаласын артқа тастап, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алды. Сол күні Елбасы барлық телеарналар арқылы қазақстандықтарға үндеу жолдап, Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің ел тарихындағы аса айтулы оқиға екенін ерекше атап өтті. «Бұл бәсекеде Астананың жеңісі кездейсоқ болған жоқ. Біріншіден, онымен біздің Астанамыз дүниежүзілік мәні бар шараны қабылдай алатын қала ретінде мойындалды. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қарышты дамуына берілген баға. Бұл шешім Қазақстанның еуразиялық аймағындағы айрықша орнын айқындап отыр. Үшіншіден, біздің пайдамызға шығарылған шешімге «Болашақ энергиясы» деген тақырыптың өзектілігі де әсер етті. Ал ең бастысы, бұл – барлық қазақстандық халықтың жеңісі, еліміздің ерен еңбегінің жемісі», деп атап көрсетті Елбасы дәл сол бір тарихи сәтте. Көп кешікпей Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізудің Ұлттық жоспары жасалды. Осы Ұлттық жоспар аясында халқымыз ұландай ұйысып, төрт жыл бойы ұлттың ұлылығын ұлықтайтын ұлы жобаны іс жүзіне асыруға жұмылуда.
Елордада өтетін ЭКСПО көрмесі беделінің жаһандық дәрежеде танылуына оның «Болашақтың энергиясы» атты заманауи тақырыбының да маңызы зор болды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбының маңызы – бүгінгі күні адамзаттың ең өзекті жұмысына айналған табиғи қуат көздерін тиімді пайдалану мәселесін көтеруінде. Оны шешу қазір көптеген елдер үшін стратегиялық міндетке айналған. Тақырыптың өзінде электр қуатын қолжетімді ету және кедейшілік деңгейін төмендету сияқты планетарлық көлемдегі мәселені шешу жатыр. Ендігі кезекте бүкіл әлемге «жасыл экономика» және экологиялық қауіпсіз даму сияқты тың бағыт қажет. Бұл Мемлекет басшысының елімізді «жасыл экономика» бағытына көшіру жөніндегі бастамасымен үндеседі.
Тағы бір ерекше ескеретін жайт, ЭКСПО – Бүкіләлемдік көрме. Оны өткізу мүмкіндігі елге жүз жылда бір рет қана берілуі мүмкін. Кей елдерге мұндай мерей ғасырлар бойы бұйырмауы да мүмкін. Қазақстан – осындай мүмкіндікке тәуелсіз дамуының алғашқы ширек ғасырында-ақ қол жеткізген сирек елдердің бірі.
Енді санаулы күндерден кейін арайлы Астананың қақ ортасында бой көтерген ЭКСПО қалашығының есігі айқара ашылып, көрмеге қатысу құқығына ие болған мемлекеттер өздеріне тиесілі павильондарды жабдықтау жұмысын қолға алады. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында елордамызда «Болашақтың энергиясы» атты жаһандық мәселеге арналған 25 халықаралық конференция ұйымдастырылады. Елордадағы ЭКСПО көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде көрмеге қатысушы әрбір елдің ұлттық күндері өткізілетін болады. Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық шежіресімен өріле келген ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстанды жаһанға тағы бір паш етсе, еліміз осы бір халықаралық шара арқылы жаңа инвестициялар мен технологияларға тәнті болмақ. ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін рәсіммен бірге Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті салтанат құрмақ.
Жылқыбай
ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»