«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) делегациясы Саудия Корольдігі Жидда қаласында орналасқан Ислам даму банкінің (ИДБ) штаб-пәтерінде ИДБ президенті Д-р Бандар Мұхаммед Әл-Хаджармен және Ислам зерттеу және оқу институты (IRTI), жеке секторды дамыту Ислам корпорациясы (ICD), Халықаралық ислам сауда-қаржы корпорациясы (ITFC), Инвестиция мен экспорттық несиелерді сақтандырудың исламдық корпорациясы, Халықаралық вакуф-қор (WWF) секілді ИДБ-ның еншілес компанияларының басшыларымен кездесті.
Кездесулердің нәтижесінде АХҚО мен ICD аралығында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында ислам қаржыландыру қызметтері, банк ісі, капитал нарығы, активтерді басқару, қаржы технологиялары және адам капиталын дамыту бойынша тәжірбиемен және біліммен алмасу, ынтымақтастықты дамыту көзделген. Бұл – бірлескен кәсіби қаржылық және ағарту бағдарламалары, зерттеулер, семинарлар, квалификацияны арттыру және қызметкерлерді алмастыру бойынша оқу іссапарлар ұйымдастыруды және ынтымақтасып жұмыс істеуді қамтиды.
ICD басшысы Халед Әл-Абуди «Меморандумның мақсаты – қаржылық тауарлар мен қызметтерді кеңейту, оны жеке секторға ұсыну, ICD-ге мүше елдердің ислам қаржы қызметтері индустриясын дамытуға ықпал ету арқылы АХҚО-мен арадағы қатынастарды нығайту», – дейді.
АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов «АХҚО-ның мақсаты ағылшын құқығы негізінде әлемдік қаржы орталықтарындағы халықаралық талаптарға сай Қазақстандағы және аймақтағы қаржы қызметтерінің дамуы мен өсіміне ықпал ету», – деп атап өтті. Сонымен қатар, ол исламдық қаржыландыруы аймақтық орталық ретінде және ислам қаржыландыру институттарының дамуы мен жұмыс істеуі үшін жағымды жағдай жасау да АХҚО басты бағыттарының бірі екендігіне тоқталды, деп хабарлады АХҚО-ның баспасөз қызметі.