Қазіргі таңда Қазақстан Қытайдың әлемдегі ең ірі әріптестерінің бірі болып табылатыны аян. Оның үстіне іргедегі көршілеріміз бұл тұжырымды қуаттауға соңғы кезде тіпті белсене кіріскенін де көріп отырмыз. Үстіміздегі жылдың өзінде Қытай тарабы «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бағдарламасы аясында аса ауқымды жұмыстар атқаруда.
Ұлы Жібек жолы бойындағы замана мүддесін жаңғыртуға бағытталған бұл бағдарламаны бірлескен бағдарлама десе де болады. Бұл мақсаттың жолында Қазақстан іскерлерінен құралған делегациялар Қытайдың экономикалық тұрғыда дамыған қалаларында іссапарларда жиі болса, ол тараптан да дүркін-дүркін бизнес өкілдері Астана мен Алматыға жиі қатынайтын болды.
Алматыда «Doing business with Qingdao. Инвестициялық ынтымақтастық: Қазақстан және Қытай» бизнес-семинары өтіп, оған Алматы қаласы мен Циндао қаласының ірі кәсіпорындарының жетекшілері мен екі елдің сыртқы саяси мекемелерінің өкілдері қатысты.
Шындап келгенде, жоғарыдағы «Бір белдеу – бір жол» бірлескен бағдарламасы ХХІ ғасырдағы ең ірі жобалардың бірі саналады. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» Еуразиядағы инфрақұрылымды дамытуға арналған. Тіпті, қазіргі таңда Қытайдың өзі бірқатар ішкі күрделі мәселелерін «Жібек жолы» бағдарламасы аясында шешіп отыр.
Осы елге аталмыш бағдарлама аясында жолымыз түскен кезде де Қытайдың шығыс экономикалық аймағы өндірістік жағынан өте дамығанын, экспортқа бағытталғанына куә болғанбыз. Егер жоғарыдағы жоба жүзеге асатын болса, Индонезиядан Польшаға дейінгі Еуразия аймағы үлкен өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, саяси сарапшылар да мұндай жағдайда Орталық Азия мемлекеттері жаһандық экономикалық аумақтағы шеткі аймақтардың бірінен орталық дамыған аймақтардың біріне айналатынын болжап, біліп отыр.
Мұндай жағдайда қанша жерден дамыса да, Қытайдың сонау қиырында жатқан Циндао қаласына да бүкіл Орталық Азияны басып өтіп, Батыс Еуропаға дейін қол созғысы келсе, онда «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының шын мәнінде жүзеге асуы ғана септесе алмақ.
Ал оған дейін «Алматы-Циндао» бизнес-семинарына Циндао қаласының Халық өкілдері жиыны (парламент) тұрақты комитетінің төрағасы, яғни қала басшысы Ван Вэньхуа бастаған ірі циндаолық компаниялардың басшылары келгенін айтуға болады. Ал Циндао Қытайдың логистикалық тұрғыда қарыштаған экономикалық орталықтарының бірі, танымал туристік қала екендігін ескерсек, бұл келістің қазақстандық іскерлер үшін де маңызы аз емес.
Біздің тараптан жиынға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Сол сияқты бірқатар бизнес-сарапшылар мен алматылық кәсіпорындардың жетекшілері болды.
Форум барысында «Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің» бас директоры Айдын Байеділов:
– Мұнан әрі қарайғы ынтымақтастықта біздің мемлекеттеріміздің іскерлік байланыстарының мүмкіндігі аса зор болса да, әлі де жоғары деңгейде емес. Мұның бір себебі, Қытайдың әлеуетті инвесторлары үшін, әсіресе, Қытай провинцияларынан келген бизнесмендерге арналған Қазақстан өңірлерінің экономикалық әлеуетінің толық картинасы жоқ, – деді.
Байеділовтің айтуынша, белсенді қарым-қатынастар елдің Қазақстан мен Қытайдың шектесетін аумағымен, яки болмаса шикізат секторымен ғана шектеліп отыр.
Айдын Байеділов форумды қорытындылай келе, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлігін дамыту институтын ашу туралы жоба 2017 жылы жүзеге асырылатындығын атады. Оның айтуынша, бұл жоба бұрынғыдай түрлі қорлар мен қауымдастықтардың қызметін қайталамайды. Яғни, зерттеу институты болады. Болашақта бұл институт жасайтын қолданбалы құрылым қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің қойын-қолтық жұмыс істеуде кетіп жатқан олқылықтардың орнын толтырып, бизнесті жүргізу мәдениетін жолға қойып, өзара түсіністікке жол ашпақ.
Аталмыш институт Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин көздеген міндеттер аясында жүзеге аспақ. Осылайша бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» стратегиялық бағдарламасы өзінің өзектілігін көрсетіп отыр.
Бұдан шығатын қорытынды, екі мемлекеттің іскерлері келешекте аталмыш екі жобаны біріге отырып еңсерсе, онда Ұлы Жібек жолының бойында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын біледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ