Қазақстан әйелдерінің съезі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы алдында ғана емес, халықаралық әйелдер мерекесінің де қарсаңында өткізіліп отырғандығы өте айтарлықтай мәселе. Өйткені, Қазақстанымыздың демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналуында әйелдеріміздің рөлі ерекше зор.
«Ата ұлды тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді қазақ халқы. Сондықтан, Қазақстан тәуелсiздiгi жылдарындағы мемлекеттік гендерлік саясат осы тарихи ұлттық сана-сезімді және салт-дәстүрді қамти отырып жүзеге асырылды.
Иә, мемлекеттің отбасы, әйел мен бала жөніндегі саясаты, ең алдымен, әйелдердің қоғамдағы рөлінен оларға деген мемлекеттің қамқорлығынан басталады десек, өткен жылы ғана 15 жылдығын атап өткен Қазақстан Республикасы Конституциясының 27 бабында «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп баса көрсетілген.
Ал әрбір отбасының арқауы болып табылатын – тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыс мәселелері мемлекеттің назарынан ешқашан тыс қалған емес, Елбасының Қазақстан халқына арналған жолдауларында да бұл мәселелер өз орнын тауып, шешіліп жатты. Мысалы, жас қазақстандықтарға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына жол ашқан «Болашақ» бағдарламасы егемендігіміздің алғашқы қиын жылдарында басталса, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толығымен қамтуға бағытталған «Балапан» бағдарламасы бүгінде іске асырылуда.
«Нұр Отан» партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы алғаш рет тұрғындар арасында «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар акцияларын орналастыру бағдарламасын жасауды тапсырды. Бұл – қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың финанстық құралдармен жаңаша жұмыс істеп, қаражатын көбейтуге арналған, сондай-ақ, өз елінің ірі кәсіпорындарына тікелей қатыстылығын көрсететін озық үлгі. Сондай-ақ, бұл салада Үкімет тарапынан жасалып жатқан шаралар да аз емес, әсіресе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Экономикалық даму және сауда министрліктері үлкен жұмыстар атқаруда. Осы аталмыш министрліктерді әйел адамдардың басқаруының өзі – елімізде гендерлік саясаттың дұрыс жолда екенінің айқын айғағы. Бұл орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жемісті қызметін де атап өту қажет.
Елімізде «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» екі маңызды заңдардың қабылдануы Конституциямызда көрсетілген заң мен соттың алдындағы жаппай теңдіктің ұлттық заңдар арқылы жүзеге асырылуының белгісі.
Аталмыш заңда мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету айтылса, ал 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейіндегі өкілдігін 30%-ға жеткізу көзделген.
Бірақ, осы қағидаларды іске асыру және орындау барысында біз, әйелдер қауымы, сол межеге байыпты, тұрақты әрі сындарлы саясат арқылы келуіміз керек. Яғни, біз өзімізге әрдайым сын көзбен қарай отырып, сол бәсекелестік ортада қойылатын талаптардың бәріне – білім жағынан, кәсіби және ұйымдастырушылық қабілеті жағынан толығымен сай келуіміз керек. Сонда ғана, біз Қазақстанымыздың мемлекеттік, экономикалық, саяси және құқықтық дамуында өз рөлімізді шынайы арттыра аламыз. Меніңше, бұл жерде басты мақсат – жастарымыздың білімін жоғарғы деңгейге қою, интеллектуалды ұлт қалыптастыру.
Әрине, біз, әйелдер қауымы, елімізде болып жатқан саяси мәселелерден тыс тұра алмаймыз, өйткені, Қазақстанымыздың ертеңі – отбасымыздың, ұрпағымыздың – болашағы. Ол болашаққа біз кіммен бірге аяқ басып, кіммен бірге аттанатынымыз - өмірлік маңызы бар мәселе.
Міне, осы және басқа да маңызды мәселелердің барлығы әйелдер съезінде талқыланып, оң баға беріліп, кең байтақ Қазақстанымыздың түкпір-түкпірінен келген әйел азаматтарымыз өздерімен бірге жаңа екпін, жаңа бастама алып, еліміздің игілігі мен Қазақстанымыздың тұрақтылығы үшін экономикамызда, әлеуметтік салада, ғылым мен білімде және мәдениетте үлкен жетістіктер көрсетіп қуантары сөзсіз.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Конституциялық Кеңес мүшесі.