28 Қазан, 2016

Сайлау науқаны ұйымшылдықпен өтуде

624 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
46ca1ebc3fb530760bab7f8754da53ac-jpgҚазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат СӘРСЕМБАЕВПЕН әңгіме – Марат Алданғорұлы, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау қалай та­ғайындалады және бос де­пу­таттық орындардың қа­лыптасу себептері қандай? – Мәслихаттардың 5 жылды құрайтын конс­титу­циялық өкілеттік мерзі­мі аяқталғаннан кейін Орта­лық сайлау комиссиясы тағай­ындайтын кезекті, жал­пы­республикалық сай­лауға қарағанда, мәсли­хаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды тағайындау құқығы облыстық және қалалық сайлау комиссияларына тиесілі. Осындай сайлауды өткізу күні кесімді – не наурыздың соңғы жексенбісі, не қазанның соңғы жексенбісі. Бірақ Ортсайлаукоммен келісім бо­йынша тиісті аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды басқа күнге тағайындауы да мүмкін. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабына сәйкес облыстық сайлау комиссияларының қаулыларымен мәсли­хат­тардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау 2016 жылғы 30 қазанға тағайындалды. Сайлау округтері депутат өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан сәттен бастап босайды. Депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың себептері қандай болуы мүмкін дегенге келсек, депутаттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттық міндеттерін орындаумен жанаспайтын лауазымға сайлануы немесе тағайындалуы; депутатты іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекеті шектеулі деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі; депутаттың қайтыс болуы, депутатты із-түзсіз жоғалған деп тану туралы сот шешімінің не оны қайтыс болған деп жариялау туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі және оның Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы және басқалар. – Ал кандидаттарға қандай талаптар қойылады? – Мәслихат депутаттығына кандидат сәйкес келуі тиіс конституциялық талаптар – бұл кандидаттың дауысқа түскен кезде міндетті түрде 20 жасқа толуы, Қазақстан Республикасының азаматы болуы және Қазақстан Республикасының азаматы тек бір ғана мәслихаттың депутаты бола алатындықтан, басқа сайланбалы органның депутаты болып табылмауы. Сайлау туралы заң кандидатқа басқа да талаптар қояды. Олар – өтелмеген соттылығының болмауы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттың жауапкершілікке тартпауы, 114 295 теңге мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуі және өзі мен жұбайы/зайыбы үшін салық декларациясын тапсыруы. Жоғарыда аталған шарттар сақталған жағдайда, округтік сайлау комиссиясы кандидатты тіркейді және тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін ол үгіт жұмысына кірісе алады. – Қазіргі уақытта кандидаттардың үгіт науқаны аяқталып келеді. Кандидаттар әлеуетті сайлаушыларды көбірек тарту үшін үгіт жүргізудің жаңа әдістерін пайдаланды ма? Мысалы, сайлауға дейін қалған уақытта сайлаушылар кандидаттардың сайлау алдындағы пікірталасына куә бола ала ма? Өңірлерде, оның ішінде саяси партиялар тарапынан осы сайлауға деген қызығушылық қаншалықты жоғары? – Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға деген қызығушылықтың тұрақтылығы туралы статистика айғақтайды. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына 2015 жылғы 29 наурыздағы соңғы сайлауда 59 сайлау округінде 196 адам ұсынылды, яғни бір депутаттық орынға орташа алғанда 3-тен астам адам үміткер. Алдағы сайлауда ұсыну қорытындылары бо­йынша орташа бәсекелестік бос бір депутаттық мандатқа 3-тен аса үміткерді, 30 депутаттық орынға 101 адамды құрап отыр. Осы сайлау науқаны барысында саяси партиялар ұсынған кандидаттардың санына қарай, олардың тарапынан қызығушылықтың артқаны туралы айтуға әлі ерте. Үміткерлердің жалпы санынан тек 30 пайызын ғана саяси партиялар ұсынған, ал 70 пайызын өзін өзі ұсынушылар болып табылады. Бұл қазақстандық азаматтардың белсенділігін білдіреді және алдағы сайлаудың демократиялық көрінісінің көрсеткіші болып табылады. Кандидаттардың үгіт жұмысына қатысты айтар болсақ, жер-жердегі мониторинг деректері бойынша артықшылық уақыт таразысынан өткен үгіт әдістеріне берілетінін көруге болады. Олардың ішінде сайлау алдындағы үгіт плакаттары мен парақшаларын дайындау, сондай-ақ, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында бағдарламалық мақалаларды жариялау жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ол үшін әрбір кандидатқа бюджет қаражаты бөлінеді: 25 000 теңге – үгіт материалдарын шығару үшін және 100 000 теңге – баспа басылымдарында 0,1 бас­па парағы көлемінде екі мақала жариялау үшін. Пайдалану жиілігі бойынша екінші орынды сайлаушылармен кездесулер сияқты үгіт нысандары алады, ал үшінші орында – кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен радио және телевидениеде сөз сөйлеулері. Мұндай сөз сөйлеулер үшін мемлекет, сондай-ақ, кандидаттарға телевидениеден 15 минут сөз сөйлеуге – 80 000 теңге, радиодан 10 минут сөз сөйлеуі үшін 30 000 теңге есебінен бюджет қаражатын бөліп отыр. Ал құны кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есе­бінен төленетін үгіт ма­териалдарын эфирге шы­ғаруға жол берілмейті­нін естеріңізге сала кетейік. Жал­пы, кандидаттың сай­лау қорындағы ақша қара­жа­тының шекті мөлшері 13 715 400 теңгеден аспауға тиіс. – Мәслихаттарға сай­лауды өткізу жөніндегі негізгі жұмыс сал­ма­ғы округтік сайлау комиссияларына түседі. Сайлау науқанының әрбір кезеңін­дегі олардың функциялары қандай, соны айтсаңыз? Бұл жұмысты ОСК үйлестіре ме? Жер-жердегі учаскелік сайлау комиссиялары сайлауды өткізуге қаншалықты дайын? – Сайлау науқанына барлығы 223 сайлау комиссиясы тартылған, оның ішінде 30 округтік және 160 учаскелік сайлау комиссия бар. Округтік сайлау комиссиялары Сайлау туралы заңның 15 және 16-баптарына сәйкес мәслихаттар депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз етеді. Олардың құзыретіне мыналар кіреді: азаматтар мен сая­си партиялардан мәслихаттың шығып қалған депутатының орнына кандидаттар ұсынуға өтініштер қабылдау; кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау; кандидат пен оның сенім білдірген адамдарын тіркеу үшін қажетті құжаттар жинау, оларға куәліктер беру; кандидаттарды тіркеу туралы хабарларды БАҚ-та жариялау. Сонымен қатар, кандидаттарға сайлау науқанын өткізу үшін көзделген бюджет қаражатын бөлу, осы қаражаттың жұмсалуы жөніндегі қаржылық құжаттарды жинау; сайлаушылар тізімдерінің жасалуын бақылау; учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету; учаскелік комиссияларды сайлау бюллетеньдерімен қамтамасыз ету және сайлау округі бойынша сайлау нәтижелерін белгілеу. Осы тізбенің өзі-ақ ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде округтік сайлау комиссияларының мүшелері жүргізген жұмыс көлемінің қаншалықты мол екенін растайды. Сондай-ақ, сайлау уақытында ауқымды ұйымдастырушылық жұмысты аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жүргізеді. Дауыс беруге екі күн қалды. Жер-жердегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары сайлау өткізуге дайын, семинарлар мен тренинг­тер өткізілді, жоғары тұрған сайлау комис­сия­ларының нұсқамалары мен ұсынымдары алынды. Дауыс беруге арналған үй-жайларды сайлау кабиналарымен, тұрақты және тасымалданатын жәшіктермен, қажетті байланыс құралдарымен, көлікпен, компьютерлік және көбейту техникаларымен жарақтандыру толығымен аяқталды, сайлау бюллетеньдері жеткізілді. Ортсайлауком комиссияларға ұйымдас­тырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетеді және олардың қызметін үйлестіреді. Сайлау органдарының басты міндеті – барлық сайлау рәсімдерін еліміздің сайлау заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес түрде өткізуді қамтамасыз ету болып табылады. – Марат Алданғорұлы, осы уақытқа дейін Ортсайлаукомға сайлаушылардан және кандидаттардан қандай да бір шағымдар мен өтініштер түсті ме? Келіп түскен болса, олар қандай шағымдар мен өтініштер? – Қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жөніндегі сайлау науқанына байланысты шағымдар мен өтініштер Ортсайлаукомға түскен жоқ. – Қазіргі сайлау науқанының статистикасынан мысалдар келтіре аласыз ба? – Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау 2016 жылғы 30 қазанда республиканың 30 сайлау округінде болады. Сайлау науқаны барысында барлығы 101 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде 31-ін саяси партиялар ұсынса, 70-і өзін өзі ұсыну жолымен ұсынылды. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттардың шығып қалған депутаттығына кандидаттар ретінде барлығы 96 адамды тіркеді. Тіркелген кандидаттардың көпшілігі – ер адамдар (79 немесе 82,3 пайыз). Әйел адамдар – 17 немесе 17,7 пайыз. Ал 31-і Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады, 48-і партия қатарында жоқ, 17-сі өздерінің партиялық тиесілілігін көрсетпеген. Орта жастары – 41 жас. Кандидаттардың 83,3 пайызының жоғары білімі, 11,5 пайызының арнайы орта білімі, 5,2 пайызының орта білімі бар. Бұл ретте тіркелген кандидаттардың үштен бірі мамандығы бойынша оқытушылар, 18,8 пайызы – инженерлер, 14,6 пайызы – экономистер, 8,3 пайызы – заңгерлер, 6,2 пайызы дәрігерлер. Сондай-ақ, 43,8 пайызы мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері болып табылады, 40,6 пайызы коммерциялық құрылымдарда қызметте, ал 13,5 пайызы саяси партияларда және ҮЕҰ-да жұмыс істейді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»