29 Қазан, 2016

«Алтын жүрек» сыйлығы табыс етілді

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
altyn-zhurek1Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында «Алтын жүрек» сыйлығының 10-шы мерейтойлы салтанатты марапаттау рәсімі өтті. 2007 жылдан бері Қазақстандағы ең қайырымды жандарды марапаттайтын «Алтын жүрек» сый­лығы биыл оныншы рет өтіп отыр. «Бауыржан» қайырымдылық қоры­ның ұйымдастыруымен қолға алынған бұл жоба еліміздің барлық аймақтарын қамтиды. «Мейірімділік жан жылуы бар жерде мекендейді. Сондықтан мен үшін халықтың бұл сыйлық жайлы жылы лебіздерін естіп, қайырымдылық жолында жүрген адамдардың жыл санап артып келетіні қуантады. Биылғы 10 жыл­дық мерейтойлы сыйлық өзінің шынайы алтын жүрек ие­герлерін тапты деп ойлаймын», деп атап өтті «Алтын жүрек» сый­лығының бас үйлестірушісі Гүлзат Сахова. Салтанатты рәсімнің «Жетім балаларға көрсеткен көмегі үшін» атты алғашқы аталымның иегері Рада Хайрушева болды. Қайырым­дылық іспен 2012 жылдан бері айналысып жүрген Рада Хай­рушеваның перзентханадағы жағ­дайы жоқ аналарға түрлі шаралар ұйымдастырып, киім-кешектер жинап беретін бастамасына уақыт өте келе ерікті қала тұрғындары да ат салысып, «Қол ұшы» атты мейірбан жандардан құралған топ құрған екен. Сол уақыттан бері 250-ге тарта әр түрлі жетім бала­ға көмекке бағытталған шаралар өткізілген. «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» атты екінші аталым бойынша «Үміт-Надеж­да» қоғамдық ұйымының басшысы, I топтағы мүгедек Дүйсен­ғали Оспанов марапатталды. Өзді­гінен жүріп-тұру мүмкін­дігі­нен айырылған мүгедек жан­дарға қолдау көрсету үшін 120 мүм­кіндігі шектеулі адамға арнап ұйым құрған Дүйсенғали Оспанов «Полиграфиялық дизайн», «Тігін шеберлігі», «Ағылшын тілі» сынды тегін білім курстарын ұйым­дастырған. «Мен өзге мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын өзім осы жағдайға түскеннен соң түсіндім. Сондықтан, қайырым­дылықпен айналысып, осы жарым-жан адамдардың өмірге деген құлшыныстарын арттыру жолында еңбек етуді мақсат тұттым», деп қуанышымен бөлісті Дүйсенғали Оспанов. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында 35 жылдан астам уақыт бойы медицина саласында қызмет етіп жүрген Ұлмекен Қожасова «Денсаулық сақтау саласына қос­қан үлесі үшін» аталымымен марапатталды. Ол медицинаның бар­лық түрі бойынша тегін қызмет көрсетіп, талай адамды ажал аузынан арашалап қалған жан. Ал «Ардагерлерге көрсеткен көмегі үшін» аталымы Алматы қаласының тұрғыны, 1991 жылдан бері ардагерлер ұйымында ерікті болып жүрген, 2010 жылы «Мирине» атты ұйым ашқан, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне меди­­циналық, әлеуметтік жәр­дем көр­сетіп тұратын Күләш Сарсем­баеваға бұйырды. Қазақ күресінің майталманы Жақсылық Үшкемпіров «Спорт саласының дамуына үлес қосқаны үшін» аталымы бойынша лауреат атанды. Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысындағы «Мыңбаев» елді мекенінде балабақша мен кішігірім жатақхана ғима­ратының бой көтеруіне себепші болған. Сонымен қатар, кәсіпкер ауыл бала­ларына спорт мектебін салып, бүгінде 300-дей жас жет­кіншектің самбо, дзюдо, бокс сияқ­ты спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Олимпиада чемпионы сахна төрін­де тағы бір мәрттік танытып, ар­баға таңылған екі бишіге бір-бір тұл­пар атады. Ал өз қаражатына Шу қаласын­да заманауи екі балабақша салған кәсіпкер Никон Ким «Білім саласына қосқан үлесі үшін» жүлдесіне лайық деп танылды. Жүлделер қатарына кейінгі жылдары ғана қосылған «Қазақ­станның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша Ирландияда қайырымдылық қоры­ның негізін салушы Фиона Коркоран марапатталды. Ол Қазақстанға арнайы келіп Семей қаласында 30 адамға арналған хос­пис құрылысының жүзеге асырылуына себепші болған. Фиона Коркоран бүгінде қазақстандық хоспис тұрғындарына тұрақты түр­де материалдық көмек қолын созып тұрады. Үлкен іске – үлкен марапат демекші, «Мейірбандар клубы» арқылы танымал болған Гүл­мира Әбдірашева «Жылдың қайы­рымды адамы» атағын иеленді. Гүлмира Әбдірашева құр­ған клуб Қазақстанның 7 ірі қала­сында 130 мың еріктінің басын біріктіріп, жалғызбасты қарт жан­дарға, тұр­мысы төмен отба­сылар­­ға, көп­балалы отбасыларға, үй-күйсіз қалған жануарларға қамқорлық көрсетіп, түрлі ауқым­ды шаралар өткізіп жүр. Биылғы жылдың қайырым­дылық жолындағы ең айтулы шараға жиналған қауым елімізге белгілі өнерпаздардың ән-шашуын тамашалады. Ал әнші Роза Рым­баева Шымкент қаласынан арнайы шақырту алған, көз жанарынан айырылған кішкентай қызбен бірге ән салып, бүлдіршіннің арманын орындады. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ