31 Қазан, 2016

АҚШ-тағы сайлау: Трамп неліктен танымал?

454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дональд Трамп сайлау науқанына «Мен ұлы президент боламын!» деп айғай сала келді. Сарапшылардың көбі оны әшейін бір популист санады. Алайда, ол қарапайым жұртшылықтың ықыласына ие болды. 

АҚШ-тағы сайлау: Трамп неліктен танымал?

Республикалық партияның тәжірибелі саясаткерлерін қирата жеңіп, сайлау науқанының шешуші кезеңіне шықты. Саяси тәжірибесі жоқ екендігіне, дау туғызатын мәлімдемелерді жиі жасайтынына, өткен өміріне қатысты ыңғайсыз фактілер жария болғанына қарамастан, Трамптың танымалдығы артумен болды. Мұның себебі не?

Дональд Трамп – жылжымайтын мүлік саласында кәсіпкерлікпен байыған миллиардер. Медиамагнат. 16 кітаптың авторы. Биыл қараша айында өтетін президент сайлауына Республикалық партия атынан қатысады. Егер жеңіске жетсе, саяси тәжірибесі мен әскери мансабы жоқ алғашқы президент болмақ. 2003 жылы ол NBC телеранасында «Кандидат» реалити-шоуын жүргізді. Тосын пікірді дүңк еткізіп қойып қалатыны бағдарлама рейтингін көтерді.

Осы жылдың маусымында Washington Post газеті сараптама жасап, Дональд Трампқа қатысты 3500 сот ісі бар екенін анықтады. Ал PolitiFact.com басылымы Трамптың саяси көзқарастары жиі өзгеріп, бірнеше рет партия ауыстырғанын жазды. Басылымның есептеуінше, Дональд 17 рет өзінің пікірінен бас тартқан. Сонымен қатар айтқандарының 75 пайызы өтірік екені дәлелденген. Дегенмен, жұртшылықтың көңілі Трампқа ауды. Сайлау науқаны жаңа басталған кезде лидерлер қатарында болған республикалық Бен Карсон өмірбаяндық кітабындағы өтіріктері анықталған соң беделі төмендей бастады. Ондай фактілер мен пікірлер Трамптың танымалдығына көмектеспесе, нұқсан келтіре алмауда.

The Guardian, Washington Post, ВВС сияқты басылымдар республикалық кандидаттың бұл табысының сырын түсіну мақсатында зерттеулер жасады. Соларды сараптап көрсек. Біріншіден, соңғы елу жылда АҚШ-та билікке деген сенім азаюмен болған. Адамдар қағидалары сіресіп қалған, бағдарламалары жаттанды саясаткерлерден жалыққан. Көпшілігі Трампты саясаткер болмағаны үшін де ұнататынын айтыпты. Сонымен қатар сайлауалды компаниясын Трамп өзі қаржыландырады, сондықтан оны бақылау мүмкін емес деген де пікір басым.

Екіншіден, халық қиын сұраққа оңай жауап алғысы келеді. Мысалы, Трамп мигранттарға тосқауыл қою үшін Мексикамен арада қорған сала салу керек дейді. Іске асыру оңай болмайтынын біле тұра, халықтың көкейінде жүрген мәселелерге оңай шешім ұсынады. Үміттендіреді. Зерттеулер Трампты жақтаушылардың көпшілігі жоғары білімі жоқ адамдар екенін айтады. Олар өздерінің жұмыс орындарына таласатын иммигранттарды ұнатпайды. Сол себепті Трампты жақтайды.

Үшіншіден, оның бизнестегі тәжірибесі адамдарға сенім береді. 2016 жылы Forbes оның капиталын 3,7 млрд, ал Bloomberg 3 млрд долларға бағалаған. Ең бай американдар қатарында ол 156 орында, әлемдік рейтингте 496 орында тұр. Сондықтан сайлаушылары Трамп елде жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы көтереді деп сенеді. Би-би-си жүргізген сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Трампты бизнестегі жетістігі үшін құрметтейтінін айтқан.

Төртіншіден, ол басқалар айтуға қорқатын, бірақ халықтың көкейіндегі нәрселерді айтады. Француздарда «Адамның қиялын бұзған адам – жауы, ал дөп басып айтқаны – сүйікті басшысы» деген сөз бар екен. Трамп көбіне фактілер мен логикалық аргументтерді риторикаға алмастырып сөйлейді. Ал жақтастары оны шыншыл саясаткер деп біледі.

Бесіншіден, элита халықты кінәлайды. Трамп та элитаға қарсы. Либералдардың ашу-ызасын туғызатын пікірлер айтады. Сондықтан қарапайым адамдар оны қолдайды. АҚШ-та 45-ші президент сайлауы 8 қараша күні өтеді.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"