31 Қазан, 2016

Бүгінгі күннің маңызы қандай?

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
31 қазан – Халықаралық үнемдеу күні. 1988 жылдың 27 қазанында Милан қаласында әлемнің 29 елінің жинақ кассаларының өкілдері  өздерінің тұңғыш халықаралық конгресін өткізді. Жиын 3 күнге созылды. Конгресс жұмысының соңында 31 қазанды «Халықаралық үнемдеу күні» (International Saving Day) ретінде  жыл сайын атап өту туралы шешім қабылданды.  Осылайша, 31 қазан «Халықаралық жинақтау күні» деп белгіленді. Бірақ бастамашылар бұл күнді ақшаны ғана емес, уақытты, күш-жігерді, заттарды, суды, энергияны үнемдеумен, оларға ұқыпты қараумен де байланыстырғысы келді. Өйткені, үнемдеудің ауқымы кең. 1989 жылы БҰҰ 31 қазанды Халықаралық үнемдеу күні ретінде ресми түрде бекітті. Содан бері бастап бұл күнді ұйымға мүше елдердің барлығы атап өтеді. Біздің елде үнемдеуге көзқарас қандай? Үнемдеу шаралары жүргізіле ме? 28 қазанда еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі «Шымкентцемент» АҚ арасында «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үш жақты келісімге қол қойылды. Оған сәйкес «Шымкентцемент» бес жылдың iшiнде өнім бірлігіне шаққандағы энергия тұтыну үлесін кемiнде 15%-ға төмендетуі тиіс. Сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия сыйымдылығының ІЖӨ 25%-ке дейін төмендету бойынша нақты мақсаттар қойылған. Ләйла Еділқызы, «Егемен Қазақстан»