31 Қазан, 2016

Миссия инфрақұрылым әлеуетін бағалайды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссия (ИНИР миссиясы – Integrated Nuclear Infrastructure Review) басталды. 7-қарашаға дейін жалғасатын шараға орай Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдерімен және сарапшыларымен кездесті. Жеті күндік жиын Қазақстан Республикасы мен аталған агенттік арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жоспар аясында ұйымдастырылған. «Әлемдік маңызы бар ИНИР миссиясы, бір сөзбен айтқанда, атом энергетикалық бағдарламасын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды кешенді бағалау. Оның негізі мақсаты АЭХА-ға мүше мемлекеттің атом энергетикасы саласында инфрақұрылымын дамытуға және оны жүзеге асыруға көмек көрсету болып табылады. Бағалау ұлттық ұстаным, ядролық қауіпсіздік, қаржыландыру нормативтік құжаттарды шолу сынды он тоғыз өлшем бойынша жүргізіледі. Біз өңірлердегі нысандарға бармаймыз. Дегенмен, Қазақстанның осынау миссия қарсаңында әзірлеген өзін-өзі бағалау есебіне назар аударатын боламыз», деді АЭХА Атом энергетикасы департаменті Ядролық энергетика бөлімінің директоры, делегация басшысы, доктор Дохи Хан. Ал баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев «Миссияның пайдалы тұстары көп. Біз өзіміздің инфрақұрылымымызға шынайы баға жасап, атом энергетикалық даму және жүзеге асырылып жатқан ядролық инфрақұрылым бағдарламаларымызды түсінгіміз келеді», деді. Ал «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық отын циклі және өндіріс жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраевтың айтуынша, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері бүгінге дейін 21 мемлекетте болған. Енді, ИНИР миссиясы бір апта ішінде атом энергетикасын дамыту бөлігіндегі Қазақстан инфрақұрылымының жай-күйін зерттейді. Оның жұмысына министрлікпен қоса, Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК», «Самұрық-Энерго», «KEGOC» акционерлік қоғамдары мен «Қазақстанның ядролық қоғамы» өкілдері қатысады. Сондай-ақ осы күндері АЭС қауіпсіздік жүйесі және құрылысын қаржыландыру, заңнамалық-құқықтық қорды дамыту, қоршаған ортаны қорғау, электр желілерінің дайындығы, білікті кадрларды дайындау және өзге де мәселелер талқыланбақ. Мамандардың мәліметінше, АЭХА сарапшыларының оң шешімі еліміздің ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту және күшейту жөніндегі ұлттық жоспарын жаңартуға мүмкіндік береді.  
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20